Тігін тігу ісін бала күнінде анасынан үйренген. Содан бері қолынан ине-жіпті тастамай келеді. Ал аяқкиім тігумен тек хобби ретінде айналысып, бастапқыда ағайын-туыстарының тапсырысын орындап жүрген. Кейіннен бұл ісін тұрақты кәсіпке айналдыруға бекініпті.
«Кәсіп бастау оңай емес. Оған тәуекел де, тіпті қаржы да керек. Сондықтан аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандарынан, «Атамекен» ҰКП-ның өңірлік филиалынан кеңес алып, бизнес-жоспар құрдым. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 1 млн 380 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз қаржыға қол жеткіздім. Тігін мәшінкесін, өзге де құрал-жабдықтарды сатып алып, шағын шеберхана аштым», дейді Жанаргүл.
Ол аяқкиімнің сапалы болғанын қалайды. Сол себептен сапалы жіпті Иран мен Түркиядан тапсырыспен алдырады.
«Келінім өзім секілді қолөнерге жақын жан. Үйден ұлттық нақышпен көрпе тігеді. Оның бәрін тапсырыспен жасайды. Өзім бір күнде 2-3 жұп аяқкиім дайындаймын. Бағасы – 5 мың теңге. Енді балаларға арналған жабық үлгідегі аяқкиімдерді тоқуға көшемін», дейді Ж.Аманғалиева.
Оның айтуынша, аяқкиімнің базар мен дүкенде сатылатын түрлерінен бірнеше ерекшелігі бар. Біріншіден, аяқты терлетпейді. Екіншіден, иіс шығармайды. Үшіншіден, бұл аяқкиім жуған соң өңін бұзбайды.
Атырау облысы