2023 жылдың бірінші жартыжылдығында екінші деңгейдегі банктердің жеке тұлғаларға жаңадан берген қарыздарының көлемі 2022 жылдың бірінші жартысымен салыстырғанда 13,4 пайызға ұлғайып, 5 993,2 млрд теңгені құраған. Мерзімі өткен берешегі 90 күннен асатын қарыздардың үлесі – 5,5 пайыз немесе 519 млрд теңге. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бізге берген дерегіне қарасақ, тұтынушылық кредит беру нарығының көшбасшылары – Kaspi Bank (тұтынушылық портфелінің жалпы сомасының 33 пайызы) пен Halyk Bank (23,9 пайыз).
Халыққа ұсынылған банк секторының кредиттері негізінен еліміздің ірі қалаларында – Алматы (28,3 пайыз) және Астанада (16,9 пайыз) шоғырланған. Оның ішінде ипотекалық қарыздар портфелі ірі экономикалық орталықтарға да тиесілі: Астана қаласы (29,8 пайыз), Алматы қаласы (24 пайыз) және Қарағанды облысы (6,3 пайыз).
Әрине, тұтынушылық займ сегментінде ЖТСМ-нің маңызы өте үлкен. Қазір ЖТСМ-нің шекті мәні – 56 пайыз.
«Бұл мән Ұлттық банк басқармасының 2012 жылғы қаулысымен белгіленді және содан бері өзгерген жоқ. Осыған байланысты кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша мөлшерлемелерді шектеу үшін агенттік нарықтық жағдайларға байланысты кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша ЖТСМ-нің шекті мәнін реттеуді ұсынады. Осылайша, ЖТСМ-нің шекті мәнін есептеуді пайыздық маржа, тәуекел үшін сыйлықақы, операциялық шығыстар және қорландыру құны сияқты 4 фактордың деңгейіне байланысты жүзеге асыру ұсынылады. Агенттік жоғарыда аталған факторларға байланысты кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша ЖТСМ-нің шекті мөлшерін қайта қарауды жоспарлап отыр», делінген берілген жауапта.
Еске сала кетсек, осыған дейін кепілсіз тұтынушылық қарыздар үшін ЖТСМ мөлшерін 56 пайыздан 40 пайызға дейін төмендету туралы ұсыныстар айтылған еді.
Айта кетейік, ЖТСМ – несие төленетін мерзім кезіндегі клиенттің банкке төлейтін барлық сомасының жиынтығы. Оған сыйақы мөлшерлемесінен бөлек комиссия, сақтандыру, бағалау, делдалдар қызметі және кредитордың басқа да төлемдері кіреді. Сарапшылардың айтуынша, кепілсіз тұтынушылық несие үшін ЖТСМ-нің төмендетілуі – азаматтар үшін тиімді болғанымен, қаржы институттары үшін ұнамсыз бастама.