Сұхбат • Бүгін, 08:50

Мәдени кодтың тамыры терең

10 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ұлттық киім – халықтың рухани болмысын, тарихи жады мен дүниетанымын бойына сақтаған ерекше мәдени құндылық. Ол – тек денені жабатын тұрмыстық бұйым емес, ұлттың болмысын танытатын көркем тіл, ғасырлар қойнауынан жеткен мәдени код. Қазақ халқының ұлттық киімі де дәл осындай терең мәнге ие. Әрбір шапанның қатпарында, камзолдың кестесінде, бас киімнің биіктігі мен пішімінде халықтың өмір салты, эстетикалық талға­мы, табиғатпен үндескен философиясы көрініс табады.

Мәдени кодтың тамыры терең

Көшпелі өмір салтын ұстанған қазақ халқы үшін киімнің ың­ғайлылығы мен табиғилығы ерекше маңызды болды. Ұлан-ғайыр даланы мекендеген жұрт табиғаттың құ­был­малы мінезін жақсы білген. Сондық­тан киімдер көбіне жүннен, киізден, былғарыдан, аң терісінен, жібектен тігілді. Бұл материалдар адамды қыстың қақаған аязынан да, жаздың аптап ыстығынан да қорғап, сонымен бірге киімге ерекше сән мен салтанат берді. Қазақтың шапанының кеңдігі, камзолдың нәзік кестесі, тымақтың жылы пішімі – барлығы да ғасырлар бойы жинақталған тәжірибенің нәтижесі.

Ұлттық киім қазақ қоғамында әлеумет­тік мағына да атқарды. Ол адамның жасын, отбасылық жағдайын, қоғамдағы ор­нын білдірді. Мәселен, қыз баланың үкілі тақиясы – жастықтың рәмізі болса, келін­нің кимешегі – аналық мәртебенің бел­гісі. Ал ұзатылған қыздың сәукелесі – қа­зақ мәдениетінің ең көркем әрі ең мағы­­налы киімдерінің бірі. Сәукеле – қыз­­дың жаңа өмірге қадам басуын ғана емес, екі әу­лет­тің байланысын, қоғамдағы дәстүр­­лі құнды­лықтардың сабақтастығын білдіретін рәміз.

Қазақтың ұлттық киімі ою-өрнек арқылы да ерекше мәнге ие. Әрбір өрнек – халық дүниетанымының көркем көрінісі. «Қошқар мүйіз» – молшылықтың белгісі, «бота көз» – сұлулық пен нәзіктіктің нышаны, «ирек» – өмір жолының үздіксіз қозғалысын білдіреді. Оюлар халықтың өмір философиясын бейнелейді.

Алайда уақыт ағымы мен жаһандану үдерісі көптеген ұлттық мәдениет сияқты қазақтың дәстүрлі киіміне де әсер етті. Бір кезеңде ұлттық киім күнделікті өмірден алыстап, көбіне мерекелік немесе сахналық элемент ретінде ғана сақ­талып қалғандай көрінді. Бірақ кейін­гі жылдары ұлттық мәдениетке де­ген қызығушылық қайта жанданып келеді. Бұл әсіресе сән әлемінде айқын байқалады.

ш

Ұлттық стильді заманауи сәнмен үйлес­тіріп жүрген сондай дизай­нерлердің бірі – Тәрбия Айдымбаева. Сән саласының сұлуымен ұлттық киімнің бүгінгі қоғам­дағы орны туралы аз-кем пікір алмасқан едік.

– Қазіргі жастар арасында ұлттық киімге деген қызығушылық артып келе жатқандай. Сіздің ойыңызша, ұлттық киімнің бүгінгі қоғамдағы рөлі қандай?

– Ұлттық киім – бұл жай ғана сән емес. Ол – халықтың рухани жадын сақтайтын мәдени код. Әрбір оюдың, әрбір пішімнің астарында ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетаным жатыр. Егер сол мағынаны түсіне білсек, ұлттық киім бүгінгі заман үшін де өте өзекті болады.

– Кейде ұлттық киім тек мерекелерде ғана киілетін сәндік элемент сияқты қабылданады. Бұл көзқарасқа қалай қарайсыз?

– Меніңше, ұлттық киім музейде тұратын жәдігер болмауы керек. Ол өмір сүруге тиіс. Біз дәстүрді құрметтей отырып, оны қазіргі заманмен үндестіруіміз қажет. Камзолды немесе шапанды бүгінгі сәнмен үйлестіріп киюге әбден болады. Сол кезде ұлттық киім қайтадан күнделікті мәдениеттің бір бөлігіне айналады.

– Демек дәстүр мен жаңашыл­дықтың үйлесімі маңызды дейсіз ғой?

– Дәл солай. Дәстүр дегеніміз – қатып қалған форма емес. Оның ішкі рухын сақтай отырып, жаңа заманның тілімен сөйлету керек. Сонда ғана ұлттық мәдениет өміршең болады.

Иә, дизайнердің бұл ойы бүгінгі мәдени үрдіспен үндеседі. Қазір жастар арасында ұлттық нақыштағы киімдерге деген қызығушылық артып келеді. Камзолды заманауи көйлекпен үйлестіріп кию, ұлттық оюлы шапанды сәндік элемент ретінде пайдалану, тақияны күнделікті стильге қосу – мұның бәрі ұлттық мәдениеттің жаңаша тыныс алып жатқанын көрсетеді. Аталған құбылыс тек сән әлеміндегі тренд емес, ұлттық сананың жаңғыруының белгісі. Жаһандану дәуірінде әр халық өзінің мәдени ерекшелігін сақтауға ұмтылады. Ал ұлттық киім – сол ерекшеліктің ең көрнекті көріністерінің бірі.

л

– Мен өз жұмысыма, шығармашы­лығыма «көне мен жаңаның тоғысуы» деп анықтама беремін. Неге? Өйткені әрбір киім үлкен ізденіс, тарихи терең білімге негізделіп тігіледі. Сөйте тұра көне стильде, ескі сарында қалып қоймай, оны бүгінгі заманға сай, күнделікті қолданысқа ыңғайлы етіп жасауды да қаперден шығармаймыз. Жеңіл принтті жасалған ою-өрнектер әлемдік трендтерге лайықты болғандықтан, әрі сол арқылы ұлттық киімдерді күнделікті қолданысқа енгізу жеңілірек екендігін ескеріп, болмыс пен заманды ұтымды үйлестіруге ұмтылып келеміз. Бүгінгі заман талабына сай сәнді киімдер тігуге басымдық беріп жүрміз. Әрине, сахналық костюмдерді де тігеміз. Сонымен қатар күнделікті қолданысқа ыңғайлы киімдерді де тұты­нушыларға ұсынып келеміз. Бағасы да нарыққа сай. Біздің киімдерді қалта көтереді. Шүкір, қазір ұлттық киімдерге деген сұраныс жоғары. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы да әр сөзінде ұлттық киімнің құндылығына баса назар аударып келеді. Мені сол қуантады. Табысым жүреді дегендіктен емес, қазақтың табиғатына, құндылығына жақындап келе жатқанына жаным жадырайды. Мен әрдайым ұлттық киім біздің абыройымыз деп айтамын, ол – біздің мақтанышымыз. Ең әдемі киім – ұлттық киім. Неліктен? Мысалы, бір керемет дүниежүзілік брендті алайықшы. Америка, Испания, Италия, дүниежүзінде қаншама ел бар. Кез келген еуропалық үлгідегі брендті киюіңіз мүмкін. Бірақ дәл ондай киім сізден басқа тағы біреуде де болуы ғажап емес қой. Ал сіздің ұлттық киіміңіз дүниежүзі бойынша сіздікі ғана. Ұлттық киімді киіп шыққанда адам жігерленеді. Себебі ол – өзінің тарихы, бет-бейнесі, ата-бабадан қалған мұрасы, төл табиғаты, деп Тәрбия ханым әңгімесін түйіндеді.

Шынымен де философиялық тұрғы­дан қарағанда, ұлттық киім – уақыт пен кеңіс­тікті жалғап тұрған мәдени көпір. Ол өткен дәуірдің рухын бүгінгі ұрпаққа жеткізіп, болашаққа жол сілтейді. Әрбір камзолдың кестесінде, әрбір шапанның оюында халықтың тарихы, дүниетаны­мы һәм эстетикалық әлемі сақталған. Сондықтан ұлттық киімді дәріптеу – тек сән мәселесі емес. Ол – мәдени жадты сақтау, ұлттық болмысты тану, рухани тамырға қайта оралу. Дәстүрді дәріптеген ұлттық киім – қазақ халқының өткенін бүгінмен жалғап тұрған алтын арқау, ұлт рухының көркем айнасы.

Соңғы жаңалықтар

«Балуан тас сапары» басталды

Аймақтар • Бүгін, 10:22

Мәдени кодтың тамыры терең

Сұхбат • Бүгін, 08:50