Суретті түсірген автор
Әнеугүні тау қойнауындағы «Жанат» сауықтыру кешеніндегі бұғышыларға бұрылып, мүйіз кесу жұмыстарын көріп қайтқанбыз. Жалпы, Катонқарағай ауданында бұғы баққан шаруалар кеңес үкіметі тараған соң күрт кеміп кеткен. Қазіргі уақытта ауданда 5 мыңдай ғана бұғы-марал қалған. Ал мемлекет тек былтырдан бастап субсидия төлей бастапты. Жалпы, ішкі туризмнің әлеуетін арттыру үшін бұғышыларға қолдау көрсетілуге тиіс. Неге десеңіз, Алтайға ат арытып алыстан келетін туристердің көбі бұғы бұлаудың кереметін көргісі келеді. Сорпасына түсіп, ем-домын қабылдайды. Бұл үшін сауықтыру кешендеріне ай бұрын емес, жыл бұрын хабарласып, брондап қояды.
«Катонқарағайға жылда келіп, мүйіз моншаға түсемін, ем қабылдаймын. Әсері ерекше. Өзімді жеңіл сезініп, анадан жаңа туғандай болып қаламын. Тіпті жылына екі рет келетіндер де бар екен», дейді сонау Маңғыстау өңірінен келген Бекзат Ибрагимов.
Қалай дегенмен, бұғы – түздің жануары. Үркек келеді. Сондықтан да беткейлерде еркін жайылып жүрген тағыларды тар қоршауға қамап, мүйізін кесу біз ойлағандай оңай шаруа емес. Таң бозынан атқа қонған жігіттер мүйізі шаңырақтай бұғыларды қуып әкеліп, алаңқайдағы қоршауға қамайды. Сол жерден мүйізі пісіп-жетілді-ау дегендерін іріктеп, сырғауылдан көтерілген дәлізге қарай бағыттайды. Айдағанға кіре салатын жануар қайда? Аядай жерде жаны қысылса, атты адамның үстінен қарғып кетуге әзір. Бұғы қуатын ат та, атқа қонған жігіт те жүректі болуы керек.
«Бұғы бағу төрт түлікке қарағанда қиындау. Ерекше күтімді қажет етеді. Қыста жем-шөбін шашып, жазғы үш айда мүйіз кесу жұмыстарымен айналысамыз», дейді бұғышы Ержан Дәулетбаев.
Сөйтіп, мүйізі кесуге жарамды бұғыларды жан-жақтан қаумалап, сырғауылды дәлізге қамайды. Бұл жерге кірген бұғы қалай бұлқынғанымен, кері шығуы мүмкін емес. Осы сәтте демалушылар, ем алушылар аяңдап, мүйіз кесіп жатқан қоршауға қарай жақындайды. Бұғышылардың бірі мүйіз кесумен айналысса, енді бірі тұқылдан тамшылаған қанды стақанға құйып, демалушыларға ұсынады. Енді бірі кесілген мүйіздерді атқа өңгеріп, мүйіз қайнататын қазандыққа қарай беттейді. Айта кетерлігі, қазіргі кезде мүйіз қайнатушы әккі мамандар тапшы. Ал «Жанат» сауықтыру кешенінде мүйіз қайнатушы мамандардың династиясы жұмыс істейді.
«Мүйіз қайнатудың қыр-сырын атам үйретіп жүр. Ағаларым да – панты қайнатудың нағыз шеберлері. Маған да осы жұмыс ұнайды», дейді жас панты қайнатушы Мейір Дүзбаев.
М.Дүзбаевтың айтуынша, әбден қайнап, қаны сорғыған салалы мүйіздерді салмада кептіреді. Ал сорпасы ем-шара үшін пайдаланылады. Ем-шара демекші, Корея мемлекетінде мамандар дәл осы Катонқарағай бұғыларының мүйізіне ерекше баға берген екен. Емдік қасиеті зор көрінеді. Бұл туралы Кореяға тәжірибе алмасу үшін барып қайтқан шаруа қожалығының жетекшісі Дамир Қалиханнан сұрап едік, жарнама жасағандай болмайын деп, ашып айтпады. Бар айтқаны, бұғы шаруашылығын дамыту мақсатында мемлекет тарапынан бағдарлама қабылданса дейді.
Иә, жүйелі түрде субсидия бөлініп тұрмаса, бұғы шаруашылығын шалқытып ұстау оңай емес. Оның үстіне туризмді дамытудың бір тетігі де осы. Олай болса, Алтайдың кербұғысының өсіп-өнуі үшін Үкімет тарапынан қолдау болуға тиіс.
Шығыс Қазақстан облысы
Катонқарағай ауданы