Шаруашылық • 17 Тамыз, 2023

Бұғы баққанға – береке

322 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жыл он екі ай күтіп-баптап отырған бұғының былқылдап тұрған мүйізін жаздың үш айында кесіп, кәдеге жаратпаса, сүйектеніп кетеді. Сол үшін де бұғышылар табиғаттың берген байлығын уақтылы пайдаға асыруға тырысады.

Бұғы баққанға – береке

Суретті түсірген автор

Әнеугүні тау қой­на­­у­ын­дағы «Жанат» сауық­тыру кешеніндегі бұ­ғы­шыларға бұрылып, мүйіз кесу жұмыстарын көріп қайтқанбыз. Жалпы, Ка­тон­қарағай ауданында бұ­ғы баққан шаруалар кеңес үкіметі тараған соң күрт кеміп кеткен. Қазіргі уа­қытта ауданда 5 мыңдай ға­на бұғы-марал қалған. Ал мемлекет тек былтырдан бастап субсидия төлей бас­тапты. Жалпы, ішкі ту­ризмнің әлеуетін артты­ру үшін бұғышыларға қол­дау көрсетілуге тиіс. Не­ге десеңіз, Алтайға ат ары­тып алыстан келетін туристердің көбі бұғы бұ­лаудың кереметін көргісі келеді. Сорпасына түсіп, ем-домын қабылдайды. Бұл үшін сауықтыру кешен­деріне ай бұрын емес, жыл бұрын хабарласып, брондап қояды.

«Катонқарағайға жылда келіп, мүйіз моншаға түсемін, ем қабылдаймын. Әсері ерекше. Өзімді жеңіл сезініп, анадан жаңа туғандай болып қаламын. Тіпті жылына екі рет келе­тіндер де бар екен», дейді сонау Маңғыстау өңірінен келген Бекзат Ибрагимов.

Қалай дегенмен, бұғы – түздің жануары. Үркек келеді. Сондықтан да беткейлерде еркін жайылып жүрген тағыларды тар қор­шауға қамап, мүйізін ке­су біз ойлағандай оңай ша­руа емес. Таң бозынан ат­қа қонған жігіттер мүйізі шаңырақтай бұғыларды қуып әкеліп, алаңқайдағы қоршауға қамайды. Сол жерден мүйізі пісіп-жетілді-ау дегендерін іріктеп, сырғауылдан көтерілген дәлізге қарай бағыттайды. Айдағанға кіре салатын жануар қайда? Аядай жерде жаны қысылса, атты адамның үстінен қарғып кетуге әзір. Бұғы қуатын ат та, атқа қонған жігіт те жүректі болуы керек.

«Бұғы бағу төрт түлік­ке қарағанда қиындау. Ерек­ше күтімді қажет етеді. Қыс­та жем-шөбін шашып, жазғы үш айда мүйіз кесу жұмыстарымен айналысамыз», дейді бұғышы Ержан Дәулетбаев.

Сөйтіп, мүйізі кесуге жарамды бұғыларды жан-жақтан қаумалап, сыр­ғауылды дәлізге қамайды. Бұл жерге кірген бұғы қа­лай бұлқынғанымен, кері шығуы мүмкін емес. Осы сәтте демалушылар, ем алу­шылар аяңдап, мүйіз ке­сіп жатқан қоршауға қа­рай жақындайды. Бұғы­шы­лардың бірі мүйіз кесумен айналысса, енді бірі тұқылдан тамшылаған қанды стақанға құйып, демалушыларға ұсынады. Енді бірі кесілген мүйіз­дерді атқа өңгеріп, мүйіз қайнататын қазандыққа қа­рай беттейді. Айта кетер­лігі, қазіргі кезде мүйіз қайнатушы әккі мамандар тапшы. Ал «Жанат» сауықтыру кешенінде мүйіз қайнатушы мамандардың династиясы жұмыс істейді.

«Мүйіз қайнатудың қыр-сырын атам үйретіп жүр. Ағаларым да – панты қайнатудың нағыз ше­берлері. Маған да осы жұ­мыс ұнайды», дейді жас панты қайнатушы Мейір Дүзбаев.

М.Дүзбаевтың айтуын­ша, әбден қайнап, қаны сорғыған салалы мүйіздерді салмада кептіреді. Ал сорпасы ем-шара үшін пайдаланылады. Ем-шара демекші, Корея мемлекетінде мамандар дәл осы Катонқарағай бұғыларының мүйізіне ерекше баға берген екен. Емдік қасиеті зор көрінеді. Бұл туралы Кореяға тәжірибе алмасу үшін барып қайтқан шаруа қожалығының жетекшісі Дамир Қалиханнан сұрап едік, жарнама жасағандай болмайын деп, ашып айтпады. Бар айтқаны, бұғы шаруашылығын дамыту мақсатында мемлекет тарапынан бағдарлама қабылданса дейді.

Иә, жүйелі түрде субсидия бөлініп тұрмаса, бұғы шаруашылығын шалқытып ұстау оңай емес. Оның үстіне туризмді дамытудың бір тетігі де осы. Олай болса, Алтайдың кербұғысының өсіп-өнуі үшін Үкімет тарапынан қолдау болуға тиіс.

 

Шығыс Қазақстан облысы

Катонқарағай ауданы