eQonaq ақпараттық жүйесінің дерегінше, елімізге туристік мақсатпен келетін АҚШ, Германия, Оңтүстік Корея және Үндістан азаматтары орта есеппен 4 күн өткізеді екен.
«eQonaq жүйесі – елімізге келген туристердің келіп-кетуін бақылау және талдау, орналастыру орындарының тізілімін құру, т.б. бірнеше маңызды қызметті атқарады. Басты мақсат – туристерге көрсетілетін қызметтердің ашықтығы мен сапасын арттыру. Жүйеге 3 214 орналасу қызметін ұсынатын кәсіпкерлік нысаны тіркелген», деді Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы Мөлдір Әбдуалиева.
Елімізде аялдау мерзімі бойынша Өзбекстан азаматтары көш бастап тұр. Көрші елдің туристері елімізде 10 күнге дейін тұрақтайды. Ал Ресейден келетін туристер – 6 күн, Беларусь азаматтары – 5 күн, Германия туристері 4 күн қонса, Қытай азаматтары елімізде 3,5 күн өткізеді екен.