Мұның себебін «Дельфиннің» иесі, кәсіпкер С.Балаев «Хабар -24» телеарнасына берген сұхбатында: «Жезқазған жылумен-сумен қамту кәсіпорны есептегіш құралмен емес, құбырдың диаметрімен есептейді. Нәтижесінде, бар-жоғы үш ай ішінде 13 млн теңге қарызға баттық. Бізге ескертпестен қыс ішінде жылу мен суды ағытып тастады. Соның кесірінен бассейн қатып, барлық құбыр жарылды. Бос тұрған соң түбі кеуіп, жарылып, су кете бастады», деп түсіндірген екен.
Бүлінген дүние әжептәуір қаржыны қажет етеді. Кәсіпкер Жезқазған қаласының басшылығынан қаржылай көмек көрсетуді өтінеді. Бірақ қала басшылығы бұған заңды негіз жоқ екенін алға тартып, қаржы қарастырудан бас тартады. Бұл жерде әкімдікті кінәлауға болмайды. Кәсіпкер бұдан соң еліміздегі қаржылық қолдау танытатын орталықтарға жүгінуге мәжбүр болғанын айтады. Бірақ жұмысы тоқтап тұрған нысанды банктер кепілге алмайтын болып шықты. Сөйтіп, ол қаржы қиыншылығына тап болады. Ал кешегі бассейн біртіндеп бүлініп, көрер көзге азып-тоза бастайды.
Негізі бұл бассейн кезінде «Қазақмыс» корпорациясына қарасты болған. Кейін корпорация кәсіпкер С.Балаевқа сатқан. Осы арада бір қызығы, 2016 жылы да Жезқазған жылумен, сумен қамту кәсіпорнының суақысын көтеріп жіберуі салдарынан бассейн жарты жыл бойы жабылып қалған еді. Сол кезде кәсіпкер «Қазақмыстың» көмегімен бассейнді қалпына келтірген еді. Бұған жергілікті «Подробности» газетінің 2016 жылғы 21 шілдедегі санында жарық көрген «Бассейн «Дельфин» ожил» деген мақала дәлел. Сол жолы «Қазақмыс» пен кәсіпкер арасында келісім жасалып, корпорация бассейн қызметін пайдаланған еңбеккерлері үшін ақының 90 пайызын өзі төлеуге міндеттеме алған еді. Бұл екі жаққа да өте тиімді еді. Бірақ кейін жағдай басқаша сипат алды.
Кейін 2019 жылдан бері жабық тұрған бассейн туралы сөз Жезқазған жұртшылығы арасында қайтадан көтеріліп кетті. Неге? Бұған облыс әкімінің кезекті аппарат жиынынан соң Ұлытау облысы әкімдігінің әлеуметтік желілердегі парақшасында «Дельфин» бассейні жақын арада әкімдікке қайтарылатыны туралы жарияланған. Бір қарағанда, қолданыстан шығып қалған бассейннің қайтадан халық игілігіне жұмыс істейтіні туралы хабардан қуаныштың лебі есуі тиісті еді. Дегенмен жезқазғандық қоғам белсенділерінің бірі Светлана Оңғарбаева желіде «Құрметті ағайындар! 150 млн-ға құлайын деп тұрған нысанды қалай сатып алмақ біздің әкімдік? Кім үшін, не үшін?» деген мәселе көтергені көпшілікті кәдімгідей ойландырып тастаған тәрізді. Сондықтан біз де өз тарапымыздан Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжановқа мәселенің мәнісін білмек ниетпен хабарластық.
– Біздің қалаға бассейн ауадай қажет. Бұл мәселе қала халқымен кездесулерде үнемі көтеріледі, қоғам белсенділері де жазып жатады. Қаладағы бұрынғы «Дельфин» бассейнінің қожайыны нысанды тек сатылымға шығаратынын, оны қайтадан өз күшімен іске қоса алмайтынын айтады. Және ол нысанды 150 млн теңгеге бағалап отыр, бір теңге түсіргісі жоқ. Біз сол бағаға сатып алғымыз келеді, – деді ол.
Әкімнің мұндай жауабы тағы да қосымша бірнеше сұрақты туындатты. Ал қоғам белсендісінің «құлайын деп тұрған нысан» дегені қаншалықты рас? Бұл ретте Қ.Шайжанов нысанға техникалық сараптама жасатқанын, пайдалануға болатыны жөнінде қорытынды алғанын айтады. Әкімнің жекеменшік нысанға қалай, қайтіп техникалық сараптама жасатып жүргенін, сол үшін бюджеттің қанша қаржысы жұмсалғанын айтып жатпадық. Бірақ 2022 жылғы 10 қарашада облыс басшысының Жезқазған қаласындағы бірқатар нысанды аралағаны туралы жарияланған хабарда «Дельфин» жөнінде «Көптеген жыл бойы бос тұрғаны және іс жүзінде апатты жағдайда» екені жазылған. Демек С.Оңғарбаеваның «құлайын деп тұрған нысан» деген дабылы ақиқаттан алшақ емес.
Осындай күйдегі нысанға күрделі жөндеу жасауға бюджеттен тағы да қомақты қаржы бөлуге тура келетіні айтпаса да түсінікті. Ал одан кейін нысанды ұстап тұру, қызметін қамтамасыз ету үшін жұмсалатын шығындар ше?
2022 жылғы 16 маусымда Президент Жезқазған қаласына жұмыс сапарымен келді. Облыстың енді ғана құрылып жатқан кезі. Президент жаңа облыс орталығына корпорация тарапынан ішінде жақсы бассейні бар, денешынықтыру-сауықтыру кешенін тарту етсе, жөн болар еді деген ой тастады. Бұл біле білгенге «Қазақмыстың» қос басшысы В.Ким мен Э.Огайға берілген нақты тапсырма еді. Олар ұсынысты құп алып, орындауға уәде берді. Содан бері біршама уақыт өтсе де, жергілікті билік тарапынан жіберілген кейбір оралымсыздыққа байланысты бұл жұмысқа «Қазақмыс» енді-енді ғана кірісе бастады. Сәтін салса, нысан 2024 жылдың қарашасында пайдалануға берілмек. Мұны неге айтып отырмыз? Егер облыс орталығында Президент тапсырмасы арқылы бассейні де, басқасы да бар кешен салынып жатса, апатты жағдайда тұрған нысанды сатып алудың қаншалықты қажеттілігі бар? Бұған қала басшысының мынандай қарсы уәжі бар.
– «Қазақмыс» салып жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешеніндегі бассейн небәрі 4 жолақты,
25 метрлік қана болады. Ал бізге керегі 8 жолақты, ұзындығы 50 метрлік бассейн, – дейді ол.
Осы арада тағы бір түсініксіздік туындайды. Жезқазған облыс орталығына айналмай тұрғанда қалада спорт кешенін салу жоспарланып, соның ішінде 4 жолақты, 25 метрлік бассейн болады деп жобаланған еді. Енді Президент тапсырмасы бойынша салынатын жаңа кешенде де сол ескі жобадағы бассейн салынатын болғаны ма? Қала әкімінің сөзіне қарағанда солай секілді.
Ал облысқа танымал спорт жанашыры, қоғам белсендісі Саят Балмағамбетов бұлай болуы мүмкін емес деп санайды.
– Президент тапсырмасын орындауға «Қазақмыс» асқан жауапкершілік танытып отыр. Мүлде жаңа жоба қолға алынады деп ойлаймын. Кешен құрылысына корпорация 8 млрд теңге қаржы қарастыруда. Мұндай қаражатқа бейнелеп айтқанда, елде жоқ кешен салып шығуға болады, – деген ол өзінің кейбір ұсыныстарын жергілікті басшыларға білдірген көрінеді.
Ол «Дельфинді» бюджет қаржысына сатып алу өзін-өзі ақтайтын қадам екеніне сене қоймайды. Әрине, әркімнің әртүрлі пікірі болатыны белгілі. Апатты жағдайдағы нысанды қазынаның қаржысын жұмсап, сатып алудың қаншалықты мәжбүрліктен туындап отырғаны шын мәнінде түсініксіз. Жаңадан денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталып жатқанын жоғарыда айтып өттік. Демек көп кешікпей халықтың сұранысы өтеледі. Негізі көпшілікке керегі оқу-жаттығуға арналған бассейн емес, жаз мезгілінде суға шомылып, демалуға қолайлы ашық бассейн десек, қателесе қоймаймыз. Желідегі халықтың ой-пікір, ұсыныстарын бір саралап өткенде ұққанымыз – осы.
Жезқазғанның іргесіндегі Сәтбаев қаласында стандартқа сай қысы-жазы жұмыс істейтін жабық және жеке кәсіпкердің иелігіндегі 300 орындық ашық бассейн де жұмыс істеп тұр. Бұлардың бір-біріне еш кедергісі жоқ. Ашық бассейн екі ауысымда жұмыс істейді. Адам қарасы ешқашан үзілмейді. Келушілер де, бассейн иесі де дән риза. Жезқазғандықтардың басым көпшілігіне керегі де осындай бассейн болса керек. Мәселені бюджет арқылы шешу – оңай. Ал кәсіпкерлерді осындай бизнеске тарта білу, оның тиімділігін түсіндіріп, қызығушылығын арттыру – қиын.
Жезқазған қаласының әкімі Қ.Шайжанов бізбен әңгімесінде «Дельфин» төңірегіндегі мәселені «Сатып алу керек пе, жоқ па?» деген сұрақты әлеуметтік парақшаға шығарып, дауыс беру нәтижесіне қарай шешкісі келетінін білдірді. Бір қарағанда, халықтың өзі шешсін деген дұрыс секілді. Дегенмен түйін бұлай тарқатылмауы керек. Мәселенің шешімін таңдауды халыққа ұсынатын да, ұсынбайтын да сәттер болады. Бар мәселені халықтың таңдауымен ғана шешетін болсақ, билік органдары не үшін керек? Қала басшысының мұндай қадамға «құлағалы тұрған нысанды өзінің әлдебір мүддесі үшін сатып алды» деген әңгімеге, сөзге қалмау үшін барғысы келетінін түсінуге әбден-ақ болады. Бірақ дауыс берудің қалай жүргізілетінін, әрбір дауыстың ар жағында кімдер тұратынын қалай анықтауға болады? Сондықтан мәселені шешуге соншалықты жеңіл қарауға болмайды. Нақты есеп-қисапқа негізделген, терең сүзгіден өткізілген сараптамаға сүйене отырып, кабинетте қабылдануға тиіс шешімді халыққа қарай «өздеріңіз шешіңіздер» деп сырғыта салу, жауапкершіліктен қашқақтау секілді.
Деміккен «Дельфиннің» жай-күйі қазынаның қаржысын құйғаннан жақсарып шыға келе ме? Ең басты сұрақ – осы. Тиімді ме, жоқ па?
Жезқазған қаласы