Экономика • 17 Тамыз, 2023

Логистикалық дамудың төте жолы

180 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі халықаралық дәліздер мен логис­тикалық қызметтің дамуын өз назарында ұстап отыр. Өйткені логистикалық дамудың шыңырау шегіне жетпей, өндірген өніміңді дер кезінде, діттеген жеріңе жеткізіп беруің екіталай. Ондай жағдайда табыстың басты тұтқасын қолдан шығарып алуымыз кәдік. Қазіргі күнде Үкімет осы бағытта тынымсыз ізденіс үстінде.

Логистикалық дамудың төте жолы

Қазақ елі үлкен теңіз жолдарына шығу мүмкіндігінің жоқтығына қарамастан, экономикалық дамыған аймақтар – Еуропа мен Азия елдері арасында орналасқан тиімді мүмкіндікті құрлық жолы арқылы пайда­лануға барынша әрекет етіп жатыр. «Қазақ­стан теміржолы» – Қытай мен Оңтүстік Шығыс Азиядан ағылған жүктерді ел аумағы арқылы өткізіп, трансқұрлықтық тасымалға өзіндік үлесін қосуға күш салып отырған компания.

Осы кезде Қазақстан аумағы арқылы 11 халықаралық транзиттік дәліз өтеді. Оның бесеуі – теміржол, алтауы – автомагистраль. Осы жолдар арқылы Азиядан Еуропаға тауарларды жеткізу және жүкті тасымалдау 13-15 күнге дейін қысқар­ған. Мұны теңіз көлігімен салыстырғанда екі есе шапшаң деген сөз. Нәтижесінде, Қазақстанның транзиттік дәліздері арқылы жүкті тасымалдауға сұраныс артып келеді. Айталық, осы жылдың алғашқы алты айында транзиттік жүк айналымы өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 39,1 пайызға артып, 27,8 млрд тонна-километрді құраған, соның ішінде контейнерлік транзит 26 пайызға ұлғайған. Біздің елден Қытайға экспорттық жүктерді тасымалдаудың өсімі де молайған.

Негізі, Қазақстанның транзиттік-көліктік әлеуетін дамытудың негізгі көрсеткіш­тері «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйверлері» ұлттық жобасында нақтылан­ған. Соған сәйкес 2025 жылға дейін елімізде транзиттік тасымал көлемін 30 млн тоннаға дейін жеткізу мақсаты тұр. Сондықтан теміржол және автомобиль жолдарының инфрақұрылымын салу, жылжымалы құрамды жаңарту, жүктерді контейнерлендіру, балама бағыттар мен халықаралық дәліздерді дамыту бойынша түрлі шаралар қолға алынған.

«Қазақстанның транзиттік әлеуеті өте зор. Тасымалдаудың негізгі түрі – теміржолдар болып отыр. Жүк пойыздары­ның жүк айналымындағы үлесі 90 пайыздан асады. Транзиттің негізгі бағыты Қытай – Еуропа – Қытай бағытына тиесілі», деп баға берген еді Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев.

Ал таяуда Қазақстан мен Грузия Премьер-министрлері Алматыда көлік және логисти­ка саласындағы ынтымақтастықты талқы­лады. Еліміздің Үкімет басшысы Әлихан Смайылов пен Грузия Премьер-министрі Ираклий Гарибашвили келелі кездесуде сауда, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықтың негізгі мәселелері туралы пікір алмасып, әңгіме жүргізген.

«Грузия – Қазақстанның Оңтүстік Кавказ­дағы маңызды әрі сенімді серіктесі. 2023 жылдың алты айында сауда көлемі 30 пайызға дерлік өсіп, 190 млн долларды құрады. Елдер арасындағы тауар айналымын одан әрі арттыру үшін тиісті үкіметаралық комиссия жұмыс атқарып жатыр», деді Ә.Смайылов.

Оның айтуынша, ынтымақтастық аясында транзиттік-көлік саласындағы өзара іс-қимыл маңызды рөл атқарады. Бүгінгі таңда екі ел арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту бо­йынша серіктестік айтарлықтай нығайып келеді. 2023 жылдың алты айында ТИТР бойынша жүк тасымалдау көлемі 77 пайызға өсіп, 1,3 млн тоннаны құрапты.

Қол жеткізілген мемлекетаралық келісімдер бұл дәлізді одан әрі дамытуға қосымша серпін беретіні анық. Цифр­ландыру мәселелерін ілгерілету, тасымал­даудың тұрақты тарифтерін қамтамасыз ету және бағыт бойынша бірыңғай логистикалық операторды құру ерекше маңызға ие.

«Біз аймақтың көлік байланысын арттыруға және транзиттік жағдайды дәйекті түрде жақсартуға мүдделіміз. Жалпы, Қазақстан Үкіметі Қазақстан-Грузия әріптестігінің барлық саласындағы серпінді дамуын қамтамасыз ету бойынша көп қырлы жұмысты жалғастыруға бел буып отыр», деді Грузия Премьер-министрі.

Сөйткен Ираклий Гарибашвили Грузия­ның екіжақты ынтымақтастықтың барлық спектрі бойынша Қазақстанмен тиімді ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін растап, нақты сөзін айтты.

«Бұған дейін біз екі ел үшін де қызы­ғу­шылық тудыратын жобаларды жүзеге асырудың ауқымды жоспарларын тал­қылаған едік. Біз Орта дәлізді дамы­туға және осы бағыттағы бірлескен жос­пар­ларға барынша көңіл бөлеміз. Тиісті жол картасына қол қойылды. Біздің ынты­мақ­­тастығымыз әрі қарай да тиімді болады деп ойлаймын», деді ол.

Бұған дейін Қазақстан мен Әзербайжан теміржол әкімшіліктерінің басшылары қазақстандық жүк жөнелтушілермен және экспорттаушылармен кездескені хабарланған еді. Тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүктерді тасымалдау үшін қолайлы жағ­дай жасау және одан әрі ынтымақтастық мәселелерін талқылағаны есте. Сол кезде тараптар жүктерді жеткізу мерзімін қысқарту, жылжымалы құрамды орналас­тыру туралы ақпараттандыру процесін жетілдіру, әкімшілік кедергілерді жою, кеңейту бойынша ТИТР-ді одан әрі дамыту мәселелерін бірлесіп шешуге келісті. Порт инфрақұрылымы және т.б. Қазақстан мен Әзербайжанның жүк жөнелтушілері мен теміржолшылары арасында орнатылған тікелей байланыстар тасымалдау үдерісінде туындайтын мәселелерді тиімдірек шешуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта Қытай – Еуропа – Қытай теміржол бағыты бойынша 10 контейнердің 9-ы «ОТЛК ЕРА» компаниясымен тасымалданады. Компанияның Қазақстандағы контейнерлік тасымалдау нарығындағы үлесі 50 пайыздан асады екен. Компания осы жылдың соңына дейін 700 мың ЖФЭ тасы­малдауды жоспарлапты. Сонымен қатар бірнеше жылдың ішінде негізгі бағыт бойынша бір миллион контейнерге жету мақ­саты тұр. Бұл да болса, көліктік логис­тика­ның тынымсыз дамуының жолын көрсетеді.

Өз кезегінде еліміз 2025 жылға дейін еліміздің транзиттік және көлік бағыттарын әртараптандыру және кешенді логистикалық шешімдерді енгізу үшін 20 млрд доллар инвестициялауды жоспарлап отыр. Кейінгі 15 жылда Қазақстанның көлік саласын дамытуға 35 млрд долларға жуық инвестиция салынған. Оның нәтижесін бүгінде көре бастадық.

Мәселен, еліміз Парсы шығанағы, Пәкістан, Үндістан және Шығыс Африкаға тікелей экспорттық жол құруды жоспарлап отырғаны мәлім. Онда «Abu Dhabi Ports» компаниясымен бірлескен кәсіпорынды іске қосу Қазақстанға Парсы шығанағы, Таяу Шығыс, Пәкістан, Үндістан және Шығыс Африка жағалауындағы елдерге жол ашады. Сөйтіп, сол елдердің нарықтарына елімізден экспортталған жүктерді жеткізудің ең қысқа тікелей жолын құруға мүмкіндік береді.

Бұл ауқымды іс-шаралар мен келелі келісімдер еліміздегі көліктік-логисти­каның әлі де дами түсіп, халқымыздың ырыздық-несі­бесінің артып, тұрмыстық жағдайының жақ­саруына өз үлесін қосады деген үмітіміз бар.