Қоғам • 17 Тамыз, 2023

Электр энергиясы қалпына келтіріледі

400 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстау атом энергетикалық комбинатындағы (МАЭК) апат жағдайы маңғыстаулықтар үшін аса маңызды мәселеге айналды. Жаздыгүні суға жарымаған тұрғындарға енді жарықты тұтынуға уақытша шектеу енгізілуі «жығылғанға жұдырық» немесе «көтере алмаған қосып арқалайдының» кері болып тұр.

Электр энергиясы  қалпына келтіріледі

МАЭК-тегі №3 энергия блогын қал­пына келтіруге байланысты, сон­дай-ақ №1 ЖЭС энергия блогы жұ­мысының уақытша тоқтауы себе­п­ті жүргізіліп жатқан жұмыстар Маңғыс­тау облысында электр энергиясын тұты­нуға уақытша «тиімді» шектеу режімін енгізуге мәжбүр етті. «КЕГОК» АҚ Ұлттық диспетчерлік орталығы диспетчерінің келісімімен енгізілген шараға сай өңірдің бірқатар елді мекенінде электр энергиясын ажырату әдісі қолданылады.

13 тамызда МАЭК-тегі энерго­блоктардың апаттық жөндеуде болуына байланысты облыста аймақ басшылығының төрағалығымен құрамына уәкілетті мемлекеттік органдар мен коммуналдық қызмет өкілдері кірген жедел штаб құрылды. Жедел штаб 13-14 тамызға қараған түні бірінші санаттағы нысандарды, яғни әлеуметтік және денсаулық сақтау нысандарын электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесін қарады. Сондай-ақ өңірдің елді мекендерін электр энергиясымен пропорционалды қамтамасыз ету үшін уақытша ажыратуды «тиімді» тәсілмен қолдану туралы шешім қабылданды. Аталған шешімге сәйкес, тұтынылатын энергия көлемін шектеу мақсатында тұтынушыларды 3-тен 5 сағатқа дейінгі электр желісінен циклдік ажырату жүргізіледі және бұл шектеу «МАЭК» энергоблоктарындағы апат жойылғанға дейін жалғасады.

Ірі өнеркәсіптік нысандарға берілетін электр энергиясына да шектеу қойылмақ. Жедел штаб электр энергияны тез арада қалпына келтіру мақсатында бірқатар шара қабылдап жатыр. Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев жауапты тұлғаларға барлық коммуналдық қызметтің үйлесімді жұмысын ұйымдастыруды, сондай-ақ «МАЭК»энергоблоктарындағы апат жойылғанға дейін өнеркәсіп тұтыну­шы­лары мен тұрғындарға электр энер­гия­сын үнемді пайдалану туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Тамыз айының 14-інен, яғни апта­ның басынан бастап соңына дейін Ақтау және Жаңаөзен қалаларында, бірқатар елді мекенде электр энергиясын тұтынудың шектеу режіміне сәйкес сараланған кесте жасақталды. 15-18 тамыз аралығын қамтитын кес­теде Жаңаөзен қаласында, Мұнайлы ауданы мен Түпқараған ауданында, Маңғыстау ауданы мен Ақтау қаласы шағын аудардарында электр энергиясын ажыратудың кестесі көрсетілген.

МАЭК-те жағдай мәз емес. Тұрғын­дар қылышын сүйретіп қыр астында тұрған қыста жарық пен жылу, сумен қамтудың қалай боларына алаңдаулы.

 

Маңғыстау облысы