
Агенттік төрағасының айтуынша, үшінші іріктеудің ерекшелігі мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігін ескере отырып, мақсатты іріктеу жүргізу болмақ. Осылайша, кезекті іріктеу инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты, агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау, сыртқы саясат және инвестициялар, экономикалық және қаржылық саясат, цифрландыру және әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам секілді 6 негізгі сала бойынша жүргізіледі. Осыған орай биыл үміткерлермен әңгімелесу міндетті түрде салалық орталық органдар өкілдерінің қатысуымен өткізіледі.
Талаптарға сәйкес, іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгерген Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады.
Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі болу үшін үміткерлер 6 кезеңнен тұратын кешенді іріктеуден өтуге тиіс. Бірінші кезеңде 2023 жылдың 1-30 қыркүйегі аралығында pkrezerv.gov.kz арнайы ақпараттық жүйесінде және онлайн режімде кандидаттардың құжаттарды қабылданады. Іріктеу объективтілігін қамтамасыз ету үшін кандидаттардың деректері жеке нөмір беру арқылы жасырылады. Осылайша, бағалаушылар үміткердің кім екендігін білмейді.
Екінші кезеңде кандидаттардың мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілеті бағаланады. МҚІА басшысы атап өткендей, тестілеу процесі аудио-бейне таспаға жазылып, прокторинг жүйесімен қадағаланады. Үшінші кезеңде ситуациялық тапсырмалар беріледі. Бұл кезең үміткерлердің таңдаған салалық бағыттарына байланысты ситуациялық тапсырмалар түріндегі нақты проблемаларды шешуге деген көзқарасы ескеріледі. Аталған кезең онлайн-режімде аудио-бейне жазбамен сүйемелденіп, эссе жазу форматында жүргізіледі.
«Орындалған тапсырманың шешімі қызметтің тиісті бағыттары бойынша бір уақытта үш салалық сарапшымен бағаланады. Сарапшылар пулы академиялық орта мен бизнес қауымдастық өкілдерін, мемлекеттік қызметшілерді қамтиды», деді Дархан Жазықбаев.
Төртінші кезеңде ассессмент-орталығы мен құзыреттер бойынша сұхбат өтеді. Ассессмент-орталық Мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн форматта өтеді. Ол мінез-құлық индикаторлары арқылы кандидаттардың бойындағы белгіленген құзыреттерді анықтауға және бағалауға бағытталған. Кандидаттардың мінезін бағалау топтық және жеке тапсырмалардан тұрады. Жалпы құзыреттерді кемінде 15 сертификатталған бағалаушы және 5 супервизор бағалайды.
Ал бесінші кезеңде кандидаттар сарапшылық комиссия мүшелерімен әңгімелеседі. Оның құрамына мемлекеттік органдардың басшылары кіреді. Нәтижесінде, Ұлттық комиссия отырысында қарауға ұсынылатын қатысушылардың тізімі жасалады. Алтыншы, соңғы кезеңде Ұлттық комиссияның отырысы өтіп, Президенттік жастар кадр резервіне үздік 50 кандидат қабылданады. ПЖКР талаптарына сәйкес резервке алынған адамдар заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік саяси лауазымдарға, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына, «Б» корпусының басшылық және А санаттар тобының лауазымдарына тағайындалуы мүмкін.
Дархан Жазықбаевтың айтуынша, агенттік іріктеудің барынша ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Кандидаттарды бағалау нәтижелері олардың жеке кабинетінде және кезең қорытындысы pkrezerv.gov.kz сайтында жарияланып, барлық азаматтар үшін қатысушылар туралы ақпарат қолжетімді болады.
Брифинг соңында МҚІА төрағасы жастарды іріктеуге белсенді қатысуға шақырып, кәсіби мемлекеттік қызметшілердің жаңа легін қалыптастыру маңыздылығына тоқталды.
Атап өтсек, 2019 және 2021 жылдары резервке алынған 350 адамның 264-і мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жұмыс істейді, яғни жалпы санның 75%-ы жұмысқа орналастырылған. Олардың 128-і орталық мемлекеттік органдарда, 38-і жергілікті атқарушы органдарда, 57 адам ұлттық компанияларда, 41 адам адам өзге де ұйымдарда қызмет жасап жатыр. Сондай-ақ олардың қатарында 31 резервші саяси, 6 резервші «А» корпусының лауазымдарына тағайындалған, біреуі – Парламент Мәжілісінің, екеуі – мәслихаттың депутаты.