Халқымыздың басым көпшілігі жолға шықса, негізінен пойызда жүргенді қолай көреді. Өйткені ол, біріншіден, жолаушы тасымалының басқа көліктеріне қарағанда әлдеқайда қауіпсіз, екіншіден қызмет ақысы Қазақстан халқының 90 пайызын құрайтын қаратабан қарапайым жұртқа қолжетімді. Десек те жылдың басқа маусымынан алабөтен жаз мезгілі туғанда отандық пойызға билет алу деген қиямет-қайым екенін ел күнде айтады. Бірер ай бұрын алмасаң, арзан билет аз күнде балпанақтай болып, баға өсіп кететіні тағы бар.
Енді ел мұқтажына мән қойған «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы жаңа бір қызмет түрін ұсыныпты. Бүгінгі жолаушы жұрттың қолайына жаққан алақай жаңалық сол – «Күту парағы» сервисі.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ жазға қарай күрт артатын жолаушы нөпіріне алдын ала қам жасап, қосымша вагондар шығарып, онлайн-билет сатылымы мен электронды билет кассалары, тағысын тағы сервистік қызметтерді жыл сайын арттырып келеді. Десе де билет тапшылығын ешқашан жоя алған емес. Есесіне кейінгі уақытта іске қосылған «Күту парағы» сервистік қызметінің танымалдығы артып, оны пайдаланатындар қатары соңғы кезде күрт артыпты.
Bilet.railways.kz сайтындағы осы сервистік қызмет арқылы елімізде биыл алғашқы жартыжылдықта 70 мыңға жуық адам билет алыпты. Межелі жерге билет болмаған жағдайда осы сайттағы «Күту парағы» қызметі арқылы жөнелтілуіне 7 күн мерзімі бар пойызға билетке кезекке тұруға болады. Ол үшін аталған сайтта әр адам өзінің жеке кабинетін ашып, «Күту парағы» тетігін басады. Сосын өзіне қажетті бағдарды және жеке деректерін толтырып, өтінім жібереді. Жеке деректерінің ішінде телефон нөмірі міндетті түрде көрсетілуі керек. Себебі орындар босаған жағдайда жүйе өзі сол телефон нөміріне хабарлама жібереді. Ол хабарламада өтінім нөмірі мен қорғаныш коды жазылады. Сол сандарды жеке кабинетке кіріп, «Күту парағы тарихы» деген жерді басу арқылы билет орнын брондай отырып енгізеді. Одан әрі билет қайта еркін сауда айналымына түсіп, кері кетіп қалмас үшін 1-1,5 сағаттың ішінде билетті онлайн түрде жылдам сатып алу керек. Келген бос орын бойынша билетті аталған мерзім ішінде кассаға барып та алуға болады.
«Осы жаз еңбек демалысында басқа қалаға саяхаттау барысында билет іздеп таппай, бірден осы қызметке жүгіндім. Осылайша, бару билетімді жолға шығуыма 3-4 күн қалғанда тапсам, қайту билетімді пойызға отыруға бір күн қалғанда алдым. Екеуінде де СМС хабарлама телефон нөміріме 12-24 сағаттың ішінде келді. Осылайша, бұл қызметтің тиімділігіне көз жеткізіп, оны қалай пайдалану керектігі туралы бейнежазба түсіріп, оны әлеуметтік желіге салдым. Көп адамдар осы бейнежазбадағы менің нұсқаулығым арқылы билет алғанын айтып, алғыс білдіріп жатты. Бұл жерде ғаламтор тілін терең білудің де аса қажеті жоқ. Сервис оңай жолмен билет алуға мүмкіндік беретіндей ойластырылған», дейді жолаушының бірі Райхан Рахметова.
Ендеше жолға шығарда пойызға билет таппасаңыз, босқа қамықпай, «Күту парағына» тезірек тіркелу жолын табыңыз.