Үкімет • 21 Тамыз, 2023

«Қазақстан» шахтасындағы өрттің мән-жайын арнайы комиссия анықтайды

221 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облысындағы шахтада өрт болып, салдарынан 5 адам қаза тапқан топтық жазатайым оқиғаны арнайы тергеу үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі комиссия құрды, деп хабарлайды Egemen.kz аталған министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазақстан» шахтасындағы өрттің мән-жайын арнайы комиссия анықтайды

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Комиссияны Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Мұса Танабаев басқарады. Комиссияның құрамына Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары Вадим Басин, ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Арман Абылқасымов, Қарағанды облысы еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Саяш Ахметов, Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қанат Абзалиев, Қарағанды облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Төлеу Мұхтар және басқалар кірді.

Еске салайық, 17 тамызда сағат 10.05-те Қарағанды облысы Шахтинск қаласында, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Қазақстан» шахтасында Д6 көмір еңісін (горизонт – 170 м) қазу кезінде конвейер лентасы жанып, апатты жою жоспары енгізілді.

Шахтада барлығы 227 адам болды, 17 тамызда 222 жұмыскер жер бетіне шығарылған.

Құтқару операциясының қорытындысы бойынша 17-19 тамыз аралығында 5 адамның денесі табылған:

- Слюньков Виталий Владимирович 05.03.1965 жылы туған, 17.08.2023 ж.;

- Бургун Виктор Сергеевич 12.09.1966 жылы туған, 18.08.2023 ж.;

- Стешин Денис Геннадьевич 13.08.1978 жылы туған, 18.08.2023 ж.;

- Халиков Артур Ринатович, 1994 жылы туған, 19.08.2023 ж.;

- Старовойт Илья Александрович, 1996 жылы туған, 19.08.2023 ж. 

Ауруханада 11 адам емделіп жатыр. Апаттық шахтадағы өрт салдарын толық жою бойынша жұмыстар әлі де жалғасады. Қаза тапқандардың отбасыларына тиісті көмек көрсету мәселелері бақылауға алынды.