Жарыстың алғашқы күні 66 кг салмақ дәрежесінде күш сынасқан Айболат Ыстыбай қола медаль олжалады. Бастапқы бәсекелерде украиналық Никита Голбородько мен латвиялық Энтони де Анжелистің осал тұсын еш қиналмай тапқан ол үшінші кезеңде Израильдің танымал балуаны, әлем және Еуропа чемпионаттарының жүлдегері Таль Фликермен әбден тіресті. Негізгі уақыт тең аяқталып, «голден скорда» қандасымыздың мерейі үстем болды. Ширек финалда Гранд Слэм мен Гран-при жарыстарының жеңімпазы испаниялық Давид Гарсия Торнға жол берген Айболат жұбаныш белдесуінде әлем және құрлық біріншіліктерінің қола жүлдегері, әзербайжандық Карамат Гусейновті иппонмен жеңіп, үшінші орын үшін тартыста Кипрдің туы астында өнер көрсетіп жүрген грузиялық Георгиос Баларджишвилиден басым түсті. Кезінде жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанған Айболат Ыстыбай үшін бұл – ересектердің халықаралық додасындағы алғашқы жүлдесі.
Өзге жерлестеріміз жайында айтар болсақ, дәл сол салмақта күрескен Есет Қуанов тұсаукесер кездесуінде украиналық Багдан Ядовқа жол берді. 60 кг салмақтағы жігіттеріміздің де жолы болмады. Дамир Болатбеков алғашқы айналымда швейцариялық Сэмюэл Вайзенеггерден ұтылса, Мерей Мархамбетов нидерландтық Эмиэль Джарингтен жеңілді.
Жарыстың екінші күні 73 кг салмақта сынға түскен Бақытжан Әбдурахманов қола медаль иеленді. Ол мажарстандық Даниэль Сегеди, франциялық Орландо Касорла, түркиялық Билал Чилоғлы және косоволық Акил Гякованы жеңгенімен, испаниялық Хорхе Гарсия Каноға әлі жетпеді. Бұл да Бақытжанның дүбірлі додалардағы алғашқы жүлдесі. Ал Дархан Қойбағар (73 кг) мен Айбар Мұқышев (81 кг) алғашқы айналымдарда сүрінді.
Әйелдер арасында жалғыз Әбиба Әбужақынова жарыс көрігін қыздырды. 48 кг салмақта белдескен ол франциялық Аймард Вирджинияны жеңгенімен, испаниялық Мирейя Лапуэртаға есе жіберді. Жұбаныш белдесуінде америкалық Мария Селия Лаборденің аяғын көктен келтіргенімен, қола медаль үшін бәсекеде Испанияның тағы бір өкілі Лаура Мартинес Абелендадан айласын асыра алмады.