Парадты Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, генерал-лейтенант Марат Құсайынов, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Қарулы күштердің ардагерлері бақылады. Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, контр-адмирал Сәкен Бекжанов шеруді басқарды.
Салтанатты сапта бірінен кейін бірі «Қазақстан», «Орал», «Сарыарқа», «Маңғыстау» зымыранды-артиллериялық кемелері, «Алатау» мина-тартқыш кемесі, «Табиғат» және «Жайық» гидрографиялық кемелері жүрді. Жағалау бойымен бірдей сап түзеген теңізшілер көрермендерді кеме артиллериясы қаруының дүркіндеткен дауысымен қарсы алды.
Қала жағалауында шерудің құрлықтағы бөлігі өтті. Әскери оркестрдің үнімен салтанатты маршпен Ақтау гарнизонының әскери бөлімдерінің салтанатты есептоптары жүріп өтті. Сонымен қатар көрермендерге әскери кемелердің оқ жаудыруы арқылы бүркемелеп, теңіз жағалауына тактикалық десант түсіру көрінісі ұсынылды. Нақтырақ айтқанда, теңіз жаяу әскерлері биыл Әскери-теңіз күштерінің қатарына қосылған «Қайсар» бронды жылдам қайығынан десант түсіру тапсырмасын пысықтады. Оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындау барысында теңіз жаяу әскерлерінің ротасы шартты қарсылас қолындағы плацдармды қайтарды.
Дәстүр бойынша әскери қызметшілер Маңғыстау жауынгерлерін еске алды. Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсіміне Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, ғарышкер, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров, контр-адмирал Ратмир Комратов, Қарулы күштердің ардагерлері қатысты.
Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Орталық ансамблі мен Орталық әскери оркестрі дайындаған мерекелік концерт қала тұрғындарына керемет көңіл күй сыйлады. Іс-шараның ең қызықты сәті – Әскери-теңіз күштерінің 30 жылдық мерейтойына арналған мерекелік отшашу болды.