Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Кейінгі уақытта ұсақ мал басының тұрақты өсімінде, өнімдерін экспорттауда алға басу анық байқалады. Дегенмен шаруашылықты әлемдік деңгейде өркендету, қой етін өндіріп, жүнін өңдеп, іске жарату бойынша әлі де болса атқарылар шаруа, бірқатар шешімін күткен мәселе бар.
Қарға тамырлы, қаршыға сіңірлі халқымыздың қой түлігіне қатысты сансыз мақал-мәтелінің ішіндегі ең танымалы – «Мал өсірсең, қой өсір, пайдасы оның көл-көсір». Кешегі кеңестік кезеңде Қазақстандағы қой санын 50 млн-ға жеткіземіз деп ұрандатып жүрген, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда Шопан атадан ардақты кәсіп болмаушы еді. Бар атақ-даңқ, сый-құрмет солардікі еді. «Қой шаруашылығы – екінші тың» деп дабылдатып, мектеп түлектері жаппай қой бағуға жұмылдырылған, жайлау төсіндегі, қыстау басындағы, қырықтық кезіндегі қызыққа толы күндер аға буын өкілдерінің күні кешегідей жадында.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алмағайып кезеңде қой шаруашылығының қадірі күрт түсіп, қатты тоқырап қалғаны жасырын емес. Өндіріс тоқтап, еңбекақы мен зейнетақы көзден бұлбұл ұшқан қиын жылдарда да бұл момын түлік халықтың берекесін сақтап, азығы болды, арзымас ақша орнына жүрді, татымсыз айырбасқа түсті. Кейінгі уақытта жан-жақты жүргізілген шаралар, мемлекеттік деңгейдегі түрлі қолдаулар, ең бастысы – мал сүмесіне қараған есті-басты азаматтардың шайқалып қалған шаруашылықты ширақ қолға алуының арқасында қайта жанданған кәсіп бүгінде ауыл-аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына мықтап дем беріп отыр. Қалай дегенде де, құрметті қонағымызға бас тартып, құдаларымызбен құйрық-бауыр жесіп, сары қымызды ащы қуырдақсыз іше алмайтын салт-санамыз аман тұрғанда бұл қауметтің сұраныстан түспейтіні, құнсызданбайтыны, ұдайы дами беретіні сөзсіз. Қойдың күнделікті тұрмыс-тіршіліктегі пайдасы қазірде негізгі басымдық берілетін сиыр, жылқы түліктерінен артық болмаса, кем емес. Жер ыңғайы мен шөпті аса көп талғамайтыны және бар. Мына бір дерекке назар аударалықшы, аша тұяқтың осы түрі әлемде өсетін 800 шөптің 560-ын қорек ететін көрінеді. Ал қоймен салыстырғанда, ірі қара мал 420, жылқы 415 шөп түрімен қоректенеді екен.
Қазірде елімізде қой малының өсімі тұрақты. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлімдеуінше, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда қой саны 4%-ға өсіп, 24 млн 600 мың басты құрады. Оның ішінде асыл тұқымды қой – 3 млн 54 мың, биязы жүнді қой – 626 мың 161, биязылау жүнді қой – 70 мың 324, ұяң жүнді қой – 218 мың 788, қылшық жүнді қой – 2 млн 21 мың бас, қаракөл тұқымды қой – 82 мың 71 бас. Егер кейінгі 5 жылмен салыстырсақ, өсім 65%-ды құрап отыр, 2018 жылы жалпы қой саны елімізде 16 млн 46 мың бас болған.
Қой шаруашылығын дамытуды субсидиялау (несиелендіру) қойдың асыл тұқымды және тауарлық аналық басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстар жүргізу, асыл тұқымды қойлар сатып алу, тауарлық отардың өсімін молайту үшін пайдаланылатын асыл тұқымды тұқымдық қошқарды күтіп-бағу, бордақылау алаңдарына немесе ет өңдеуші кәсіпорындарға өткізілген ұсақ малдардың еркек дарақтарының құнын арзандату, қойлардың эмбриондарын сатып алу құнын арзандату, шаруашылықтарда және ауыл шаруашылығы кооперативтерінде қойлардың аналық басын қолдан ұрықтандыру жөніндегі көрсетілетін қызметтер үшін асыл тұқымды және дистрибьютерлік орталықтарды субсидиялау бағыттарында жүзеге асырылады. Сондай-ақ қойдың аналық басының азығына кеткен шығындарды өтеу де қаржыландырылады.
«2022 жылы қой шаруашылығын дамытуға 23,6 млрд теңге, оның ішінде 7 млрд теңге республикалық бюджеттен қосымша бөлінді. Ал биыл осы мақсатқа жергілікті бюджеттерден 19,8 млрд теңге қарастырылып отыр. Қой шаруашылығымен айналысатын агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін несиелендіру «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның еншілес ұйымдары, оның ішінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жүзеге асырылады. Қой шаруашылығын дамытуға «АНК» АҚ-ның «Іскер» және «Агробизнес» бағдарламасы аясында несие алуға мүмкіндік бар. «Іскер» бағдарламасы аясында айналым қаражатын толықтыру мақсатында несие 6 млн теңгеге дейін, мерзімі 5 жылдан аспайтын, жылдық 6%-бен, ал «Агробизнес» бағдарламасы аясында 5 млрд теңгеге дейін, мерзімі 4 жылдан аспайтын, жылдық 22%-бен беріледі. Алайда субсидиялауды ескере отырып, нысаналы мақсатына байланысты несиенің соңғы мөлшерлемесі жылдық 6%-бен де беріледі», деді АШМ Мал шаруашылығы департаменті директорының орынбасары Ерлан Ильясов.
Қой шаруашылығы саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарымен Қ.Медеубеков атындағы қой шаруашылығы ғылыми зерттеу институты тұрақты айналысады. Кейінгі жылдары институт ғалымдары «Етті меринос» (2011) және «Қазақтың етті бағыттағы ерте жетілетін биязылау жүнді қой тұқымдарын» (2016) өндіріске шығарды. Жаңа тұқымды қойлар еліміздің жайылымдық жағдайына жақсы бейімделген. Еті мен жүнінің өнімділігі жоғары және ерте жетіледі, көп төлдейді. Кейінгі 20-30 жылда молекулалық генетика әдістерінің кең таралуына байланысты көптеген елде селекцияның тиімділігі айтарлықтай өсті. Дезоксирибонуклеин қышқылы (ДНҚ) технологиялары негізінде жүргізілген молекулалық-генетикалық зерттеулер арқылы институт ғалымдары 5 қой тұқымын (Ақжайық, Еділбай, қазақтың биязы жүнді, қазақтың құйрықты және Сарыарқа қойлары) генотиптендірді.
2022 жылы ұсақ мал терісінің экспорты мен импорты жүзеге асырылған жоқ. Ұсақ мал терілері өңделмейді. Жалпы, елімізде теріні бастапқы өңдейтін 9 кәсіпорын жұмыс істейді. Өңдеуші кәсіпорындардың қуаты ұсақ малдың 4 млн данадан аса терісін өңдеуге мүмкіндік береді. Алайда 2022 жылы кәсіпорындардың қуаты 14%-ды ғана құрады. Кәсіпорындар қуаты жүктемесінің төмен болуының себебі – шикізат дайындау жүйесінің жоқтығы, сапасының төмендігі. Нәтижесінде, тері отандық қайта өңдеу кәсіпорындарының да, экспорттаушылардың да талаптарына сәйкес келмейді. Содан келіп ірі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер терілерді мүмкіндігінше экспортқа шығарады. Ұсақ және жеке қосалқы шаруашылықтар болса, терілерді аса қауіпті жануарлар ауруларының таралу қаупін тудыра отырып, қоқысқа тастауға мәжбүр.
2022 жылы республикада 40,6 мың тонна қой жүні қырқылған, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 0,6%-ға артық (40,4 мың тонна). Өндірістік қуаты жылына 36,1 мың тоннаға дейін жүн өңдеуге мүмкіндік беретін, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар 2022 жылы 7 мың тоннаға жуық жүнді жуып, экспорттаған. Оның ішінде Қытайға – 5,4 мың тонна, Ресейге – 0,2 мың тонна, Беларусьқа – 0,03 мың тонна, Моңғолияға 0,04 мың тонна көлемінде жүн экспортталған.
Ел көлеміндегі жүнді өңдеуші 13 кәсіпорынның ішінде 4 кәсіпорынның ғана биязы жүнді өңдеу мүмкіндігі бар, қалған кәсіпорындар – кеңес заманынан бері келе жатқан, жаңғыртуды қажет ететін жабдықтар және технологиялармен (негізгі өнімдері: пима, ұлтарақ, киіз) жұмыс істейтін фабрикалар. Қазақстанға негізінен жүнді терең өңдегеннен кейін дайындалған өнімдер импортталады, атап айтқанда: иірілген жіп, мата және кілем бұйымдары.
«Ішкі нарықта жүнге деген сұраныстың болмауына байланысты шаруа қожалықтары оны лақтырып тастайды, өртейді немесе арзанға сатады. Өйткені елімізде қой жүнін түпкілікті өнімге дейін тереңдете өңдейтін бірде-бір кәсіпорын жоқ. Осыған байланысты ұсақ малдың өңделмеген терілеріне экспорттық кедендік бажды 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін алып тастау ұйғарылды. Кедендік бажды алып тастау теріге деген сұранысты қалыптастыруға мүмкіндік береді, нәтижесінде өндірушілер мен тері дайындаушылар ауыл шаруашылығы жануарлары терісінің сапасын жақсартуға қызығушылық танытады. Бұл шара еліміздің әлеуметтік жағдайына да оң әсер етеді. Ауыл шаруашылығы жануарларының терісін жинауға жұмылдырылған жұмыскерлердің саны артады», дейді АШМ Мал шаруашылығы өнімін қайта өңдеу басқармасының басшысы Нұрбала Аймаханова.
«Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидалары» шеңберінде жаңа кәсіпорындарды салу және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту кезінде ауыл шаруашылығы жануарларының терісін және жүнін өңдеу кәсіпорындары шығындарының бір бөлігін (25%) өтеу көзделген. Сонымен қатар инвестициялық субсидиялау шеңберінде жүнді дайындаушы ұйымдарға мемлекеттік қолдау ретінде жүнді қырқу пункттері, жылжымалы қырқу пункті, қойды қырқуға арналған электромеханикалық құрал-саймандарды (25%) субсидиялау қарастырылған.
Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауын жүзеге асыру мақсатында «Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының» «Агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялаудың ұзақ мерзімді жаңа тәсілдерін әзірлеу» 34-тармағын орындау үшін қағидаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылған. Жобаға тері мен жүнді тереңдете өңдеу паспорттары енгізіледі. Сондай-ақ 2025-2026 жылдары Алматы, Ақтөбе облыстарында және Алматы қаласында тері мен жүнді өңдейтін бірнеше инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Қазір жобалардың жобалау-сметалық құжаттамалары дайындық үстінде.
Ел көлемінде 187 млн гектар мал жайылымы бар. Сол жайылымдардың жағдайы да жыл санап нашарлап барады. «Жайылымдар туралы» Заңның нормалары толықтай жүзеге асырылмайды. Ауыл маңындағы жайылымдардың тозуы қатты байқалады. Сонымен қатар шалғайдағы 60 млн га жайылымдарды пайдалануды ұйымдастыру мәселесі де толық шешімін таппай отыр.
Бүгінгі таңда қой шаруашылығы өнімдерінің 70%-дан астамы шағын қожалықтар мен қосалқы үй шаруашылықтарында өндіріледі. Осы үрдіс технологиялық жаңалықтар мен ғылыми жетістіктерді пайдаланып, саланың экспорттық әлеуетін тиімді пайдалануға кедергі болып тұр. Ветеринарлық қызметтің де шешілмей келе жатқан мәселелері бар.
Қанша дегенмен қой шаруашылығы қалыпты дамып жатыр деуге болады. Бір қуанарлығы, қазірде аудан-аумақтардың барлығында дерлік мыңды айдаған байлар бар. Олар мал басын арттыруды ғана мақсат етпей, осы саланы заманға сай дамыту, өздері тұратын ауыл-аймақтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту ісіне де әжептәуір үлес қосып жатыр. Малсақ қауымның жұмысын жеңілдету, жетілдіру жайы да – ұдайы назарда. Мерзімді басылымдардан, әлеуметтік желілерден жиі көріп, сүйсініп жүреміз – шаруашылық басына алаңсыз жұмыс істеу үшін барлық жағдай жасалған, демалыс бөлмесі, моншасына дейін қарастырылған фермер үйлерін салып тастаған шаруа қожалықтарының саны жыл санап артып келеді. Мұндай шаруашылықтарда қолда бар қойды бордақылау, жүн қырқу, мал тоғыту, мал сою, мал өнімдерін өңдеу кешендері де озық технологиялық үлгілермен жабдықталған. Тіпті қидың өзі кәдеге жаратылады. Қысқасы, қалдықсыз өндіріс.
Сөз орайында айта кеткен жөн, қойдың еті де, сүті де адамның ағзасына күш-қуат беруден бөлек, көптеген дертке шипа. Бір ғана мысал, өткен жылдары бүкіл әлемді жайлаған пандемия кезінде құйрық майының құны өсті. Сондықтан еті бағлан, сүті саумал, жүні жібек, елтірісі балғын бейнеткеш жануардың құны жыл санап артып келе жатқанына қуанбасақ, ренжімеуіміз керек. Сол үшін де ел экономикасының маңызды бір бағыты қой шаруашылығын дамытуды әлемдік үлгіге бейімделген тиімді әрі бәсекеге қабілетті боларлықтай жолға қою үшін бұл саланың мезгілдік мәселелері кезек-кезегімен оң шешімін таба беруі қажет.