Мұғалімдер бірінші кезекте саяжайға ауыл мәртебесін беріп, инфрақұрылым жүргізу мәселесін көтерді. Депутаттың айтуынша, бұл мәселе республика көлемінде көтеріліп, Мәжілісте қаралуда екен.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Жарқын Нұрғалымов балаларды тасымалдап оқытуға да осы саяжай мәртебесі кедергі келтіретінін ашық айтты. Себебі, заңда мектеп жоқ елді мекендерден балаларды тасымалдауға қаржы бөлінеді. Ал заң жүзінде саяжайларда елді мекен мәртебесі жоқ. Соған қарамастан білім бөлімі заңды белшесінен басып, саяжай балаларын білім ошақтарына тасымалдайды. Сол үшін заң қадағалаушы органдар білім бөліміне айыппұл да салғанын жасырып қалмады. Саяжайлықтардың өзекті мәселесіне құлақ асқан мәжілісмен бұл түйіткілді оңтайлы шешу жолдары қарастырылып жатқанын жеткізді.
Сонымен қатар депутат саяжай іргесіндегі 900 орындық мектептің құрылысымен танысты. Мердігер мекеме – «Bazis Construction» ЖШС, тапсырыс беруші – Болат Өтемұратов атындағы қор.
«Жалпы сомасы 7 млрд теңге болатын білім ошағы заман талабына сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Құрылыс жұмысына біз толықтай отандық өнімдерді қолданып жатырмыз. Нысанның құрылыс деңгейін апта сайын жергілікті халық қалаулылары бақылайды. Ғимарат келер жылдың соңына қарай толығымен пайдалануға беріледі», деді мердігер мекеменің өкілдері.
Құрылыс жұмысын аралап көрген мәжілісмен бірқатар мәселеге назар аударды. «Мердігерлер мектепті уақытында аяқтауға тиіс», деді Ж.Әшімжан.
Бүгінде №1 Рахат орта мектебіне оқушылар сыймай әлек. Оның үстіне 1 500-ге жуық саяжайлық балалар Есік қаласына тасымалданады. Аталған мектеп пайдалануға берілсе, бірнеше мәселе оң шешімін таппақ.
Қазіргі таңда саяжай маңында заман талабына сай тағы бір білім ошағы бой көтеріп келеді. Жалпы құны 5 млрд теңге болатын 1 475 оқушыға арналған орта мектеп құрылысы жүргізіліп жатыр. Жеке инвестордың қаржысына салынып жатқан мектеп осы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Құрылыс барысымен танысқан депутат мердігер мекеме «Kapital construction» ЖШС-нің өкілдеріне құрылыс сапасына баса назар аударуды тапсырды. Өз кезегінде мердігер құрылыс барысында туындап жатқан қиындықтарды да айтып өтті. Сөзіне сүйенсек, ғимаратқа ауыз су, көгілдір отын тарту мен кәріз жүйесіне қосылу қиындық тудырып отыр. Су мен газды Есік қаласының төменгі жағынан алу керек. Аталған жұмыстарға қосымша 280 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалады.
Сапар соңында мәжілісмен Есік қаласындағы 1 500 орындық мектепке арнайы ат басын бұрды. Бүгінгі таңда оқу ордасының құрылыс жұмыстары аяқталған. Мердігер мекеме «BI Global» ЖШС-нің өкілдері жаңа оқу жылында пайдалануға берілетінін айтты.
Білім бөлімі басшысының айтуынша, мектеп пайдалануға берілсе, Есік қаласындағы 3 ауысымда білім беретін мектептердің мәселесі толығымен шешіледі.
Алматы облысы құрылыс басқармасының тапсырысымен салынып жатқан білім ордасының құрылысына 5 млрд 700 млн теңгеден астам қаржы бөлінген.
Алматы облысы