Шаруашылық • 22 Тамыз, 2023

Күнбағыс жайқалып тұр

201 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Абай облысы Жарма ауданы аумағымен өтетін жолға түскен адамның назарына жай­қалған күнбағыс егістігі бірден түседі. Құдды осынау ұлан-ғайыр алқаптан ал­тын шапақ төгіліп, арбап тұр­ған­дай әсер қалдырады. «Жақ­сыны көрмекке» деген ниетпен иелігіне алған жер­ді игілігіне ұқсатқан аза­маттың кім екенін білуге тырыстық.

Күнбағыс жайқалып тұр

Анықтағанымыздай, бұл егіс­тік алқабының иесі «Нұргелді» ауыл ­шаруашылығы өндірістік коопе­ративінің иесі Мұхтар Той­қыл­ды есімді қандасымыз болып шықты. Қытайдың Алтай ай­мағынан 2005 жылы атажұртқа орал­ған ол алғашында 1-2 гектар жер телімін алып, картоп егіп, со­дан түскен өнімді саудалап, бұ­йыр­ған ризығын көріп жүрген екен.

Сөйтіп, өткен жылы мем­лекет­тің кәсіпкерлікті қолдау кар­тасы аясында 1,5 мың гектар ал­қапты игеруге қол жеткізіп, оған жоңышқа, күнбағыс, қарбыз егу­ге бел шеше кіріседі. Егістік алқа­бына су көзі Шар су қоймасы арқы­лы келеді. Оны Мұхтардың мұрын­дық болуымен жұмысшы азамат­тар түрлі тәсілмен жүйектерге жібереді.

Қолда барды ұқсатып, бұйырған жерді жайқалтқан диқанның айтуынша, күтіп-баптаудың жөнін білген адамға жер-ананың берер несібесі мол.

– Күнбағыс алқабынан 20-25 цент­нер өнім алармыз деп отыр­мын. Қарбыздан 30 тонна ша­масында шығып қалатын сыңай­лы. Екшей қарағанда 400-500 млн теңгенің өнімін алу жолында тын­бай еңбектеніп жатырмыз. Әрине, жұмыс оңай емес. Бірақ жұ­мыс­шыларымның да жағдайын жа­сауға тырысып жатырмын. Жалақылары – 300 мың теңге көле­мін­де. Келешекте біртіндеп баспанамен де қамтып, ынталандырып отыру ниетім бар. Қазіргі уақытта тұрақты 15-20 адам жұмыс істеп жүр. Одан өзге аудан өмірінде болып жататын елдік мақсаттағы іс­терге үлес қосып, әлеуметтік аз қам­тылған отбасыларға да қолұш­ын беріп жүремін, – дейді диқан.

Мұхтар Тойқылдының «Нұр­кел­ді» ауыл шаруашылығы өнді­ріс­тік кооперативі жоңышқа өсіру жобасын да жоспарлап отыр. Құны 6,2 млрд теңгені құрайтын жоба аясында 2024 жылға дейін жоңышқа өндіру зауытын салу­ды жүзеге асырмақ. Жалпы, жерді игеру мақсатында 7 млрд көле­мінде инвестиция тартып, үлкен іске тәуекел еткен азаматтың бет­бұрысы өте ауқымды. 500 гектар аумаққа жоңышқа салған ол «Қал­батаудың жері тастақ, қарбыз шық­пайды» дегендердің де сөзін те­ріске шығарып, таңғалдырып отыр.

 

Абай облысы