Инвестиция • 23 Тамыз, 2023

Тамақ өнеркәсібін инвестициялау маңызды

253 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әлемде адам санының күрт артуы түрлі климат өзгерісі тамақ өндірісі экономикасына жаңа талаптар жүктеп отыр. Технологияларды дамыту, ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібіндегі инновацияларды ілгерілету жер-жаһандағы азық-түлік қауіпсіздігінің негізі болмақ. Мұндай кезде дәл осы бағыттарға салынатын инвестицияны ұлғайту өте маңызды.

Тамақ өнеркәсібін инвестициялау маңызды

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Болжамдар бойынша осы ға­сыр­дың ортасына таман жер бетін­дегі адам саны 9 мил­лиардтан асады. Бұл азық-түлік өндірісінің көлемін ұлғайтып қана қоймай, оның таралуы мен халықтың бар­лық тобына әділ бөлінуін қамта­ма­сыз ету мәселесін қиындата­ды. Сонымен қатар климат­тың өзгеруі тікелей ауыл шаруашылығына әсер етеді. Кейінгі кезде қуаңшылық және су басу сияқты табиғаттың қа­таң құбылыстары да жиілеп кет­ті. Бұл ретте «Freedom Finance Glo­bal» сарапшысы Елдар Шәкенов келең­сіздіктерге қарамастан, ауыл шаруашылығының әлеуеті өте жоғары деп бағамдайды.

«Негізгі артықшылықтардың бірі – ауыл шаруашылығында орнық­тылық пен технология­ны дамыту. «Ақылды» ауыл шаруа­шы­лығы, сенсорларды және дерек­­терді талдауды пайда­лану шығын­­дарды азайтуға, кіріс­ті жақсар­туға және ресурстар­ды оңтайлан­дыруға көмектеседі. Азық-түлік өндірісінде инновация маңызды рөл атқарады. Жасанды ет және сүт өнімдерін, сондай-ақ ақуыздың баламалы көздерін жасау мүмкіндігі осы саладағы инвесторлар үшін жаңа көкжиекті ашады. Бүкіл әлем бойынша азық-түлікті тиімді таратуды қамтамасыз ететін заманауи сақтау және логистикалық жүйелерді дамытуға да көп көңіл бөлініп жатыр. Азық-түлікке деген сұраныс ешқашан азаймайды. Сондықтан осы саладағы маңызды акцияларды қарасты­рып өтудің де артығы болмайды», дейді сарапшы.

«Andersons, Inc.» (ANDE) – ауыл шаруашылығы тауарларының (бидай, тыңайтқыш, жем) өндірісі мен сауда-сат­ты­ғына маманданған әртарап­тан­ды­рыл­ған компания. Жекелеген өңірлерде бөлшек саудамен де айналысады.

Апсайд (күтілетін өсім) – 53 доллар деңгейіндегі орташа мақсатты бағаның 10 пайызы. Компания жеткізу тізбегінің түрлі кезеңін бақылап, үлкен икемділік пен маржаны қамтамасыз етеді. Халық санының көбеюі және азық-түлікке деген қажеттіліктің артуына байланысты ком­пания нарық ауқымын кеңейтті және са­­тылымды арттырды. Сондай-ақ ком­пания логистика мен өндірісте иннова­ция­лық шешімдерді белсенді енгізеді. Бұл өз кезегінде бизнес өсіміне әсер етіп, опера­ция­лардың тиімділігін жақсартады.

«Performance Food Group Co» (PFGC) – мейрамхана, кафе және дүкендерге тамақ өнімдерін жеткізумен айналысатын компания. Жаңа, ұзақ сақталатын және басқа да өнімдердің кең ассортиментіне ие.

Апсайд – 71 доллар деңгейіндегі орташа мақсатты бағаның 18 пайызы. PFGC – АҚШ-тың HoReCa-сегментіндегі тамақ өнімдерінің негізгі жеткізушісі және биз­нес өсімі мен тұрақты тапсырыстарды қамтамасыз етіп отыр. Олар әлде­қай­да саламатты және экологиялық таза нұс­қа­ларды көбірек қоса отырып сатылым желісін белсенді түрде кеңейтеді. Ком­пания шығындарды азайту және маржаны жақсарту үшін технологиялар мен қор­лар­ды басқару жүйелеріне инвестиция салады.

«Archer-Daniels-Midland Co» (ADM) – дақылдарды өңдеуге және азық-түлік ингредиенттеріне маңыз беретін жаһан­дық компания. Сонымен бірге ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерінің саудасымен де айналысады.

Апсайд – 95 доллар деңгейіндегі орташа мақсатты бағаның 18 пайызы. Компания бүкіл әлем бойынша операциялық қызмет көрсетумен айналысады және жаһандық азық-түлік нарығында айрықша орны бар. Олар клиенттік базасын кеңейтіп, тәуекелдерді азайтатын әралуан тағамдық ингредиенттерді ұсынады. Тиімділікті арттыруға және шығындарды азайтуға көмек­тесетін ауыл шаруашылығы және биотехнология саласындағы инновация­лар­ды белсенді түрде зерттейді және енгі­зе­ді.

«Tyson Foods, Inc.» (TSN) – АҚШ-тағы ет өнімдерінің ірі өндірушісі. Негізгі бағыты – ет өнімдерінің өндірісі мен сатылымы.

Апсайд – 56,4 доллар деңгейіндегі орташа мақсатты бағаның 10 пайызы. Бүгінде ет өнімдері нарығының айтарлықтай үлесін бақылап, ірі бөлшек сауда желілерімен тығыз байланыс орнатып отыр. Бұл ком­па­нияның орнықты сұранысы мен күшті позициясына мүмкіндік береді. Компания жаңа сойылғаннан мұздатылғанға дейінгі ет өнімдерінің кең ассортиментін ұсынады.

«Mondelez International, Inc.» (MDLZ) – кондитерлік өнімдер мен тіскебасарлар өндірісіндегі көшбасшы компания. Олар көпшілікке «Oreo», «Cadbury», «Milka» маркаларымен танымал.

Aпсайд – 81,4 доллар деңгейіндегі орташа мақсатты бағаның 13 пайызы. Әртүрлі нарығында ауқымды тұтынушылық аудиториясы бар, сол себепті де жетекші позицияға ие. Олардың қуатты дистрибьюторлық же­лі­лері әлемнің кез келген өңіріне тауар жеткізуге жағдай жасайды. Тұтынушылар арасында мойындалу мен танымалдылыққа ие болу компания өнімдеріне тұрақты сұраныс пен пайда әкеледі.

«Міне, тамақ өнімдеріне қаржы құю осылайша инвесторлар үшін тартымды болып тұрған жайы бар. Өйткені азық-түлікке деген сұраныс әркез жоғары. Жоғарыда аталған компаниялардың нарықтағы же­текші позицияларға, инновациялық тәсіл­дерге және әртараптандырылған өнім же­лілеріне негізделген күшті инвес­ти­ция­лық ұстанымдары бар. Алайда кез келген инвестиция секілді бұл саланың да әлеуетті мүмкіндіктері мен тәуекелдерін ескеру керек. Содан кейін ғана шешім қабылдап, салған салымнан табыс таба бастауға болады», дейді Е.Шәкенов.