Сенаторлар облыс әкімімен және өңірдің мәслихат депутаттарымен бірге бірқатар кездесу өткізіп, азаматтардан келіп түскен маңызды мәселелерге назар аударды. Кездесуге қатысушылар мемлекеттік сатып алудың тиімділігін арттыру, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы жылыту маусымына дайындық мәселелерін атап өтті.
«Мемлекеттік сатып алуды уақтылы және сапалы орындау бюджеттік бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асырудың тиімділігіне әсер етеді. Бұл өз кезегінде азаматтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға мол септігін тигізеді. Сондықтан ұсынылған өзгерістер өңірдің экономикалық қызметі пен инвестициялық ахуалына оң әсер ететінін атап өту маңызды», деді Сергей Карплюк.
Сонымен қатар сенаторлар мәслихат депутаттарымен ауылдардың тұрақтылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ импортқа тәуелділікті азайту және ішкі өндірісті дамытуды ынталандыру бойынша бірлесіп атқарылған жұмысты талқылады.
«Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеп, ішкі нарық үшін дайын өнім жасау қажет. Бұл қосымша құн жасауға және азық-түлік түрін арттыруға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығының өнімділігі мен тиімділігін арттырудың, сондай-ақ дайын өнімдердің кең ассортиментін ұсынудың арқасында бағаны күрт өсірмей, халықтың күннен-күнге өсіп келе жатқан сұранысын қанағаттандыруға болады», деді сенатор Ғауез Нұрмұхамбетов.
* * *
Сенат депутаттары Ақмарал Әлназарова мен Руслан Рүстемов Қызылорда облысының бірқатар әлеуметтік нысанын аралады.
Сенаторлар девиантты мінез-құлықты балаларға арналған интернаттың және кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының жұмысымен танысты. Кездесу барысында депутаттар әлеуметтік саланы дамыту үшін қабылданған маңызды заңдар мен балаларды қолдауға қатысты өткізілген ауқымды мемлекеттік іс-шаралар туралы айтып берді. Сонымен қатар сенаторлар «Нұра топтық су құбыры» ШЖҚ РМК ұжымымен кездесті. Кездесу кезінде өзекті мәселелер, оның ішінде қызметкерлердің жалақысы, инфрақұрылым және сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету сияқты түйткілдер талқыланды.
Сенаторлар Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге Қазалы ауданының Әйтеке би кентіндегі 250 орындық мектеп құрылысымен, №92 мектепте жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ Арал ауданында 11 шақырымнан астам бөлікті құрайтын «Самара – Шымкент» республикалық маңызы бар автожолды жөндеу барысын бақылады. Одан бөлек, сенатор Ақмарал Әлназарова облыстық мәслихаттың жыл сайынғы сессиясына қатысып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы сөз сөйледі.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік саясатты жетілдіру жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Қуатты өңірлер – еліміздің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты мен бәсекеге қабілеттілігінің негізі. Сондықтан өңірлердің теңгерімді дамуына ықпал ету – Сенат қызметіндегі басым бағыттардың бірі», деді сенатор.
* * *
Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Алматы облысына қарасты Талғар ауданының Белбұлақ ауылындағы күрделі жөндеу жүріп жатқан мектепке барды.
Білім мекемесінде 600-ге тарта бала оқып келген. Оқу орнының құрылысы жоспар бойынша келесі жылдың наурыз айында бітуге тиіс. Бірақ мердігерлер осы жылдың соңына дейін аяқтап береміз деп отыр. Оған дейін балалар елді мекендегі ескі мектепте оқиды.
«Мектеп 60 жыл бұрын салынған. Сол жылдан бері қарай ешқандай күрделі жөндеу жұмыстары жүрмеген. Күрделі жөндеу уақытында 640 оқушы №32 мектептің ескі ғимаратында оқитын болады», деді Талғар ауданы әкімінің орынбасары Айбек Бидаев.
Қала іргесіндегі білім ордаларында орын тапшылығы – басты мәселе. Тіпті үш ауысымда білім беретіндері де бар. Бұл мәселе «Amanat» партиясының назарында. Жол картасында көзделген жоспарларды орындау мақсатында Мәжіліс депутаты білім беру нысандарын аралап, оқу жылына дайындықтарын тексерді.
«Былтырдан бері өңірлерді аралап келемін. Үш ауысымды мектептердің проблемасы әр облыста бар. Өңірдегі қала іргесіндегі мектептердің мәселесі күн тәртібінде тұр. Әсіресе Талғар, Еңбекшіқазақ, Іле ауданында осы түйткілді жеделдетіп шешу керек. Өйткені саяжайдағы азаматтар балаларын көршілес елді мекендегі мектептерге тасып әлек», деді Жанарбек Әшімжан.
Мәжілісменнің айтуынша, облыс бойынша ауданның білім бөлімдері оқуға 100 пайыз дайын екендігін жеткізді. Бірақ кей жерлер 2-3 айға дейін кешігетінін айтты. Бұл мәселені жергілікті атқарушы билік қолға алмақ. Талғар ауданында үш ауысымды мектеп мәселесі өзектілігін жойған жоқ. Жаңа оқу жылында 43 мектептің бесеуі үш ауысымда оқытуды жалғастырады.
Жалпы, облыста үш ауысымда оқытатын 51 мектеп бар. Партияның Сайлауалды бағдарламасы аясында осы мәселені жою үшін бес жылда 53 жаңа мектептің құрылысы жоспарланған. Ал 39 білім беру нысанында сапалы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.