Өнер • 23 Тамыз, 2023

Үздік тауарлар анықталды

200 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жуырда Қонаев қаласында «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқауы ұйымдастырылды. Сондай-ақ іс-шара аясында «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушыларының көрмесі өтті. Орталық алаңда өткен іс-шараға 80-ге жуық кәсіпкер қатысты. Көрмені тамашалай келген қонақтар тауарларды өндірушілерден өз бағасына сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

Үздік тауарлар анықталды

Іс-шараның салтанатты ашы­­луында Алматы облысы кә­сіпкерлер палатасының бас­қарушы директоры Ержан Дүй­секенов байқаудың мақсаты кәсіпорындардың қызметін жандандыру, отандық тауарлардың сапасын арттыру және ел на­ры­ғын бәсекеге қабілетті өніммен толықтыру екенін атап өтті. Сондай-ақ ол осы көрме ар­қылы өңірдің жеке брендтерін құру, маркетинг және нарықтағы өнімнің құндылығын арттыру жолында тер төгіп жүрген отан­дық кәсіпкерлердің еңбегіне толағай табыс тіледі.

Келесі кезекте Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан осы байқау арқылы халық арасында сапа идеясы ке­ңінен танылып, еліміздің нарығы бәсекеге қабілетті өнімдермен толыға түсетінін тілге тиек етті.

апр

«Кейінгі бес жылда кәсіппен айналысушылардың өңір экономикасын дамытуға қосқан үлесінің нәтижесінде өнеркәсіп көлемі екі есеге артып, өткен жылдың қорытындысы бойынша 1,6 трлн теңгені құрап, 2021 жылғы көрсеткіштен 300 млрд теңгеге өсіп отыр. Бүгінде облыс­та 120 мыңнан аса шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы шеңберіндегі негізгі мақсаттың бірі – шағын және орта бизнестің үлесі елдің ішкі жалпы өнімінің кемінде 35 пайызын қамтамасыз ету. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде халық тұтынатын тауарлардың отандық өндірісін қолдау мақсатында «Кәсіпкерлікті дамытудың 2022 жылға арналған ұлттық жобасы» аясында 18,8 млрд теңгенің жобалары қаржыландырылды. Шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған қолдау 250 мыңнан аса адамды немесе экономикалық белсенді халықтың 26 пайызын жұмыспен қамтып отырған өңір экономикасының дамуына орасан зор мультипликативті әсер береді», деді облыс әкімінің орынбасары.

«Бір ауыл – бір өнім» ауыл тұрғындарының әл-ауқатын және кәсіпкерлердің кірісін арттыру, бір ауылды бәсекеге қабілетті бір өнім шығара алатындай деңгейге жеткізу үшін қолға алынған жоба екенін атап өткен облыстық «Ата­мекен» кәсіпкерлер палатасына қарас­ты іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Ботабекова өз өнім­­дерін көпшілік назарына ұсын­­ған кәсіпкерлерге сәттілік тілей отырып, кәсібін дөңгелетіп жүрген барша әйелдер қауымына қолдау білдіретінін ашып айтты.

Өз кезегінде өңірлік кәсіпкер­лер кеңесінің төрағасы Ерік Әби­тов те мемлекет тарапынан кә­сіп­керлікті дамытуда бір­қа­­­тар бағдарламаның барын атап, оған облыс әкімі Марат Сұл­­тан­ғазиевтің үнемі қолдау көрсе­­тетіні үшін ризашылығын біл­дірді.

Іс-шараға қатысқан қонақтар назарына Сүйінбай атындағы облыстық филормония өнер­паздарының концерттік бағдар­ла­масы ұсынылды. Отан­дық өнім­дердің сан түрі таныстырыл­ған көрмеде өзінше өрнегімен көзге түскен аудандар аз болмады. Айталық, Жамбыл ауда­нынан арнайы ат арытып келген көрме қонақтарын батыр жауын­герлер мен ұлттық киімдегі кө­рікті қыздар қарсы алса, Қарасай өңі­рінен келген қонақтарды қос ішек­ті домбыра шерткен дуэт жыр-шашумен қарсы алып жат­қан көріністер көңілге қуаныш себеледі.

Құрамына жергілікті билік пен қоғамдық ұйымдардың өкіл­дері, облыстың өңірлік кеңесі мен кәсіпкерлер палатасының мүшелері кірген арнайы комиссия үздік тауарларды «Үздік өнер­кәсіп тауарлары» және «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша анықтады.

Комиссия құрамының шеші­мі­не сәйкес «IT&M» компаниясы «Үздік өнеркәсіп тауарлары» аталымының жеңімпазы атанды. «IT&M» ЖШС – Қа­зақстан аумағында «Misot-Flex» маркалы синтетикалық пенопласт шығаратын желіні іске қосқан алғашқы компания.

Екінші орынды инновациялық молекулалық технологияларды қолдану арқылы әзірленген бірегей синтетикалық майларды шығаратын компания «ЛУКОЙЛ Лубрикант Центральная Азия» ЖШС иеленді.

Механикалық беріктіктің жоғарылауына және сәйкесінше кабельді қорғауға арналған жо­ғары сапалы құбырларға кепілдік беретін ТМД елдеріндегі бірін­ші спиральды құбырларды өндіру­дің инновациялық технологияларын пайдалануға негізделген «Беріктігі жоғары кәбілдік құбырлар зауыты» кәсіпорны үздік үшінші орынға тұрақтады.

Ал «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымында жалғыз же­ңім­паз «AsiaAgroFood» АҚ атанды.

«Біз – Қазақстанда сироптар, мал азығы және нан ұнының өндірісі бойынша көшбасшымыз. Негізгі қызметіміз – бидай дәнін ұнға және жүгері дәнін глюкоза-мальтоза сироптарына өңдеу, сонымен қатар мал азығының барлық түрін өндіру. Барлық цех пен өндіріс Германияда, Швей­царияда, Италияда және АҚШ-та шығарылған ең жа­ңа,­ өнімділігі жоғары жабдық­тар­мен қамтылған. Сондық­тан еңбегіміздің жақсы баға­ланғанына ризамыз. Біз облысымызды республикалық деңгейде мақтанышпен көрсетеміз», деп атап өтті компания өкілдері.

Сондай-ақ «Қазақстанның үздік тауары» байқауы аясында алғаш рет «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылардың өнімдері ұсынылды.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасы – өз экономикасын жақсарту үшін әлеуетті табиғи ресурстарды пайдалану арқылы ауылдық жерлерде экономикалық өсудің құралы. Ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеру, сату және кірісті арттыруға негізделген.

Көрмеге қатысушылардың көпшілігі мұндай іс-шараларға алғаш рет қатысып отырғандарын атап өтті. Мәселен, Райымбек ауданынан келген кәсіпкер Күл­парқан Тоқтақын квиноадан емдік қара сабын жасаумен айналысады екен.

«Ежелден ата-бабаларымыз квиноадан жасалған қара сабынды күнделікті өмірде қолданған. Ал көне емшілер сабын арқылы ең ауыр жараларды емдеп, тіпті операция кезінде дезинфекциялау­шы құрал ретінде пайдаланған», деп өз өндірісімен таныстырды кәсіпкер.

Сондай-ақ Кеген ауданында кәсіпкерліктің өрісін кеңейтіп отырған Саниязовтар отбасының саудаға шығарған таза табиғи сары майы мен кілегейіне, құрт-ірім­шігіне сұраныс артты. 2012 жылы «Саниязов» шаруа қо­жалығын құрған Кеген ауда­нының құрметті азаматы, аудан­дық мәслихаттың бірнеше мәрте депутаты болған Серік Са­ниязовтың ұлы Нұрбек пен келіні Альфия Мелісова байырғы технологиямен сүт өнімдерін шығаруда көш бастап тұр.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан қолдау тауып, жоғары сапалы аяқкиім тігуді жолға қой­ған Жамбыл ауданының ісмері Нұргүл Дәлелханқызының өнімі де көптің қызығушылығын тудырды.

Көрмеде жұмыс тобы үздік 10 қатысушыны таңдады. Әрі қарай осы кәсіпкерлер туралы толық презентациялар әзірленіп, олар бренд-комитетке ұсынылады. Комитет осы тізімнен үш жеңім­пазды таңдайды. Олар бұл жоба­ның көптеген мүмкіндігіне қол жеткізе алады. Атап айтсақ, жыл­д­ың соңына дейін оқыту және маркетингтік қызметтер, ерек­ше маңызды сертификаттар, ішкі және әлемдік нарықтарда жылжыту, брендті дамыту, ди­зайн жасау және басқа да жеңіл­дік­терді пайдалануға қол жеткізеді.

 

Алматы облысы