Бірімен-бірі жымдасып, иықтаса қатар өрілген түрлі түстер галереясы бейнеленген картина көрушінің назарын бірден аудартады. Жалпы, кескіні құрақ көрпені еске түсірген сурет атауына қарап, еріксіз ойға батасың. Адамның бір сәтте мың сан тарапқа құбылатын ойын біреу көркемсөзбен жеткізсе, енді біреу бояулы түспен айшықтайды. Ойдың қай кезде қандай түске боялып жатқанын әркімнің өз іші ғана білсе керек. Автор да өз бойынан байқаған ой құбылыстарын салып отыр. Картинаға ұзақ үңіліп тұрып, түрлі бояудың арасынан сол сәттегі өз ой-түсіңді, өз күйіңді іздейді екенсің.
Аталған шығармада барлық түс бейнеленген. Жалпы, автор сурет салуда көк пен күлгін түсті жиі қолданады. «Ой түстерінде» де солай. Бірақ қара түс жоқ. Суретшінің ойынша, қара түс болса, «Өмір түстері» деп аталар еді.
«Бұл картинаны салуға бір ай уақыт жұмсадым. Медиативті көңіл күйде салдым десем болады. Әйтпесе мұндай картинаны салу қиынға соғар еді. Ал адам ойының түрлі күйлерін түспен бейнелеу идеясы қалай туды дейсіз ғой, ылғи өз ойларымды бақылап жүрдім. Яғни өзіме эксперимент жасадым. Байқағанымды түстермен жеткізгім келді», дейді суретші.
Иә, өмір ойдан басталады. Ой-санамызда, бейнелеп айтқанда, қандай түс көбірек болса, өміріміз де, өмірге деген көз-қарас та сол түске қарай өзгере бермек.
Автор қаламына көрінбейтін энергияларды бейнелеу стилі тән. «Ой түстерінен» бөлек «Тыныштық дыбысы», «Жұпар түсі», басқа да картиналары бар. Айта кетейік, Р.Ақанаевтың жұмыстары «Шығыстық галерея» (Мәскеу), «Алыс әлемдер» (Вашингтон), «Has Sanat» (Астана), «Трибуна» (Алматы) галереяларында қойылған. Сондай-ақ картиналары Қазақстан Президентінің (2005), Ресей, Германия, Франция, Америка, Канада, Лихтенштейн, Швейцарияның жеке коллекцияларында сақтаулы. «АРТ-МИФ» (Мәскеу қаласы, 1993), «Ел жастары» (Мәскеу қаласы, 1986) көрмелеріне қатысқаны да белгілі. Мәскеу (1995), Эрфурт (1994), Вашингтон (1999), Астана (2004), Алматы (2002) қалаларында жеке көрмесін өткізген.
Суретші шығармашылықта жан-жақтылығымен ерекшеленеді. Кескіндеме, графика және мүсін өнері саласындағы түрлі сарындағы жұмыстары өзіндік стильге ие. Оның стимпанк стилінде орындалған Дон-Кихот мүсіні Ә.Қастеев атындағы музейде тұр. Туынды келушілердің назарын ерекше формасы мен материалымен баурайды. Ал «Шығу тегі туралы аңыз» триптихінде жартасқа салынған суреттер киіз кілемді еске түсіретін түрлі түсті құрақтарға толы кенептің кеңістігінде бейнеледі. Яғни өмірдің байырғы философиясы, болмыстың нәзік үйлесімі суретші қылқаламының бір тақырыбына айналған.
Сурет өнерінде автордың өз аты ғана емес, әулеті де әйгілі екені баршаға мәлім. Қазақ қылқалам шеберлерінің ішінде Ақанаевтар есімі ерекше аталары сөзсіз. Сырлы сурет салудың хас шебері атанған Ақанаев әулеті – суретшілер династиясы. Оның басында Амандос Ақанаев пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нэлли Бубэ тұр. Бұл күнде аты әлемге әйгіленген әулеттің бас иесі, суретші, кескіндемеші Амандос Ақанаевтың қылқаламынан туындаған төрт мыңнан астам төл туындының жартысына жуығы Мемлекеттік мұражайдан бастап, Мәскеудің Третьяков галереясында, АҚШ, Италия, Франция, Грекия, басқа да көптеген елдің Орталық музейлерінде қойылған.
Атадан балаға дарыған, қанмен келген өшпес өнерді әспеттеп, жібін үзбей жалғастыру дәстүрі – ұлттық құндылықтың нағыз көрінісі емес пе?
Әйгілі әулеттің балалары Русланның, Ботагөздің, Ескендірдің картиналары да сурет әлемінде танымал. Немерелері Аспарух, Мұхит, Рада, Глеб, Александра және Мұхиттың зайыбы Дарина да шығармашылықпен айналысады. Олардың туындылары да отбасылық көрмелерде көпшілік назарына ұсынылып жүр. Тұтас суретшілер толқынын шығармашылықтағы жарқын энергетика байланыстырады. Картиналарында өмір бардай, тіршіліктің тынысын беріп тұрғандай көрінеді. Бүгінгі кейіпкеріміз Руслан Ақанаевтың сурет өнеріндегі өзіндік болмысы, ерекше қолтаңбасы, соны стилінің сыры да осы – сонау тереңнен тартатын, тәрбиемен дарыған алтын үзіктің жалғасы екеніне көзіміз жетті.