Инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының деректері бойынша елімізде 400-ден астам арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді. Осы орайда ерекше білім беруді қажет ететін балалардың арнайы және инклюзивті білім алуын, педагог кадрлармен қамтамасыз ету, білім беру сапасын арттыру бағытындағы іс-шаралар өңірлер бойынша іске асып келеді.
Алматы қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша, оңтүстік астанада инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын мектептер саны жыл сайын артып келеді. Қазіргі уақытта қалада 182 мектепте ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға жағдай жасалған. Биылғы оқу жылынан бастап тағы да 16 мектеп тізімді толықтырады. 2020-2021 оқу жылында инклюзивті білім берумен 3 672 бала қамтылса, 2022-2023 оқу жылында бұл көрсеткіш 4 632-ні қамтып отыр.
– Қазіргі кезде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау кабинеттері жұмыс істесе, соның 8-і – аудандардың тірек мектебі. Бұл бағытта білім беру үшін мұғалімдерге әдістемелік көмек қарастырылған. Сонымен қатар білім берудегі жаңа технологиялардың қалалық ғылыми-әдістемелік орталығының базасында инклюзивті ресурстық орталық ашылып, мектептер үшін 600 педагогтің біліктілігін арттыру жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсететін жеке ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға конкурс жарияланды, – деді Л.Жылқыбаева.
Оның айтуынша, жаздың басында Наурызбай ауданында жобалық қуаты аптасына 5 мың баланы қамтитын инновациялық шығармашылық орталық ашылған. Биылғы оқу жылы басталғанға дейін осындай орталықты Алатау ауданында ашу жоспарланған. Мұндай орталықтардың мүмкіндігін пайдаланып, қосымша білім саласына ең үздік мамандарды тартып отырып, креативті идеялар алаңына айналдыру көзделіп отыр.
Сонымен қатар өткен ғасырдың 30-жылдары Түрксіб және Бостандық аудандарында салынған екі оқушылар үйінің орнына күніне 800 баланы қабылдау мүмкіндігі бар заманауи даму және шығармашылық орталықтарын салу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда жоба дайын, ал құрылыс-монтаж жұмыстары келер жылы басталады. 2025 жылға дейін қажеттілік бар аудандарда халықаралық стандарттарға сәйкес келетін қосымша білім беретін тағы да 3 заманауи орталық салынбақшы.
АЛМАТЫ