Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Көзден таса болған тау-тау қалдықтар бұған дейін қала сыртындағы полигон шұңқырларына есепсіз көміліп келді. Олай жалғаса берсе мәселе ушығатынына мән беріліп, әлемдік тәжірибеге сай салаға қатысты заң қабылданды. Содан бері қоқысты сұрыптап көму жүйесіне көңіл бөлінгенімен, жарамсыз қалдықтарды қайта өңдеу ісіне әлі де қауқарсыз болып тұрмыз. Қоқысты қайта өңдеуге машықтанған елдер ескі бұйымдарға екінші өмір сыйлап жатқанда, екі миллионнан асатын халқы бар мегаполисте қоқыс шығарумен айналысатын серіктестік пен жауапты басқарма арасында дау туды.
Ай басында Алматылық кәсіпкерлер қаладағы қоқыс мәселесіне қатысты қордаланған проблемалардың барын алға тартып, өздерін ашындырған кейбір жайттарға қатысты қоғамнан араша сұрады. Атап айтқанда мегаполистегі қоқыстардың басым бөлігін тасымалдап, сұрыптаумен айналысатын «АҚ Тәртіп» ЖШС ұжымы қала басшылығына базынасын білдірді.
Елдегі Экологиялық кодекске 2016 жылы қоқысты сұрыптамай көмуге жол бермеу туралы қаулы енгені мәлім. Жаңа ережелердің қолданылу мерзімі 2019 жылдан бастап белгіленген еді. Осылайша, Экологиялық кодекстің талаптарын орындау үшін еліміздің әр қаласында қоқыс сұрыптау кешені 2019 жылдың 1 қаңтарына дейін салынуға тиіс болатын. Өкінішке қарай, кейбір аймақтар үшін бұл әлі күнге дейін күрмеуі көп күрделі мәселе ретінде қалып отыр. Ал миллиондар тоғысқан мегаполис жеке инвесторлардың көмегімен аталған мәселенің орайын тапқандай болған. Әкімдік тарапынан қымбат кешеннің құрылысы мен іске қосылуы тек жеке инвестордың қаражаты есебінен жүзеге асатыны айтылып, қатты тұрмыстық қалдықтарды басқарудың кешенді жүйесі енгізілді. Содан бері «АҚ Тәртіп» ұйымы жеке инвестор ретінде өз есебінен жер сатып алып шаһардың қоқыс мәселесін қолға алған. Жеке серіктестіктің есебінен 2018 жылы қуаттылығы жылына 550 мың тонна қоқыс сұрыптауға қауқарлы кешен салынды. Оған соңғы үлгідегі жабдықтар орнатылып, қаланың барлық қоқыс таситын көліктері жаңартылған. Полигонды еуропалық стандарттар бойынша толық қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, шартқа сәйкес инвестициялардың өтелу мерзімі 25 жыл деп белгіленген.
«Қаланың экология басқармасы осы еңбегімізді елемей, жеме-жемге келгенде 25 жылға белгіленген келісімшарт аяқ асты болғалы тұр» деген ұйым өкілдері наразылықтарын білдірді.
«Күні бүгінге дейін жауапты басқарма бізге жобаны орындау құқығын бергені болмаса, басқа мәселелерге араласқан жоқ. Қала бойынша қоқысты жинау және шығару қызметін абыроймен орындап келеміз. Нақты айтар болсақ, жылына 360 мың тонна, тәулігіне 1,5-2 мың тонна қоқысты жинап шығарамыз. Бұл жобамен күніне 45 вагон айналысады. Бүгінге дейін ТМД және Орталық Азия елдеріндегі қоқыстарды шығару және сұрыптау бойынша ең кәсіби оператор ретінде мойындалдық. Сондай-ақ еліміздің түрлі қалаларының әкімдіктеріне салаға қатысты кеңес беріп, өңірлердегі мамандарды оқытып келеміз. Қоқысты шығаруға, сұрыптауға және көмуге тартылған компаниялар тобының 500 қызметкерінің кемінде 20 пайызы біліктілікті арттыру үдерістеріне қатысады. Бәрімізді тосырқатқан жай арадағы келісімшарттың аяқ асты жарамсыз деп танылуы. Бұл Экологиялық кодекстің бұзылуына және Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін белгілі бір тәуекелдерге әкелуі мүмкін», дейді серіктестік басшысы Нұрлан Байтөреев.
Өз кезегінде қалалық Экология басқармасының да серіктестікке қатысты айтар уәжі жоқ емес. Басқарма басшысы ұжым монополияға жол берген деп пікір білдіргенге ұқсайды. Баға мәселесіне қатысты да ұжымға тағар міні бар. Күні бүгін қалада қоқыс шығаруға тұрғын басына шаққанда 553 теңге төленеді. Компания өкілдері бұл қаражат қымбат деп айтуға келмейтінін алға тартып отыр. Кейбір сарапшылардың пікірінше, егер «АҚ Тәртіп» өз жұмысын тоқтатар болса, Алматы үш күннің ішінде қоқыс алаңына айналуы ғажап емес. «Ал басқа мердігермен келісімшарт жасау жұмыстарының өзі кемі үш айға созылуы мүмкін. Жаңа компания тарифті өсіретіні тағы анық», дейді олар.
«Жауапты басқарма ұжымға қатысты келісімшартты бұзып, өрескел қателікке жол беріп отыр. Жап-жақсы жұмыс істеп тұрған жүйені өзгерту кімдерге қажет болғаны белгісіз. Біріншіден, ұжымның монополияға жол берген-бермегенін әкімдік емес, монополияға қарсы агенттік анықтайды. Көріп отырғанымыздай баға 2017 жылдан бері өзгеріссіз қалған. Негізсіз айтылған пікір үшін заң алдында жауапқа тартуға да болар еді. Бүгінгі нарықта бәсекеге қабілетті, барлық талапқа сай соңғы үлгідегі техникамен жарақталған қоқыс шығарумен айналысатын ұжымдар некен-саяқ. Ұжымның қызметі тоқтар болса, барлық техникасын алып кетеді. Ал жаңа келген компанияны құрылғылармен қамту бюджеттің бір бүйірін жабардай қыруар қаржыны талап етеді. Сондықтан жауаптылардың мұндай негізсіз қадамға бармағаны абзал», дейді заңгер Макиш Есқараев.
Серіктестік пен басқарма арасындағы дау байыпты шешімін таба жатар. Ал қоқысты сұрыптау мен қайта кәдеге жарату мәселесін жолға қоюға кешенді қөзқарас қажет екені анық. Ел аумағында жылына 5 миллион тоннадан астам қалдық шығарылатын болса, оның миллион тоннаға жуығы Алматы қаласына тиесілі. Біз айтып отырған қоқыс көлемінің 10 пайызын қайта өңдегеннің өзінде қалдықтардың 90 пайызы полигондар мен заңсыз қоқыс орындарында жылдап жинала береді. Бұл өз кезегінде қоршаған орта үшін қолайсыз жағдай тудыратыны белгілі. Еліміздегі қоқыс полигондарының жартысына жуығы қалдық суларды жинау және қайта өңдеу жүйесімен жабдықталмағанын ескерсек, бұл тұрғыда алаңдауға негіз бар.
Ресми деректер бойынша, күн сайын әлемде 4 миллион тоннаға жуық қоқыс жиналады. Ғалымдар енді жиырма жылдан кейін бұл көрсеткіш 12 миллион тоннадан асып жығылады деп есептейді. Сондықтан қоқысты қайта сұрыптап кәдеге жарату ісін қарқынды ілгерілету әлем елдерін толғандырған негізгі мәселенің бірі болып отыр.
«Нью-Йорк, Ыстанбұл секілді алып мегаполистер қалдықты сұрыптап жинаудың озық тәжірибесін әлдеқашан жолға қойған. Халық та тұрмыстық қалдықтарды жіктеп, арнаулы жәшіктерге салуға дағдыланған. Бұл – сала мамандарына үлкен көмек әрі қоршаған ортаға қамқорлық. Біздің үлкен қалаларда бұл жүйе қанатқақты жоба ретінде іске аса бастағандай болып еді. Дегенмен, нәтиже көңіл көншітпейді. Өкінішке қарай, бұған біздің ресурсымыз да, тұрғындардың мәдениеті де сай келмей тұр», дейді эколог Мөлдір Айтқалиқызы.
АЛМАТЫ