Экономика • 24 Тамыз, 2023

Мақсат – көгілдір отын қорын кәдеге жарату

127 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазір отандық экономикада газ саласына талап күшейіп отыр. Газ өндіруді арттыру, жаңа газ өңдеу қуаттарын құру және газ құбырлары желісін дамыту –мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Өйткені газ өндірісі елдегі экономикалық және әлеуметтік әл-ауқатты жақсартуда шешуші рөл атқарады.

Мақсат – көгілдір отын қорын кәдеге жарату

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Газ қоры бойынша Қазақстан әлемде 22-орынды иеленсе, ТМД елдері арасында Ресей мен Тү­рік­менстаннан кейінгі 3-орында тұр. Энергетика ми­нис­трлігінің мәліметтеріне қа­ра­ғанда, былтыр бізде 27,8 млрд текше метр тауарлық газ өндіріліп, соның 19,3 млрд ішкі нарыққа жіберілсе, 4,6 млрд экспортталған екен. 2020 жылмен салыстырғанда ішкі тұтыну 2 млрд текше метрге көбейген. Биыл 55 млрд текше метр ілеспе мұнай газын өн­ді­ру жоспарланған. Ал соның 28 млрд-ы ғана тауарлық газға ай­налмақ. Бұл ретте ішкі және сырт­қы нарықты газбен қам­та­ма­сыз етуде бізде 79 газ өнді­ру­ші компания жұмыс істейді.

Негізінен елімізде газдың жүз жылға жетерлік қоры бар десе де, оны өңдеу және жер бетіне алып шығу үлкен шығынды қажет ететін көрінеді. РИА Rating мә­лі­метіне сүйенсек, Қазақстан әлем елдері арасында газдың қолжетімділігі жөнінде алғашқы орында екені көрсетілген. Мұнда әр тұрғын өзінің орташа айлық жалақысына 10 мың текше метр газ сатып ала алады. Бізде жа­лақы жоғары емес, дегенмен рейтингтегі өзге елдермен са­лыс­тырғанда газ бағасы арзан. Екінші орында – Ресей. Мұнда әр тұрғын 7,6 мың текше метр газ сатып ала алады. Сондай-ақ алғашқы бестікке Беларусь, Люксембург және Ұлыбритания кіреді екен. Бұл елдердің азаматтары жалақыларына 3 мың текше метрден аса газ сатып алу­ға мүмкіндігі жетерлік. Табиғи газдың ең аз мөлшерін, яғни 421 текше метр – Молдованың еншісінде. Молдовадан өзге, аутсайдерлер арасында Румыния, Чехия, Болгария мен Грекия да бар. Бұл елдерде тұрғындар айы­на 800 текше метрден аз газ сатып алған. Алдағы уақытта сарапшылар газ бағасының міндетті түрде көтерілетінін, әйтпесе, газ ком­па­ния­ларының шығынға ұшы­рай­ты­нын айтады.

«Мемлекет газды жер қойна­уын пайдаланушылардан өзін­дік құнынан төмен бағада сатып алады. Әр текше үшін Qazaq­Gaz 10 теңге жоғалтып отыр. Бол­жам бойынша 2022 жылдың өзінде компания 180 млрд теңге жоғал­тқан. Баға саясаты мен та­рифті қайта қарамаса, алдағы 2-3 жылда QazaqGaz трлн теңге шы­ғынға батады. Бұл ретте ком­пания баға реттеуге аралас­пайды. Газ сала­сындағы баға мәсе­лесін мем­­ле­кеттік органдар қада­ға­лай­ды», дейді «QazaqGaz» ҰК» АҚ бас­қарма төрағасы Санжар Жаркешов.

Қазір еліміздегі газдандыру деңгейі – 53,1 пайыз. Оның игі­лі­гін көріп отырған 1 700-ден аса елді мекендегі 11 млн тұрғын табиғи газбен қамтылып жатыр. 2030 жылға қарай 13 млн адамға жеткізу көзделіп отыр. Бүгінде бір жылдық тұтыну көлемі 18,6 млрд текше метр шамасында шықты.

Энергетика министрлігінің мәлі­меттеріне сүйенсек, газ тұты­ну өсімі шамамен 35% немесе жыл сайын орта есеппен 7%-ды құрайды. Сондықтан сарап­шы­лардың пікірінше, Ресейден бізге шамамен 7-10 млрд текше метр газ қажет. 2022 жылдың қара­ша­сында Қазақстан, Ресей және Өз­бекстан арасында газ сала­сын­да­ғы үшжақты ынтымақ­тас­тықты қалыптастыру бастамасын Ресей жариялаған еді.

Қазақстанның газ тасымалдау жүйесі ресейлік газды Өзбекстан бағы­тында транзиттеу үшін Үкі­мет пен «Газпром» жария акцио­нерлік қоғамы арасында ресейлік газды Өзбекстанға тасымалдау мақсатында «Орталық Азия – Орталық» магистралдық газ құ­бы­рын дайындау жөніндегі іс-ша­ралар жоспарына қол қойып, техникалық дайындық жұмыс­тары басталып та кетті.

Газ құбырын тартуда Маң­ғыстау №14 учаске, Батыс Қазақ­стан №1 учаске және Атырау облыстарындағы №2, №13 учас­ке­лерінде жөндеу-қалпына кел­тіру жұмыстары уақытымен жүр­гі­зіліп жатыр. Аталған жұ­мыс­тар аяқталғаннан кейін Өзбек­станға газ транзитін осы жылдың қаза­нын­да бастау жоспарланып отыр.

Өткен жылы елімізде газ саласын дамытудың 2022-2026 жыл­дарға арналған кешенді жоспары бекітілген еді. Онда 2030 жылға дейінгі мерзімге арналған газ саласын кезең-кезеңімен реформалау мен кешенді дамытудың негізгі тәсілдерін айқындағаны бар. Соның ішінде «QazaqGaz» ҰК» АҚ негізгі газ тасымалдайтын компания болғандықтан, тауарлық газдың ресурстық базасын ұлғайту, ішкі газ нарығын, газ транзиті мен экспортын, газ хи­миясы мен терең өңдеуді да­мыту, инвестициялық және операциялық тиімділікті арттыру жөнінде кешенді жоспарды жүзеге асырып отыр.

Соның арасында еліміздің мұнайлы өңірін энергия қауіпсіз­дігімен қамтамасыз етуде «Жаңа­­­өзен – Жетібай – Ақтау» ма­гист­ралдық газ құбырының үш желісіне күрделі жөндеу жұ­мыс­тары басталды. 40 жылдан аса пайдаланудағы атал­ған газ тасымалдау жүйесі үш желіден тұрып, Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы мен Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты сияқты облыстың ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарының табиғи газға деген қажетін өтейтін «Ока­рем – Бейнеу» магистралдық газ құ­бы­рының жалғасы болмақшы. Жоспарланғандай мұнда 300-дей құбыр мен тазарту құрылғылары ауыстырылып, өндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталуы керек.

«QazaqGaz» ҰК» АҚ газ та­сы­­­мал­дау жүйесін дамытып қа­на қоймай, сонымен қатар та­уар­лық газдың ресурстық базасын ұлғайту, газ транзиті мен экспортын дамыту, шикі газды дайындау және өңдеу мақсатында жобаларды енгізу бойынша да белсенді жұмыс жүргізіп отыр. Бұл саладағы басым жобалардың бірі – Атырау облысындағы Қашаған кен орнында қуаты жы­лына 1 млрд текше метр газ өңдейтін зауыт салынбақшы. Жоба Мемлекет басшысының ерекше бақылауында және ішкі на­рықта қолжетімді тауарлық газ көлемін ұлғайтуға және рес­публиканы газдандыруда газ хи­миясын дамыту перспективасы үшін ресурстық база құруға бағытталған.

Сонымен газ саласын дамы­ту­дағы атқарылып жатқан істер­мен қатар таяп қалған жылыту мау­сымына дайындық белсен­ді­ жүргізіліп келеді екен. «Qazaq­Gaz» ҰК» АҚ басқарма төра­ғасы Санжар Жаркешовтің Ақтөбе облысына жұмыс сапа­ры кезінде Бозойдағы жерасты газ қоймасының нысанында болғаны бар. «Бозой» жерасты газ қоймасы еліміздегі ең ірі газ сақтау нысаны жылыту мау­сымы кезінде ел ішіндегі газ тұ­ты­­нудағы ауытқуларды реттеп, Ақтөбе, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары мен Шымкент қала­­сының энергетикалық қауіп­сіз­дігін қамтамасыз етуде ха­лыққа үздіксіз газ жеткізуге мін­дет­­тенген. Бұған қоса «Бейнеу – Бозой – Шым­кент» газ құбы­ры­ның КС-1 Бозой кірісіне, Бұқара – Орал газ құбы­ры­ның КС-12 стансасына және Өзбек­стан­ның КС-7 стансасына газ жет­кізуді қамтамасыз етіп отыр.

Басқарма төрағасы Астана қаласының газбен жабдықтау нысандарын да тексеріп, «Юго-Восток» газбен жылыту стансасында болды.

«Бүгін елордадағы ЖЭО-ның жылыту маусымына дайын­ды­ғы­мен таныстық. Қала әкімдігі энерге­ти­калық жобалар бойынша ауқым­ды жұмыс атқарып жатыр. QazaqGaz тарапынан Ас­та­наның газ инфрақұрылымы күзгі-қысқы жылыту маусымы­на дайын, тұрғындар газбен қам­тамасыз етіледі. Барлық об­лыс­­тағы осындай нысандардың жұ­мы­сын пысықтаймыз. Бүгінде өңірлерде күзгі-қысқы жылыту кезеңіне дайындық 82%-ды құрайды, белгіленген кестеден озып келеміз», деген еді QazaqGaz басшысы.

Жоғарыда айтылған газ саласын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жос­пары шең­бе­рінде газ нарығын реттеудің жаңа тәсілдері, газ саласына инвес­тиция тарту, та­уар­лық газ өндірісін ұлғайту үшін газ-ресурстық базаны кеңей­ту және отын-энергетика кеше­нін одан әрі дамыту, сондай-ақ тұ­ты­ну­шыларды үздіксіз және қа­уіпсіз газбен жабдықтауды қам­та­масыз ету күтіліп отыр.