Қаржы • 24 Тамыз, 2023

Ең ірі салық төлеушілер

201 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде экономиканың түрлі секторында жұмыс істеп жатқан кәсіпорындардан бюджетке түсетін салық көлемі анықталды. Кейінгі мәліметтер бойынша, Салық кодексінің 130-бабының 3-тармағына сәйкес мониторингке жататын ірі салық төлеушілердің тізіміне 354 компания кірді.

Ең ірі салық төлеушілер

2022 жылдың қорытындысы бойынша бұл компаниялар қа­зынаға 13,5 трлн теңге салық ауда­рымдарын жасады. Бұ­рын­ғыша төлем бөлі­ні­сінде тау-кен өнеркәсібі кәсіп­орын­да­рының үлес салмағы басым. Тек осы секторда салық жар­налары былтыр 9,5 трлн тең­гені құрады. Одан кейінгі орынды бюджеттің қазанын 1,5 трлн теңгеге толықтырған өңдеу өнеркәсібі алады. Елдегі ең ірі 10 салық төлеушінің 8-і шикі мұнай мен ілеспе газ өндірумен айналысады. Ал­ғаш­қы үштікті 835,5 млрд теңге түсімді қамтамасыз етумен сауда секторы түйіндеген. Тізімді әрі қарай қаржы және сақ­тандыру қызметі (452,5 млрд теңге) мен көлік және қой­малау (365,1 млрд теңге) жал­ғас­тырады.

50 үздік компания енген салық төлеушілер тізімінде елі­міздің барлық мұнай өңдеу зауыты, екі банк, банк дү­кені, ұлттық авиатасымалдаушы, ұялы байланыс операторы және электроника тауарларын сататын компания бар. Ең ірі 10 салық төлеушінің қатарына «Теңізшевройл» (4,6 трлн теңге), «Қарашығанақ Петро­лиум Оперейтинг Б. В.» (1,4 трлн теңге), «Маңғыс­тау­мұнайгаз» (434,9 млрд теңге), «Өзенмұнайгаз» (269,7 млрд теңге), «Норт Каспиан Оперейтинг Ком­пани Н. В.» (239,1 млрд теңге), «Қара­жан­басмұнай» (205,9 млрд теңге) «СНПС-Ақтөбе­­мұнай­газ» (190,2 млрд теңге), «Азия газ құ­­быры» (166,5 млрд теңге), «Филип Моррис Қазақ­стан» (161,8 млрд теңге), «Ембі­мұ­най­газ» (159,3 млрд теңге) жатады.

Сонымен қатар еліміздегі бай­ланыс операторларынан да бюджетке салықтар түрін­де қомақты сома келіп түседі. Теле­коммуникация сала­сын­да­ғы жеті компания ірі салық төлеушілер болып саналады, олардың арасында үш ұялы байланыс операторы бар. Са­лық­тық аударымдар бойынша көшбасшы ‒ Beeline ұялы байланыс операторы. 2022 жылы компания ел бюджетіне 49,5 млрд теңге құйды. Опера­тор сектордағы компания­ларды ғана емес, басқа салалардағы ірі ұйымдарды да басып озып, ең ірі 45 салық төлеушінің қата­рына кірді. Tele2/Altel ұялы байланыс операторы 35,5 млрд теңге, Kcell 34 млрд теңге салық төледі. Соны­мен қа­тар нарықтың қалған қа­ты­сушылары ‒ «Қазақ­те­ле­ком» 33,8 млрд теңге, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» 4,5 млрд теңге, «Қазақстан» респуб­ликалық телерадиокор­порациясы 3,4 млрд теңге, «Транс­телеком» 3 млрд теңге са­лық аударымдарын жүзеге асырды.

Байланыс нарығына қаты­су­шы­лардың бюджет қара­жатын қамдауға әрекет­­тестік етумен қатар, әлеуметтік ма­ңызы бар қызметтерді ұсы­нып, елдегі телеком-сек­торды дамытуға оң эко­номикалық әсер беретін ин­­вес­тицияларды тар­тып жат­қанын да атап өткен­ жөн. Басым сектор эко­но­­миканың шикі­зат­тық емес бөлігін дамытуға және шикі­зат­қа тәуелділіктен арылуға ықпал етеді. Мысалы, өткен жылдың қорытындысы бо­йынша ақпарат және байла­ныс секторындағы ин­вес­ти­­циялар 178,9 млрд тең­ге­ге жет­ті, жылдық өсім – 39,1%. Ал осы жылдың бірін­ші жар­ты­жылдығының қоры­тын­дысы бойынша Beeline мобильдік опе­раторының инвести­ция­лары 18,8 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезе­ңі­мен салыстырғанда 24,2%-ға жоғары болды. Ал тұтастай алғанда, 2020 жылдың басынан биылғы шілдеге де­йін компанияның күрделі шы­ғын­дарының жалпы көлемі 339,4 млрд теңгеге атқарылды. Сол секілді Kcell-дің күрделі шығындары коронавирус пандемиясы басталған уақыттан бері жыл сайын орта есеппен 30%-ға өскен. Tele2/Altel-де де күрделі шығындардың тұ­рақты өсімі байқалады: же­лі­ге тартылған инвестициялар 2020 жылдан бастап 206 млрд теңгеден асты. Бұл ретте инвестициялық жобалардан басқа, пайдалануға берілген әрбір базалық станса жұмысын қолдауға көлемді қаржы ба­ғыт­­та­лады. Жалдау ақысын, бе­ріліс қорабын, электр қуаты мен жөндеу жұмыстарын қос­қанда, желінің үздіксіз жұ­мысын қам­та­масыз ету үшін операторлар жыл сайын орта есеппен 70 млрд теңгеден аса қаражат жұмсайды.