Спорт • 24 Тамыз, 2023

Қазақстандық парадзюдошылар 4 медаль жеңіп алды

161 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлыбританияның Бирменгем қаласында (20-27 тамыз) IBSA Дүниежүзілік ойындарының алғашқы күнінде қазақстандық парадзюдошылар 1 алтын, 1 күміс, 2 қола, барлығы 4 медаль жеңіп алды. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов телеграм арнасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстандық парадзюдошылар 4 медаль жеңіп алды

Фото: Мәдениет және спорт министрлігі

J2 санатында 48 кг салмақтағы Ақмарал Науатбек финалдық белдесуде украиндық спортшы Юлия Ивантскаяны жеңіп, алтыннан алқа тақты. Осымен Ақмарал Науатбек әлем біріншілігінің екі дүркін чемпионы атанып отыр.

J1 санатында 73 кг салмақ бойынша белдескен Ерғали Шамей күміс жүлдеге қол жеткізді.

Ал J2 санатында белдескен Ануар Сариев (60 кг) пен J2 санатындағы Олжас Оразалыұлы (73 кг) қола медальға ие болды. А.Сариев ақтық тартыста кореялық Мин Лиді жеңсе, О.Оразалыұлы украиндық Руфат Махаммедты ұтып, жарыстың жүлдегерлері атанды.

Айта кетейік, мұндай жарыс көру қабілеті зақымданған (J2) және мүлдем көрмейтін (J1) спортшылар арасында өтеді. Биыл IBSA Дүниежүзілік ойындарының нәтижесі әлем чемпионатына теңестірілді.