Соңғы 5 жылда азаматтық қорғау органдарында 150-ге жуық сыбайлас жемқорлық фактісі тіркелген. Сыбайлас жемқорлық қылмыстары еліміздің барлық өңірінде орын алған. Олардың басым бөлігі Алматы, Астана, Шымкент қалаларына, сондай-ақ Қостанай және Алматы облыстарына тиесілі. Анықталған қылмыстардың ішінде парақорлық пен жымқыру фактілері басым. «Заңсыз сыйақы» өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тексеру актісіне қол қою кезінде, оқудан өткізу, рұқсат беру және жұмысқа орналасу үшін беріліп отырған.
Агенттік төрағасы атап өткендей, жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстарға қарамастан, ТЖМ қызметкерлері пара алудан тыйылар емес. «Күні кеше Жетісу облысында жергілікті ТЖ бөлімі басшысы жұмысқа алған адамнан ақша алғаны анықталды. Бүгінгі іс-шараның өтетінін біле тұра, сонда да қылмысқа барып отыр. Бұл орайда профилактикалық тұрғыда нақты әрекет ету қажет. Қызметкерлердің мінез-құлқын түзетіп, психологиялық көзқарасын өзгерту маңызды», деді ол.
Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасын, Шымкент қаласының және Жетісу облысының ТЖ департаменттері басшыларын ұстаған болатын. Олар өртке қарсы қауіпсіздік саласындағы «қамқорлығы» үшін кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алып отырған, тексерілетін ұйымдарды келісімшарт жасасу жолымен қызметтерді сатып алуға мәжбүрлеп, олар бойынша уақытылы ақы төлеуін қамтамасыз етті деген күдікке ілінген. «Балық басынан шіриді» демекші, басшылардың өзі жемқорлық қылмысына барған оқиғалар Алматы қаласында, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында да орын алғанын айта кету керек.
Төтенше жағдайлар министрі С.Шәріпханов бұл фактілерді мойындап, ведомство сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту үшін түбегейлі қадамдар жасайтынын мәлімдеді. «Бұл біздің қызметкерлер үшін жаға ұстатарлық жағдай. Аталған адамдар белгілі бір жетістіктерге қол жеткізген үздік қызметкерлердің қатарынан болатын. Дегенмен осы жағдайда олардың біз білмеген теріс қасиеті – екіжүзділігі әшкереленіп отыр. Бұдан біз тиісті сабақ аламыз, қарапайым өрт сөндірушілер бізге сеніммен қарауы керек», деді ол.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тарапынан Төтенше жағдайлар министрлігіне жеке құрам арасында жүргізілетін алдын алу жұмыстарын күшейту ұсынылды. «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізіп, проблемалық учаскелерді зерделеу, сондай-ақ ведомствоның барлық қызметкерлерін адалдық тұрғысында тексеруді апробациялау қажет», деді А.Жұмағали.