Өндіріс • 25 Тамыз, 2023

Мұнай өңдеушілер де алаңдайды

318 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде мұнай-газ қоры жеткілікті болғанымен, «қара алтынның» аз бөлігі ғана өңделеді. Табиғи бай­лық­тан жанар-жа­ғар­май түрлерін шы­ға­ратын отандық кәсіп­орын­ның бастауында өңірдегі ірі салық тө­леу­шінің бірі Атырау мұнай өңдеу зауыты тұр. Мұнайлы өңірдегі бұл зауыт 72 млрд теңгеден аса салық төлесе, оның 7 млрд теңгеге жуығы рес­пуб­ликалық бюджет­ке, 65 млрд теңгеден астамы жергілікті бюджетке тө­ленді.

Мұнай өңдеушілер де алаңдайды

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Зауыттың бас директоры Мұрат Досмұратовтың айтуын­ша, биылғы алты ай мұнай өң­деу­шілер үшін оңай болған жоқ. Өйткені кәсіпорынның тех­но­ло­гиялық режімі әлсін-әл­сін бұ­зылды. Мұның салдары өнім өн­деу үдерісін кідіріске ұшы­рат­ты. Әсіресе электр энергия­сында ақау зауыт жұмысын бір­не­ше күнге тоқтатуға мәжбүр болды.

«Алайда осындай олқылық­тар­ға қарамастан, зауытта алты айда 2 млн 895 мың тоннаға жуық шикі мұнай өңделді. Жоспарланған өнім өңдеу көлемі 2 млн 865 мың тонна болатын. Мұнай өңдеушілер шығарған тауарлық өнімнің көлемі 2 млн 574 мың тоннаға жетті. Бұл жоспарланған көрсеткіштен 25 мың 600 тоннаға артық. За­уыт­тың технологиялық қон­дыр­­ғыларында өңделген мұнай өнімдері К4 және К5 эколо­гия­лық кластарының талаптарына сәйкес келеді», дейді М.Досмұратов.

Атырау МӨЗ шілдеде елі­міз­дегі мұнай өңдеуші зауыт­тар­дың ішінде алғашқы болып К5 экологиялық класты АИ-92 автобензинін шығаруды бас­тады. Бұл – Еуро-5 баламасы. Аталған экологиялық жанар­май­дың басты артық­шы­лы­ғы – құрамындағы күкіртті қосы­лыс­тардың көрсеткіші К4 класымен салыстырғанда 5 есеге аз. Ал бензол секілді хош иісті көмірсутектер мен өзге де қос­па­­лардың мөлшері шектеулі.

«К5 класындағы отынды пайдалану кезінде улы заттар­дың шығарындыларын азайту адам денсаулығына зиянды әсерді, оның ішінде тітіркену мен тыныс алу органдарының ауруларын, қабыну процестерін, жүйке және жүрек-тамыр жүйе­сіне кері әсерлерді азайту­ға сеп­ті­гін тигізеді. K5 класты бен­зин­ді пайдалану автокө­лік­тердің жұмысына оң әсер етеді. Мұндай жоғары стандартты бензин сапасына қол жеткізу кәсіпорынды үш кезеңдік жаңғырту жобасымен жаңа технологиялық қон­дырғыларды іске қосудың нәти­жесінде мүмкін болды. Зауыт­та К5 класына жататын АИ-92 автобензинін өндірудің орта­ша тәуліктік көрсеткіші 5,5 мың тоннаны құрайды», дейді зауыттың бас директоры.

Оның мәліметіне сүйенсек, атмосфераға 5 436 тонна ластау­шы заттар шығарылған. Бұл былтырғы осы кезеңдегі көр­сет­­кішпен салыстырғанда 387 тоннаға аз. Ал ағынды сулар­мен бірге шығарылатын ластаушы заттардың үлесі 3 104 тоннаны құраған. Осылайша, өткен жылғыдан 73 тоннаға азайған.

«Біздің зауытта қоршаған ор­та­ға кері әсерді барынша азай­туға ба­ғытталған іс-шара­лар жү­зеге асы­рылып келеді. Мұн­дай жұ­мысты алдағы уақытта да жал­ғастыра береміз», дейді М.Досмұратов.

Аталған зауытта еңбекті қор­ғау және өндірістегі қауіпсіз­дік­ті күшейтуге бағытталған ша­раларға басымдық беріліп отыр. Мәселен, жыл басынан бері зауыт қызметкерлерінің ара­сында өндірістік жарақат алу, кәсіптік ауру немесе жол-көлік оқиғаларына ұшырау тіркелмеген. Өйткені жыл басында «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобы қауіпсіздік пен еңбекті қорғауға байланысты 9 өмірлік маңызды ережені енгізген. Алайда жаңа ережемен өндірістік-техникалық оқыту аясында зауыттың өндірісіндегі персоналдың тек 50 пайыздан астамы ғана танысыпты.

Бас директордың пікірін­ше, мұнай өңдеушілер алдында маңызды істер тұр. Бұл – тех­нологиялық қондыр­ғы­лар­дың көрсеткішін жақсарту, мұнай өңдеу тереңдігін ұлғайту, се­нім­ділік деңгейін арттыруға ба­ғыт­­талған ауқымды жұмыс­тар. Жыл соңына дейін, «Tazalyq» экологиялық жобасы ая­сында механикалық тазар­­ту қондыр­ғы­ларын жаң­ғыр­ту жұмыстарын аяқтау жоспар­лан­ған. Аталған жоба Атырау қаласының ат­мосфе­­ралық ауасы мен эко­ло­гия­­сын жақсарту үшін қолға алынған.

Ал ең бастысы, зауытты дербес энергия көзімен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып отыр. Өйт­кені Атырау мұнай өңдеу зауытының сұранысқа ие автобензиндер, авиаотын, дизель отыны мен мұнай-химия өнімдеріне шикізат ретінде қолданылатын бензол, параксилол шығару үдерісі тоқтамауға тиіс.

«Атырау мұнай өңдеу зауытында Шымкенттегі кәсіпорын шығаруға тиіс жоғары октанды бензиннің орнын толықтыру үшін АИ-95 өндірісі артты. За­уыттың тұрақты жұмысын қам­тамасыз ету – компанияның басым міндеттерінің бірі. Бұл за­уытты электр қуатымен жаб­дық­тау деңгейін күшейту үшін газ турбиналы электр стансасын (ГТЭС) және Атырау жылу электр орталығынан электр беру желісін салу жоспарланып отыр», дейді «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.

ГТЭС құрылысы бірнеше мақсатты көздейді. Оның ішінде зауыттың жаңа бөлігін тұрақты түрде сыртқы электр қуатымен қамтамасыз ету, кәсіпорындағы жаб­дықтар жұмысының тоқ­тауын барынша азайту және штаттан тыс жағдайлар кезінде газды мәжбүрлі түрде факельді қондырғыларға жіберу қаупін төмендету. ГТЭС-тің қуаты – 154 мВт/сағат. Нысанды 2026 жыл­дың соңына дейін іске қосу жоспарланған.

Осы жобаны іске асыру үшін қазір әлеуетті инвестор тарту мәсе­лесі қозғалып отыр. Жос­­пар­ға сәйкес инвестор нысанды кешенді жобалау, құ­ры­лыс және қаржыландыру жөніндегі жұмыстарды орындауы қажет. Артық өндірілген электр энергия­сын облыс тұр­ғын­­дарына бір­ыңғай сатып алушы арқылы сату көзделген.

Мамандардың түсін­дір­уін­ше, ГТЭС жобасын жүзеге асы­ру­дағы негізгі талаптардың бірі – су ресурстарын тиімді пайдалану және суды тұтыну көлемін азайту. Алдын ала техникалық-экономикалық негіздемеге сәй­кес ГТЭС тұтынатын тұщы судың бастапқы көлемі саға­ты­на 650 текше метрді құрайды. Алайда құрғақ градирня секіл­ді ең үздік қолжетімді тех­но­логия­ларды пайдалану ар­қы­лы көрсеткішті сағатына 150-200 текше метрге дейін тө­мен­детуге болады. ГТЭС-ті су­мен қамтамасыз етудің негіз­гі көзі әлі анықталған жоқ. Осы орайда мұнай өңдеушілер Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспек­ция­сы­ның көмегіне жүгінеді.

 

Атырау облысы