Қоғам • 25 Тамыз, 2023

«Мәселені дауға айналдырмай, сыйластықты сақтауға уағдаластық» – Аманжол Әлтаев

557 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Айтыскер ақын, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев Қырғызстан президенті ат мінгізген қазақ ақыны Біржан Қалдыбаевпен сөйлесіп, ағалық ақылын жеткізгенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Мәселені дауға айналдырмай, сыйластықты сақтауға уағдаластық» – Аманжол Әлтаев

«Біржан Қалдыбаев бауырыма жанашырлықпен айтқан сын пікірімді үдетіп түрлі сайттар бір - бірінен көшіріп алып шығарып жатыр екен. Желі қолданушылары арасында да мәселенің байыбына бармай, мені қызғаншақтық танытты деп сан саққа жүгіртіп жатқандар да бар екен. Бүгін Біржан бауырыммен сөйлестік. Мен ағалық ақылымды жеткіздім, ол да інілік ізетімен өз пікірін айтты. Ең бастысы бір - бірімізді түсіндік деп ойлаймын. Мәселені дауға айналдырмай нүктесін қойып, сыйластықты сақтауға уағдаластық», деп жазды Аманжол Әлтаев Facebook парақшасында.

Сондай-ақ ол Біржанның тұлпар мінгеніне қызғанышпен қарады деген жұрттың сөзіне жауап берді.

«Бауырымыздың тұлпар мінгеніне тек қуанышпен қараймын. Өзім де өзге азаматтарға жылына бірнеше тұлпар мінгізіп жүрген азаматпын. Бір елдің атынан барғаннан кейін айтқан арнауы  көркемдік талапқа, эстетикалық талғамға, байыпты мазмұнға сай болса екен дедім. Бұл - өнер өлкесіндегі  баршамызға ортақ талап. Өнердің сапасын аласартып алмау - парызымыз! Біржан бауырымның отбасына амандық, ісіне береке тілеймін. Тақымынан тұлпар кетпесін», дей келе ол бауырлас Қырғыз елінің, Президентінің ыстық ықыласына алғыс білдірді.

Еске сала кетейік, жуырда Аманжол Әлтаев Қырғызстан президенті ат мінгізген қазақ ақыны Біржан Қалдыбаевты сынға алған еді. Кейінірек Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров «Кабар» агенттігіне берген сұхбатында осы сынға қатысты жауап берді.