Аймақтар • 28 Тамыз, 2023

Медеттің Мерсиндегі қолтаңбасы

621 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізге, оның ішінде Атырау облысына жұмыс істеуге келетін шетелдіктер аз емес. Айшылық алыс елдерден кәсіп іздеген мигранттардың бір тобы мұнай-газ өнеркәсібіндегі түрлі жобада, көршілес мемлекеттердің екі қолға бір күрек ұстауды ар көрмейтін азаматтары құрылыс индустриясы мен ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп жүр. Ал қазақ жастары өзге елдегі жобаларға жұмыс істеуге бара ма?

Медеттің Мерсиндегі қолтаңбасы

 

Өңір жастарының дені «Теңіз» кен орнындағы жобала­ларға жұмысқа орналасуды көздейді. Өйткені мұнда тәуір жалақы алып, тәжірибе жинауға мүмкіндік мол. Кәсіби біліктілікті арттыратын курстары да бар. Аталған кен орнында табыс тапқан қазақстандық жастардың бір тобы шетелде жұмыс істеуге шақырту ал­ған. Әрине, шетелде жұмысқа орна­ласу оңай емес. Әсіресе халықаралық деңгейдегі жобаларда тәжірибе жинағанын дәлелдейтін сертификат қажет.

Кен орнын игеріп жатқан «Теңізшевройл» ЖШС төрт жыл бұрын корпоративтік әлеу­меттік жауапкершілік бағ­дар­ламасы аясында арнайы оқы­ту курсын ашқан. Содан бері 3 мыңға жуық жұмыссыз адам оқытылыпты. Қазір сол курста оқыған қазақ жастарының кейбірі Францияда, Испанияда, Уругвай мен Ресейде, Сауд Ара­биясы және басқа елдердегі жобаларға жұмысқа орналасқан. Мәселен, бір топ қазақстандық жас жігіт Түркиядағы Мерсин қа­ласының маңында бой көте­ріп жатқан атом электр стан­са­сының құрылысында жұмыс істеп жүр. Олардың бәрі «Теңіз» кен орнындағы үшінші буын зауытының құрылысына қаты­сып, тәжірибе жинаған.

Соның бірі – Медет Дәуітов. Бұған дейін «Теңіз» кен орнын­дағы жобаның мердігер кәсіп­орындарында жұмыс істеген. Жоба құрылысының аяқталуына байланысты қысқартуға іліккен. Жасы әлі отызға толмаған жас жігіт арнайы курсқа жазылып, төрт ай бойы аргонмен дәне­керлеуші мамандығын меңгер­ген. Досының көмегімен Түр­кия­дағы атом стансасының құ­ры­лысына жұмысқа орналасқан.

«Атом электр стансасының құрылысында жұмыс істеу туралы ойлаған жоқ едім. Өйткені мен үшін шетелде жұмыс істеу – орындалуы қиын арманның бірі. Алайда «Теңізде» жинаған тәжірибем бар, оған арнайы курсты бітіргенім туралы сертификатымды алып, Түркия еліне жұмысқа келдім. Қазір атом электр стансасының құ­ры­лысына қолтаңбамды қал­ды­рып жүрмін. Шетелде жұ­мыс істеудің артықшылығы көп. Бі­рін­шіден, тәжірибені то­лық­тыра түсемін. Екіншіден, шет тілін меңгердім. Ең басты­сы, өзге елдің тарихымен, мәдение­тімен тереңірек танысып, таным көкжиегімді кеңейтуге мүмкіндік алдым», дейді Медет.

Өзге елдің аты – өзге ел. Күн райы да, табиғаты да, тіпті адамдарының мінез-құлқы да өзгеше болғандықтан, әр қа­дам­ды аңдап басуға тура келеді. М.Дәуітовтің айтуына қарағанда, түрік тілін білме­гендіктен, бастапқыда қиын­дыққа кезіккен.

«Еліміздегі «Теңіз» кен орны көптеген адамға тәжірибе жинау, шет тілін меңгеру тұрғысында жаңа мүмкіндік ашқаны дау­сыз. Бірақ оны пайдалана ал­мағандар бар. Мәселен, кен орнында қауіпсіздік техникасын сақтаудың маңызын, жұмысқа жауапкершілікпен қарауды, әріптестерімізге қамқорлық танытуды үйрендік. Енді Түркияда соның жемісін көріп жүрміз. Мерсин қаласындағы атом электр стансасы жобасының қауіп­­сіздік ережелері «Теңіз» кен орнындағы талапқа ұқсай­ды», дейді М.Дәуітов.

Оның айтуына қарағанда, Мерсин шаһарында салынып жатқан атом электр стансасында төрт энергоблок бар. Оның әрқайсысында қуаты 1 200 МВт болатын реактор орнатылады. Атом электр стансасы жылына шамамен 35 млрд кВт энергия өндіреді. Жобаның құны – шамамен 20 млрд доллар.

Медет Қазақстанға күзде оралуды жоспарлап отыр. Әлемдік деңгейдегі жобада жи­на­ған тәжірибесін еліміздің энер­гетика саласын дамытуға қол­данып көрмек.

 

Атырау облысы