Білім • 28 Тамыз, 2023

Мемлекеттік тіл және адами капитал

257 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ғылым және жоғары білім министрлігі «Адами капитал – ел экономикасы өсуінің негізі» атты форум аясында Ғылым, жоғары білім, тіл саясаты бо­йынша секциялар өткізілді.

Мемлекеттік тіл және адами капитал

 

«Тіл саясатының өзекті мәселелері» атты секцияның жұмысына Парламент депутаттары, мем­лекет және қоғам қайраткерлері, өңір­лердің тілдерді дамыту саласына жауапты бас­қармаларының басшылары, белгілі ғалым­дар, тіл жанашырлары, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Алқалы жиынды ашқан вице-министр Талғат Ешенқұлов мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және оның қоғамдық қатынастардың барлық саласындағы рөлін күшейту бағытында жүйелі іс-шаралар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

– Әсіресе тіл саясатын тиімді іске асыруға бағытталған кешенді жұмыс­тарды мемлекеттік органдармен, ғалым­дармен, қоғам белсенділерімен  және тіл жанашырларымен бірлесіп атқаратын боламыз, – деді ол.

Елімізде тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжы­рым­дамасының жобасында атқарылар жұ­мыстың бәрі жан-жақты талданып, айқын көрініс тапқан. Құжаттың ғылыми сараланып, еліміздің нақты қаржылық мүмкіндіктеріне негізделгенін жиынға қатысушылар атап өтті. Осы тақырыпта баяндама жасаған Тіл саясаты комитетінің төрағасы, белгілі ғалым Ербол Тілешов жобаның әр тарауына жеке-жеке тоқталып өтті. Ең бастысы, жоба ресми талқылауға түскен сәттен бастап өңірлерде, жоғары оқу орындарында ғалымдар, тіл жанашырлары талқылап өз ұсыныс, пікірлерін айтты.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің президенті Рауан Кенже­ханұлы тіл төңірегіндегі түйткілді мәсе­лелерге тоқталып, мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімінің беделін көтеру керек деген ойымен бөлісті.

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орта­­лы­ғының бас директоры Мақпал Жұма­­­байдың айтуынша, бүгінгі құнды­лықтар­дың өміршеңдігі цифрландыру деңгейімен өлшенеді. Осы күнге дейін орталық әзірлеген 13  жобаны заман талабына сай жетілдіру қажет. ІТ-жо­балар­дың жасанды интеллектіні мемлекеттік тілге бейімдеуге ықпалы зор. Осы бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табады.

Парламент депутаттары Бибігүл Жексенбай, Жанар­бек Әшімжан, Жұлдыз Сүлей­менова, Таңсәуле Серіков талқылау барысында еліміздің жоғары өкілетті органында тіл саясатын іске асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен таныс­тырды. Сондай-ақ осы бағыттағы бастамаларды қолдауға әзір екендерін білдірді.

Қоғам белсендісі Оразкүл Асан­ғазы мемлекеттік мекемелердің құ­жат ай­на­лымындағы қазақ тілінің үлесі өспей отырғанына қынжылыс білдір­ді. Әсіресе көшедегі жарнамалар мен қызмет көрсету саласы қазақша «сөй­лемей» отырғанын жеткізді. Қоғам қай­раткері Әбдіжәлел Бәкір тілдің заңдық тұғырнамасы болу керектігін баса айтты. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазыл­жанның нақты ұсыныстары да көпшілік көңілінен шықты.

Жетісу облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Ермек Ақшабаев, Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин, Шығыс Қазақстан облыстық мәде­ниет басқармасының басшысы Нұр­болат Ахметжанов, Ақтөбе облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры Клара Серғазина мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытында атқарылып жатқан нақты істер жөнінде баяндады.

Сонымен қатар ортақ істе кедергі болып отырған жайттар да қозғалды. Мәселен, облыстық тіл басқармаларын оңтай­ландыру мен тіл оқыту орталық­тарын­дағы мамандардың төмен жалақы­сы өзіндік кедергісін келтіріп отыр. Бұл өз кезегінде мамандардың тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік бермейді. Жоғарыда аталған мәселелерді шешуге Парламент депутаттары өз тарапынан көмек беретінін жеткізді. Форумның тіл саласына арналған секциясында талқылаған мәселелер мен қабылданған қарар мемлекеттік шешімдерге оң ықпал етеді деп сенеміз.

Соңғы жаңалықтар

Көп күттірген күрежол ашылды

Аймақтар • 07 Желтоқсан, 2024

Климаттың өзгерісі әлемді алаңдатады

Экология • 07 Желтоқсан, 2024

Жас зерттеушілер форумы

Форум • 07 Желтоқсан, 2024

Ілкімді жобалар ілгері оздырады

Экономика • 07 Желтоқсан, 2024

Атакәсіпті ардақ тұтқан

Еңбек • 07 Желтоқсан, 2024

Талабы таудай тас қопарар

Маман • 07 Желтоқсан, 2024