Пікір • 28 Тамыз, 2023

«Елдегі діни сенім бостандығына құрметпен қараймыз» - Дархан Қыдырәлі «хиджаб мәселесі» туралы

543 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі «Өзекті» бағдарламасына берген сұхбатында жыл сайын жаңа оқу жылы басталарда көтерілетін «хиджаб мәселесіне» қатысты пікір білдірді. Министр өз сөзінде елдегі діни сенім бостандығына аса құрметпен қарайтынын және қыз балалар білім ала алатын медреселер мен колледждер барын атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz. 

«Елдегі діни сенім бостандығына құрметпен қараймыз» - Дархан Қыдырәлі «хиджаб мәселесі» туралы

«Мектепке хиджаб кию мәселесі - қоғамда кеңінен талқыланып жатқан өзекті тақырып. Ата заңымызда көрсетілгендей, біз үшін зайырлылық ұстанымы бірінші орында тұрады. Екіншіден, бұған қатысты ұстанымдар әртүрлі. Кейбір қоғамдық пікірді қалыптастырушылар манипуляцияға итермелейтін сияқты. Кей желі қолданушылары бұл мәселе халықаралық тәжірибеде, әлем елдерінде шешімін тапқан деп үзілді-кесілді жазған. Меніңше, бұл фейк ақпарат. Кейбір дамыған Франция, Австрия сияқты елдерде жасына байланысты шектеу қойған. Әрине, рұқсат ететін мемлекеттер де бар», деді Ақпарат министрі. 

Сонымен қатар  министр ең бастысы мемлекет ішінде іріткі салуға жол бермеудің аса маңызды екенін тілге тиек етті.

«Бізде мектеп формасы бекітілген және ол туралы әріптесім Ғани Бектайұлы айтып берді. Сондай-ақ елдегі діни сенім бостандығына да құрметпен қарайтынымызды айта кету керек. Мемлекетте бұл үшін барлық жағдай жасалған. Мысалы, дін істеріне қарайтын қыз балалардың білім алуына жағдай жасалған медресе мен колледждер бар. Кейде бұл мәселеге дәстүр тұрғысында да қарап жатады. Білім беру мекемелерінің басты мақсаты – оқыту, балаға білім беру. Құрандағы алғашқы әмірдің өзі «оқы» деп басталғанын білеміз. Ал ең бастысы – бұл тақырыпты саясиландырып алмау. Себебі саясилану мен радикалдану ең әуелі діннің өзіне қаншалықты қауіпті екенін Таяу Шығыс елдерінен жақсы көріп отырмыз», деді Дархан Қыдырәлі.