Аймақтар • 29 Тамыз, 2023

Чемпиондар шыңдалатын орда

303 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Деннің саулығынан асқан байлық жоқ. Бірінші байлықтың қадірін біліп, бұқаралық спортты серік ететіндер көбейіп келеді. Атырау облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Дастанбек Қоспановтың айтуынша, қазір 227 мыңнан аса тұрғын спортпен тұрақты шұғылданады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,3%-ға өскен.

Чемпиондар шыңдалатын орда

«Облыста 2025 жылға дейін бұқаралық спортпен тұрақты айналысушылар санын 50%-ға арттыру жоспарланып отыр. Қазір кәсіби мақсатта ашылған 9 спорт клубы жұмыс істейді. Мұн­да жаттығушылар қатары 4 276-ға жетті. Ұлттық спорт, бас­кетбол, волейбол, су спорты клуб­тары жекешелендірілді. Ал хок­кей мен футбол, бокс клубтары сенімгерлікпен басқаруға бе­рілді», дейді Дастанбек Қос­панов.

Оның мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері бұқаралық спортты дамыту мақсатында 800-ден аса спорттық іс-шара ұйым­дастырылған. Оған 150 мың­нан астам адам қатысыпты. Ауыл­дарда 560 іс-шара өтіп, 110 мың­нан аса тұрғын қамтылған. Облыста 1000 адамға шақ­қанда тұрғындарды спорт инфрақұрылымымен қамту дең­гейі 38,2%-ды құрап отыр. Енді 2027 жылға дейін 26 спорт ке­шені салынып, бұл көрсеткішті 40%-дан асыру жоспарланған.

Қазір Атырау облысында 1 217 спорт нысаны бар. Би­ыл Исатай ауданының Тұщы­құдық ауылында спорт кешені пайдалануға берілген. Бұған қоса, 8 спорт нысанының құрылысы салынып жатыр. Ал 4 нысанды қайта жаңғырту қолға алынған. Тағы екі спорт нысанын салу көзделген. Оның бірі – дарынды балаларға арналған спорт мек­теп-интернаты. Екіншісі – Жа­ңаталап ауылында бой көтеретін спорт кешені.

Жақында Атырауда дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернаты ашылды. Мектеп-интернаттың директоры Қайрат Досқалиевтің айтуынша, білім ордасына 150 бала қабылданады. Бұл оқу орнында оқушылар еркін кү­рес, бокс, дзюдо, таэквондо се­кілді олимпиадалық спорт түр­лері бойынша жаттығады.

Жауқазын жастарды олимпиа­далық спорт түрлеріне баулитын мектеп-интернаттың әзірге жеке ғимараты жоқ. Алайда спорттық ба­ғыттағы білім ордасынан тә­лім алғысы келетін оқушы көп. Сондай мақсатпен құжат тап­сырғанның бірі – Бекзат Мұс­тағалиев. Махамбет ауданында тұратын жас өрен 6 жылдан бері дзюдоны серік еткен.

«Біз бұл мектеп-интернаттың ашылуын асыға күттік. Өзім таң­даған спорт түрінен шеберлік шыңдап, Олимпиада чемпионы болуға ұмтыламын. Өйткені мұн­да біліктілік арттыру үшін мол мүмкіндік бар», дейді Бекзат Мұс­тағалиев.

Балаларының спортпен айна­лысқанын қалайтын ата-ана­лардың қатарында Махамбет ауда­нының Сарайшық ауылында тұратын Қадырбек Шаймарданов та бар. Оның да немересі дзюдоны жақсы көреді. Сол себептен, жаңа оқу ордасында білім алғысы келеді.

«Ауыл балалары Атырау қаласындағы дзюдо клубына келіп, жаттығып жүр еді. Қалаға қатынау үшін балалар уақыт жоғалтады. Оның үстіне жолда жүру шаршатады. Енді жаңа мектеп-интернат ашылғанын естіп, немеремді ертіп әкелдім. Қазір оларды Олимпия ойындарына дайындауға мүмкіндік жасалып отыр», дейді Қ.Шаймарданов.

Еркін күрестен әлем чемпионы Талғат Сырбаздың пікірінше, спортқа ден қойған әр бала қиын­­дыққа төзімді болғаны жөн. Өйт­кені бұл сала төзімділікті, ең­бекқорлықты қажет етеді.

«Олимпиада, әлем чемпион­дарының дені ауылдан шығады. Мен де ауылда өстім. Ауылда жаттығып жүріп, әлем чемпионы болдым. Енді ауыл балаларының олимпиадалық спорт түрлеріне дайындайтын мектеп-интернатта шыңдалатынына қуанып тұрмын. Бұл – жасөспірімдерге берілген үлкен мүмкіндік. Жас спорт­шылардың шеберлігін шың­дап, чемпион атануы үшін шыдамды әрі еңбекқор бол­ғанын қалар едім», дейді Талғат Сырбаз.

 

Атырау облысы