Мәдениет • 29 Тамыз, 2023

Шымкенттегі Тәжікстанның мәдени күндері

171 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Тәжікстан Республикалары арасында дипломатиялық байланыстың орнағанына 30 жыл толуына орай Шымкентте көрме өтті. Көрмеге тәжік бауырлар ауыл шаруашылығы өнімдері мен қолөнер бұйымдарын қойды. Атшаптырым жерді алатын көрме ішіне осының бәрі сыйса, далада бақша дақылдарынан тізілген пирамида көздің жауын алды. Сонымен бірге Қажымұқан стадионында тәжік шаруалар өндірген тауарлар көрмесі мен ұлттық тағамдар жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Шымкенттегі Тәжікстанның мәдени күндері

Ең бастысы, жергілікті халық көр­ме арқылы тәжік халқының ұлттық қолөнерімен және салт-дәстүрімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. «Жақсыны көрмекке» демекші, көрме өткен күндері шымкенттіктер тайлы-тұяғы қалмай іс-шараны тама­шалауға келді. Тәжіктің атлас матадан тігілген ұлттық ою-өрнекті киімдері мен әшекей бұйымдары, қолөнер заттары, ұлттық нақышпен салынған картиналары мен кәдесыйлары ешкімді де бейжай қалдырмады.

Қолөнер мектебінің директоры Садридин Турсунов өзімен бірге біраз қылқалам туындыларын ала келіпті. Қонақтың айтуынша, ұлттық ою-өр­нектері бедерленген картина Кундал, Чака деп аталады екен.

«Қолөнер мектебі 1961 жылы құ­рылған. Тәжікстанның Тұрсынзаде қаласында орналасқан. Душанбемен арасы – 50 шақырым жер. Бүгінгі таңда мектепте 250 бала оқиды. Балаларды екінші сыныптан қабылдайды. Қол­өнерден бөлек ұлттық аспаптарда ойнауды үйренеді. Кундал әлемдік сурет өнерінде өте жоғары бағаланады. Өйткені халқымыздың ұлттық ою-өрнектерін салу асқан шеберлікті талап етеді. Тәжікстаннан басқа еш жерде кездестірмейсіз. Ұлттық картиналарда шығыстың нәзік иірімдері жасырынған. Халқымыз киетін киім де «чакан» деп аталады. Себебі киіміміз де ұлттық ою-өрнекпен безендірілген. Балалар мектепті бітірген соң дизайнер бойын­ша жоғары оқу орындарына түседі. Тәжікстанның өзінде бұл туындылар жоғары бағаға ие», деді С.Турсунов.

Айта кеткен жөн, Кундалда тақтайға цементтен арнайы қалыппен торлы сызықтар құйылады. Сол сызықтардың ортасындағы ашық жерлерге майлы бояумен тәжік халқының ұлттық ою-өрнектері салынады. Тәжік жұртының ою-өрнегінде өсімдіктер бейнесі көп кездеседі. Ал ең танымал халық суретшілерінен мүсінші, кескіндемеші, Сабзали Шариповты атауға болады.

Қазақ пен қырғыз ғана емес, тәжік­тер де көкпар тартады екен. Бірақ олардың ұлттық ойыны сәл бас­қашалау. Мұны ат әбзелдерін көр­меде ұсынған қолөнерші Эшанкул Хамроевтан естіп білдік. Бұл  – оның отбасылық бизнесі. Жастайынан қолөнермен айналысқан. Қазір бұл өнерді баласы алып жүр. Түрі қазаққа ұқсайтын ақсақалдың ұлты өзбек екен. Айтуынша, Тәжікстанда өз­бектер де көп тұратын көрінеді.

«Қолөнер бұйымдарын тәжік халқы да жақсы көреді. Әсіресе ат әбзелдерін. Үйден келіп сатып алып кетеді. Немесе жеке тапсырыс береді. Бай­қағаным, тәжік пен қазақтың ұқсас жері – қос халық та көкпарды ұнатады. Биыл қыста үлкен көкпар өткелі жатыр. Ленинабад деген жерде. Салымға тігетін жүлделері де өте қомақты», деді Э.Хамроев.

Қала тұрғыны Мұрат Бабаев Тәжік­станның мәдени күндері Шымкентте де өтеді деген жаңалықты естіп, осында келгенше асығыпты. Өзінің айтуынша Тәжікстан оған жат ел емес. Кезінде тә­жік жерінде туып, Қазақстанға 9 жа­сын­да көшіп келіпті. Сондықтан кейде ба­лалық шағы қалған таулы елді аң­сай­тынын, қыдырып барып қайт­қысы келетінін айтады. Сонымен бірге тәжік халқының қонақжай екенін, қол­өнер­ге жақындығын, сапалы дүние­лерінің көптігін атап өтті.

Бір айта кететін жайт: еліміздің оң­түс­тік өңірінде тәжік этносы өкілдері жергілікті халықпен біте қайнасып, тату-тәтті өмір сүріп жатыр.

Осы ретте Мұрат Бабаев: «Мәдени күндер аясында тәжік халқы өзіндегі бар дүниесін әкеп көрсетіп тұр. Солардың ішінде атадан балаға мирас болған қолөнер бұйымдарын көбірек ұсынған екен. Әсіресе көрме залы ою-өрнекті маталар мен киімдерге толып тұр. Құдайға шүкір, қазақтарда да өзінің төл дәстүрі, ою-өрнегі бар. Бірақ оларды насихаттауда, күнделікті пайдалануда тәжік халқындай дәрежеге жете алмадық. Бір ұнағаны тәжіктердің қышлақтарында қолөнер барынша жанданған деуге болады. Ісмерлікпен, ұсталықпен айналысатын отбасы көп секілді. Сол себепті бізде де ауылдарда қолөнерді дамытып, көрмелерге алып шығу керек. Сонда отбасылар үшін бизнес әрі қазақтың салт-дәстүрін насихаттау болар еді. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, ауылдарда қолөнерші жандар жетерлік. Ендігі кезекте соларға қолдау беру керек. Ол жақ күнгей аймақ болғандықтан жеміс-жидек ерте піседі. Сондықтан бау-бақша өнімдерінің экспорты, әсіресе кепкен өрік-мейіздер мен басқа да жемістердің сыртқы саудасы өте жоғары. Жалпы, тәжік халқынан үй­ренеріміз көп. Сонымен бірге оларға да үйретер жақтарымыз жетерлік. Сол үшін алыс-берісті жандандыра бер­геніміз дұрыс. Бұл тұрғыдан алғанда ашық ба­уырмалдық сая­сат ұстанған Мем­лекет басшысына мың алғыс. Мұсыл­ман халқы болғандықтан, бір-бірі­мізге осылай ағайындық танытып, өзара сауда мен барыс-келісті күшейте берген абзал», деді.

Өз кезегінде Тәжікстанның Ауыл шаруашылығы министрі Хакимзода Курбон бастаған делегация 2200 жылдық тарихы бар Шымкент қаласының «Шым қала» тарихи-мәдени кешенімен таныс­ты.

«Шымкент тұрғындары мені қонақ­жайлылығымен әрі еңбекқорлығымен тәнті етті. Көрме-жәрмеңкеде халық тә­жікстандық қонақтарға туған бауырындай сыйластық танытты. Екі елді байланыстырған бауырмалдық пен достығымыз нығая берсін және мәңгілік болсын», деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Файзиахмад Амонов.

Мәдени күндер аясында қаладағы ойын-сауық, сауда орталықтарының бірінде «Признание Саразма» атты тәжік фильмі көрсетілді. Фильм авторы – Шавкат Мухаммади мен Тохир Асрориён. Режиссері – Рустам Сат­тор­зода. Саразмның 5500 жылдығына арнап түсірілген фильм. Аталған аймақта біздің дәуірімізге дейінгі IV-III мың­жылдықтардағы неолит, қола дәуір­лерінің егіншілік, қала құрылысы және басқа да қолөнер мәдениеті туралы сыр шертетін үлкен ашық аспан астындағы мұражай орналасқан.

Тәжікстанның мәдени күндері Шым­кенттегі «Түркістан» сарайының сах­насында қорытындыланды. Мей­мандос елдің өнер жұлдыздарының концертін тамашалауға Тәжікстан Рес­публикасының мәдениет министрі Зульфия Давлотзадо мен Ауыл шаруа­шылығы министрі Құрбан Хакимзадо және Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов келді.

Мәдени іс-шарада керней мен сыр­найдың, дутар мен танбурдың, рубаб пен дойраның әуелеген сазы көрермен сезімін жауласа, шашмаком деп аталатын дәстүрлі әндері мен ұлттық билері де көпшілікті тәнті етті.

 

ШЫМКЕНТ