Тұлға • 29 Тамыз, 2023

Парасатты Пернекең

264 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Алматы қаласының Ұлттық кітапханасында белгілі балалар жазушысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреа­ты, Еңбек Қызыл Ту орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Пернебай Дүйсенбиннің 80 жылдық мерейтойына орай «Дарынымен дараланған дарабоз» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Парасатты Пернекең

«Жұмбақ жұлдыз», «Кішкен­тай ге­нералдар», «Ән салыңызшы, әке», «Ел­гезек ертегілер елінде», «Тектінің тұя­ғы еді» атты кітап­тардың авторы П.Дүй­сенбин әде­би ортада ерте танылды. Ол Қа­зақстан Жазушылар одағы мен рес­публикалық «Жалын» баспасы бірлесіп өткізетін жабық бәйгенің 1979, 1980, 1981, 1986 жылдардағы лауреаты.

Мектепте оқып жүрген жыл­дары-ақ тырнақалды өлеңдерін, әңгімелерін рес­публикалық газеттерде жариялай бас­таған үздік оқушы қарындашпен сурет салуға да қызығатын еді. 1958 жылы оның салған суреттері Мәскеуде шы­ғатын «Пионерская правда», Алматыдан шығатын «Дружные ребята» газеттерінде жарияланып, көпке танылды. Оның 1995 жылы Жеңістің 50 жылдық мерейлі ме­рекесіне орай салған «Қос Қыран. Ба­уыржан мен Панфилов» картинасы Жуалы ауданындағы Б.Мо­мышұлы мұражайына қо­йылған.

П.Дүйсенбин 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика мамандығына оқуға қабыл­данды. Студенттік жыл­дары жастар басылымында оның қазақ өнері, бейнелеу өнері, әлем­дік деңгейдегі ұлы тұл­ғалардың ең­бектері туралы, атап айтқанда, Лео­нардо да Винчи, Сикейрос, Рылов, Ко­ненков, Сарьян, Левитан, Орал Таңсықбаев, Шара Жиенқұлова, Айша Ғалымбаевалар туралы мақалалары жа­рияланғанда, терең дүниені тұщына қабылдайтын оқырман танымы кең жас тілшінің ұлт руханиятына олжа салар биік­ке ұмтылысын байқамай қалған жоқ. «Жұлдыздар неге жылайды?» деген алғашқы повесімен әдеби ортаның назарын аудара білген П.Дүйсенбин студент кезінен бастап «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істеп, бүгінде ұлт­тық әдебиеттің классиктеріне айналған сол тұстағы талантты шоғырмен қа­нат­тасып қатар қызмет ете жүріп, шығар­ма­шы­лығын көркем ізденіспен байыта түсті.

«Пернебай ағамыз – алыс ауылда жү­ріп, Алаштың ардақ­тысына айналған тұлға. Оқыр­ман мойындаған. Қоғам мойын­даған. Ең үлкен қасиеті – қара­пайымдылығы. Ешқашан мерейтой өткізбеген. Қазақстанда мерейтой өткізбеген екі қаламгер болса, өз басым соның бірі – Әбдіжәміл Нұрпейісов, екіншісі – Пернебай Дүйсенбин деп ойлаймын. «Лениншіл жастың» дәуірлеп тұрған шағында қызмет еткен Пернебай ағамыз өзі аш­құрсақ жүрсе де, жыл бойы сти­­пендиясын жинап, алыс са­парларға аттанып, одаққа аты мәшһүр танымал тұлғалар туралы ғажайып эсселер жа­зып, газеттің кезекті санында жарқ еткізіп, оқыр­манын жалт қарататын сәу­лелі кезең ешқашан көмескі тартпақ емес» деп әдеби іс-шараның алғысөзін алып, кез­десуді жүр­гізген қаламгердің шәкір­ті, Қазақ­станның еңбек сі­ңір­ген қайрат­кері, жазушы, пуб­лицист Қали Сәрсенбай ұста­зы­ның өмі­рінен қызықты сыр шертті.

Бүкіл ауылдың бір шамшырағы болады. Ол – ұстаз. Өскен өңірдің то­пырағына сүйіспеншілік жас талантты туған ауылына жетектеп, қарымды қаламгерлігін қоғаммен қоян-қолтық белсеніп қызмет етуі­мен сабақтастыра жүріп, ама­нат арқалаған елінің абыройлы азаматына айналды. Жазушы өмі­рінің әр кезеңіне бүгінгі күн биігінен шолу жасай тұрып, Қа­зақстан қаламгерлері атынан құт­тықтаған Жазушылар одағы бас­қарма төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып мерейтой иесінің шығармашылығына тоқталып, балалар әдебиетіне қосқан елеулі үлесі туралы әң­гімеледі. «Пернебай аға, Жа­йылма деген кішкентай ауылдың өзінен әде­биетке қызмет етіп жүрген Қазақстан Жазушылар одағының қаншама мүшесін тәрбиелеп шығардыңыз. Олардың әрқайсысын алақаныңызға салып баптап, өз қолыңызбен қияға ұшыр­дыңыз. Шәкірттеріңіздің әр­қайсысы бір-бір тұлға, елге бел­гілі азаматтар. Өмірде осы ұс­таздық қызметіңізді әдебиеттің тәлім-тәрбие беретін мектебіне айналдырған адам ретінде біз сізді қадірлейміз. Қа­зақта сіздей ақсақалдарымыз сирек. Тұ­тас бірнеше буынды қазақ әдебиетіне алып келген, оларды тәрбиелеп, «әдебиет – ардың ісі» екенін тү­сіндіріп, қаламын шыңдаған, болмысы қарапайым, тек шығар­машылық еңбегімен жарып шы­ғып келе жатқан үлгі тұтар ағамыз өзіңіз, ғұмыр жасыңыз ұзақ болсын», деді Б.Жақып.

Іс-шараға жазушылар, өнер­тану­шылар, ғалымдар, белгілі өнер адамдары, әншілермен қатар, республикалық бұқаралық ақпарат құралдары басшылары және жазушының шәкірттері қатысты. Жазушы Бейбіт Қой­шыбаев П.Дүйсенбиннің қалам­герлігімен қа­тар, қатпарлы тарих сырына да те­реңдеп, қазақтың өткен қасіретті тари­хын зерттеу­ге, жаңғыртуға қосқан ең­бегі туралы ақтарыла сөз қозғады. Та­рих тамыршысының айтуынша, тарихи-танымдық «Шежірелі Сарысу», «Үркердей болып көш­кен жұрт...», «Са­рысунама» атты тарихи-деректік томдары сол ір­гелі ізденісінің нәтижесі.

Мағира Қожахметова аймақта жатып та, әдебиеттен ойып орын алып, белгілі есімге айналған құрдасына жылы лебізін білдірді. Ал белгілі әдебиет сыншысы Әлия Бөпежанова әдеби тұлғаның Алаш қайраткерлеріне тән са­нат­керлік қырына, тұлғалық қа­сиетіне жоғары баға берді.

Энциклопедиялық білім жи­наған интеллект иесі, азама­ттық болмысы мен биік мәдениетіне қылау түсірмей, бүгінгі мерейлі жасына абыроймен жеткен жазушы талантты тай күнінен танып, өз қолдауын көрсетуден аянбаған қамқор ұстаз. Сол себепті кітапхана төріндегі бұл бас­қосу ұстаз бен шәкірттердің кездесуі іспетті шынайы сипатта өр­біді. Сондай-ақ жазушы Пернебай Дүй­сенбиннің шәкірттері Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері, әнші Сәуле Жан­пейісова, Құр­ман­ғазы атындағы Қазақ ұлттық кон­серваториясының до­цен­­ті, Мәдениет және бі­лім беру са­лаларының үздігі Тор­­ғын Смай­лова, Мәде­ниет саласының үздігі, күйші Саян Ақмолда, «Шал­қар» радио­сының директоры Болатбек Төлепберген, Қазақ­станның ең­бек сіңірген қай­раткері, әнші Ардақ Исатаевалар ұстаздарына алғыс айтып, ән мен күйден ша­шу шашты. Жазушының туған жерінен келген жерлестері Жам­был облысы Сарысу ауданы Жа­йылма ауылдық округінің әкі­мі Жандарбек Смағұлов, Қа­зақстан Жазушылар одағы Жам­был облыстық филиалының төрағасы Хамит Есаман, Сарысу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Айтбала Жолмаханова жа­зушының туған жерінің ықы­ласы мен құрметін жеткізді.

 

АЛМАТЫ