Руханият • 29 Тамыз, 2023

Ұлытаудағы өнер сайысы

389 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлытау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен республикалық «Мәдениет» порталы бірлесе маусым айының басында «Ұлытау: Сөз бен сурет» атты республикалық байқау жариялаған еді. Байқауға 40 ақын мен 50 суретші қатысып, бақ сынады.

Ұлытаудағы өнер сайысы

Суретті түсірген автор

Байқауды ұйымдастырудағы мақсат – ұлт ұясы атанған Ұлы­тау өңіріндегі тарихи-кие­лі орындар мен есімдері ел арасына кең тараған тарихи тұлғаларды өлең және сурет тілімен дәріптеп, наси­хаттау. Сондай-ақ тамыры бір, тағдыры ұқсас сөз бен сурет өнерінің арасындағы ға­­­жайып үндестіктің сырына ой жү­гірту, оқырман мен кө­рер­­меннің талғам көкжиегін кеңейте түсуге ықпал ету.

Байқаудың қорытын­ды­сында қазылар алқасы 6 ақын­ның және 6 суретшінің ең­бектерін лайықты санады.

Ақындар – Әскерхан Ах­тай, Әсел Оспан, Дәуренбек Бұланбаев, Файзолла Төлтай, Төлеген Меллат, суретшілер – Әділғали Баяндин, Жанат Сейтхамит, Бақыт Зерде, Қар­­лығаш Қансейіт, Ардақ Әкім­­бектің әрқайсысына – 500 мың теңгеден сыйақы бе­рілді.

«Ұлытау тауың – аңыз, тасың – абыз» өлеңі үшін ақын Ұмтыл Зарыққан, «Ұлытау. Ұлт­тың жаратылуы» атты туындысы үшін суретші Дәуренбек Бекназаров байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды. Олардың әрбіріне 1 млн теңге сыйақы берілді.

– Бұл байқау облыста рес­публикалық деңгейде алғаш рет өткізілді. Ұлытау – сөзбен өрнектесе де, суретпен әрлесе де ешқашан таусылмайтын мәңгілік тақырып. Сондықтан байқау алдағы уақытта дәстүрге айналатын болады. Ал биылғы байқауға ұсынылған барлық сурет, картиналар облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қа­расты музейдің көрме залына табыс етілді. Алдағы уақытта аталған жоба бойынша екі кітап шығаратын боламыз, – дейді Ұлытау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әнуар Омар.

 

Ұлытау облысы