Ғылым • 29 Тамыз, 2023

Уран өндірісін өркендететін қадам

340 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлемде уранға деген сұраныс жоғары. Уранның қоры бойынша Қазақстан алдыңғы қатарда орналасқан. Жыл сайын елімізде 20 мың тоннадан астам уран өндіріледі. Яғни әлемдік өндірістің 40 пайызға жуығы біздің елге тиесілі. Сондықтан бұл бағытты барынша дамыту маңызды.

Уран өндірісін өркендететін қадам

Осы орайда Satbayev University ға­лымдары ұңғымалық деректер бойын­ша қабаттың ұңғымааралық литологиясын және оның сүзу қасиеттерін қал­пына келтіруге, қабаттағы гидро­ди­намиканы анықтауға және қабатта­ғы химиялық және масса алмасу үде­рістерін есептеуге мүмкіндік беретін 3D компьютерлік бағдарламаларын әзірледі. Бұл бағдарламалар заманауи әдістермен өндіріске жұтаң кендерді тарту арқылы ресурстық базаны кеңейту және халықаралық нарықта өнімнің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды.

Мамандардың уранды ұңғымалық жерасты химиялық шаю әдісімен өндірудің геологиялық, гидродинамикалық және масса алмасу кезеңдерінің математикалық модельдерін әзірлеудегі және жасаудағы тәжірибесі зор. Деректерге сүйенсек, жерасты ұңғымалық шаю әдісімен игеруге жарамды әлемдік барланған уран қорының 65 пайыздан астамы Қазақстан аумағында орналасқан.

Уран өндіру технологиясының отан­дық ғалымдар ұсынған имитация­лық моделі «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының бөлімшелерін­де толық көлемде қолданылып келеді. Әлемдік нарықта мұн­дай бағдарламалық қамтамасыз ету әзір­ге жоқ. Оның үстіне бактериялық сілті­сіздендіру әдісімен алтын, мыс және тағы да басқа металдарды өндіретін кәсіпорындарда да имитациялық мо­дельді пайдалануға мүмкіндік бар.

Жүргізілген ғылыми зерттеу барысында кен орнын игеруді жоспар­лауға және өндіруді болжауға, өн­діру үдерісін басқаруға және оңтайландыруға, бактерияларды пайдаланбай дәстүрлі сілтісіздендіру арқылы өндіруге тиімсіз кендерді өндіріске тар­ту жолдарын айқындауға мүмкін­дік беретін математикалық негіздер салынып, бактериялық сілтісіздендіру әдісімен уран өндіру үдерісінің ими­тациялық моделі әзірленді. Жобаның жаңашылдығына келер болсақ, 3D талдау арқылы үдерістің дамуын болжауға және өндірудің барлық сатысын бақы­лауға мүмкіндік беретін уранды жерас­ты бактериялық шаю әдісімен өндіру технологиясының математикалық және имитациялық (цифрлық) модельдерін әзірлеу көмегімен бактериялық шаймалау технологиясын қолдануға арналған ғылыми негіз құрылған.

Ғылыми зерттеу жұмыстарына командамен жұмыс істеуді, құжаттаманы дайындап, пайдалану жолдарын үйрету мақсатында магистратура мен докторан­тура студенттері де тартылғанын еске сала кетейік.