Жапан түзге барып түрен салғандардың арасында тау-кен инженері Жайлаубай Сынасаповтың есімі айрықша аталатын. Өйткені ол алғашқы сәттен бастап кенішті пайдалануға бергенге дейінгі барлық істің басы-қасында жүрген азамат еді.
Ж.Сынасапов еңбек жолын 1985 жылы Қарағанды политехникалық институтының Жезқазған филиалын бітірген соң, Жезқазған шахтопроходкалау тресінде тау-кен шебері болудан бастады. Кейін ісіне мығым, білікті маман қызмет сатысында көтеріліп, бірқатар басшылық лауазымда да болды. II және III дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісімен марапатталды. Бір ғажабы, ол қандай лауазымда жүрсе де өзін ешқашан қатардағы жұмыскерден жоғары ұстаған жоқ. Мұны сол жұмыскерлер әлі күнге айтады. Өкініштісі сол, Ж.Сынасапов 2013 жылы өмірден озып кетті.
«Қашан болсын арамызда жүрді, істің ыңғайын қалай жүргізсе дұрыс болатынын ақылдасып отырудан арланбады, өзімбілемдікке салынбады. Бұл кез келген басшыда кездесе бермейтін алабөтен ерекше қасиет еді. Жұмысқа келгенде ол ең алдымен әрқайсымыздың аман-саулығымызды, отбасымызда не болып жатқанын сұрайтын», деп ол туралы Жанат Нүркеев, Жұмабек Баймұханов, Талғат Ырыспаев есімді жұмыскерлердің еске алғанына куә болғанымыз да бар еді. Жайлаубай Сынасаповтың рухына деген әріптестерінің көңілі сол қалпында сақталып қалғанына жуырда тағы бір мәрте көзіміз жетті.
«Жомарт» кенішінде ашылған аллеяға Жайлаубай Құлшанұлының есімі беріліп, ескерткіш тақта орнатылды. Ол еңбек еткен трест қазір Социалистік Еңбек Ері Ғазиз Омаровтың есімін иеленеді, «Ғ.Омаров атындағы Шахтопроходкалау тресі» деп аталады. Ал өзі бастан-аяқ құрылысын қолымен атқарған «Жаман Айбат» кеніші де атауын өзгертіп, «Жомарт» атанған бүгінде.
Аллеяның ашылу салтанатына жиналғандар Жайлаубай Құлшанұлы туралы тебіреніске толы естелік айтты.
«Жайлаубайдың жүрегінің ақтығы әрқашан сезіліп тұратын. Ол кісіде өтірік айту, жалған сөйлеу деген болмайтын. Айтса, айтқан сөзінде тұратын. Сол себепті де жұмыскерлер оның айналасына үйірсектеп, жанына жақын жүретін. Әдетте бастық келе жатыр десе, көзге көрінбеуге тырысатынымыз рас қой. Ал Жәкеңнің жөні бөлек-тін. Жұмыстан сәл босағанда айтатын әңгімесі қандай әдемі еді. Әзіл әңгіме айтып, өзі де күліп, өзгені де күлдіріп дегендей бір рақаттанып қалушы едік. Оның күлкісі де ерекше болатын. Ол күлгенде рақаттана күлетін, ал жұмыстың реті болмай қалғанда, болмаса жұмыскерлердің әлдебір мәселелері туындаса, барынша мұңаятын. Ол бізге сонысымен қадірлі еді», дегенге тоқайласты.
«Еңбегі барды ел ұмытпайды» деген осы. Әрине, бұл ретте кешегі әріптестерінің рухын әспеттей білген Ғ.Омаров атындағы Шахтопроходкалау тресі басшылығының көрегенділігін айта кеткеннің де артығы жоқ.
Ұлытау облысы