Аймақтар • 30 Тамыз, 2023

Сақшылар бойжеткенді өлімнен құтқарды

458 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркістан облысында түнгі уақытта екі тәртіп сақшысы өз-өзіне қол жұмсамақ болған қызды құтқарып қалды. Полиция қызметкерлерінің дер уақытында қажет жерден табылуына Павлодар облысынан шалынған қоңырау себепші болған көрінеді.

Сақшылар бойжеткенді өлімнен құтқарды

Түнде павлодарлық жас жігіт Төле би аудандық ПБ-ға хабарласып, Түркістан облысында тұратын танысы өз-өзіне қол жұм­­­­сағалы жатқанын және оны тез арада құтқару керекті­гін айт­­­­қан. Полиция қызметкер­ле­рі Есен­ғали Асқарбеков пен Бей­ба­рыс Серікбаев бірден қыз­дың тұр­­ғылықты мекенжайын анықтап, дереу сол жер­­ге барады. Учаскелік инс­пек­­­торлар үйдің қақпасын қақ­­қа­нымен, ешкім ашпаған. Со­дан кейін тәртіп сақшылары уақытты жо­ғалтпау керектігін түсініп, қақ­падан секіріп түскенде бейтаныс әйел жүгіріп шығып, полицейлердің не істеп жатқанын сұрайды. Олар қо­ңы­рау арқылы келгендерін түсін­ді­реді, алайда әйел қызының өз бөл­месінде ұйықтап жатқанын айтады.

Тәртіп сақшылары сенімді болу үшін қыздың бөлмесін тек­серуге шешім қабылдайды. Осы­лайша, олар қыздың бөлмеде жоқ екенін және асүйде қош­та­су хаты тұрғанын көреді. Олар үйдің барлық бөлмесін қа­­ра­­ғанымен, қызды таппайды. Бей­барыс Серікбаев үйдің төбе­­сі­не апаратын баспалдақты бай­қап, оған көтеріліп, сол сәтте арқанға ілулі тұрған қызды көр­ген. Учаскелік қыз­­меткер де­реу әріптесін көмекке шақы­рып, бірі қызды көтеріп, екін­ші­сі ілмек­ті кесіп тастайды. Со­­дан ке­йін полицейлер оған ал­ғаш­қы меди­циналық көмек көрсетеді: олар жансызданған аяқ-қолын уқа­лап, жасанды тыныс беріп, жедел жәрдем шақырады.

Қырағылық пен жедел әре­кет­тің арқасында полицейлер осылай­ша 24 жастағы қызды өлім­­нен құтқарып қалды. Қазіргі уақыт­та қыз­дың жағ­дайы тұрақты. Оқиғаның толық мән-жайы әлі де анықталып жатыр. Анасы тәртіп сақшыларына шын жүректен ал­ғы­сын білдірді. Сон­дай-ақ по­ли­цейлерге дәрігерлер де ал­­ғыс айтып, қыздың уақытында құт­­қа­рылғанын, сапалы алғаш­қы кө­мек көрсетілгенін атап өтті. Дә­рі­­гер­лердің айтуынша, егер тәртіп сақ­шылары бір­неше секундқа кешік­кен­де, қыз өмір­мен қоштасуы мүмкін еді.

Полиция қызметкері Есен­ға­ли Асқарбеков 2009 жылдың қыр­кү­йегінен бері ішкі істер органдарында жұмыс істейді. Үй­ленген, үш ұл тәрбиелеп отыр. Ал Бейбарыс Серікбаев – бел­гілі әнші әрі композитор Ер­жан Серікбаевтың ұлы. Өнерпаз, өкінішке қарай, туған қала­сы Арыста 51 жасында жол апатынан қайтыс болғаны белгілі. Қайғылы оқиғадан кейін жас жігіт өз өмірін по­лиция қыз­метімен байланыстыруға шешім қабылдапты. Бейбарыс 2022 жылдан бастап ішкі істер органдарында қызмет атқарады.