Лизинг нарығындағы көшбасшы
Мемлекет басшысы өткен жылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында: «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді», деп атап айтты. Оған қоса жаңа жетіжылдық мерзімге сайланған Президент бірінші Жарлығын ауылды дамыту мәселесіне арнап, Үкіметке ауылды дамытудың бес жылға есептелген нақты жоспарын әзірлеуді тапсырды. Осы орайда «ҚазАгроҚаржы» АҚ Мемлекет басшысының саясатын белсенді жүргізуге атсалыса отырып, техника сатып алуға лизинг беру арқылы еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің дамуына елеулі үлес қосып келеді.
1999 жылы негізі қаланған компания күні бүгінге дейін сапалы әрі бәсекеге қабілетті лизинг қызметтерін ұсына отырып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қажетті техникамен қамтамасыз етіп келеді. Шын мәнінде, «ҚазАгроҚаржы» АҚ – Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені саласындағы лизинг нарығының көшбасшысы. «Бәйтерек» холдингіне қарасты компания бұл саланы түгелдей заманауи және жоғары технологиялық техникамен қамтамасыз етіп отыр. Оның еліміздің барлық өңірінде өкілдігі бар, бүгінде республика бойынша 15 бөлімшесі жұмыс істеп тұр. Осылайша, республикамыздың қай түкпірінде болсын ауыл шаруашылығын өркендетуді мақсат етіп отыр.
Кәсіпкерге мақсатына қарай таңдау көп
«ҚазАгроҚаржы» АҚ ұсынған бағдарламадағы бірнеше таңдау ауыл шаруашылығының қажеттігіне қарай кез келген техниканы сатып алуға мүмкіндік береді.
Компания биылғы 26 маусымда 4 бағдарламаны іске қосты. Соның ішінде «Өз жемшөбіміз» бағдарламасы мал шаруашылығын жемшөппен қамтамасыз етуге, сол арқылы мал өнімділігі мен өнімін арттыруға бағытталған. Бағдарламаны жүзеге асыруға 20 млрд теңге бөлініп отыр.
Сондай-ақ отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған «Қазақстанда жасалған» бағдарламасы бар. Бұл елімізде жасалған немесе жинақталған ауыл шаруашылығы техникасына лизинг беруді қаржыландыруды көздейді. Оған 15 млрд теңге қаржы бөлінген. Ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік (көкөніс, жеміс-жидек, қант қызылшасы) өндірушілерді қолдауға бағытталған «Жасыл өнім» бағдарламасына 10 млрд теңге бөлінді.
Лизинг арқылы 5 техника алған шаруа
2022 жылы «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның жеңілдікті бағдарламасына қатысқандардың бірі – «Майқынов» шаруа қожалығы. 2010 жылдан бері Жетісу облысы Алакөл ауданында ауыл шаруашылығымен айналысатын осы ШҚ былтыр Жетісу облысындағы «ҚазАгроҚаржы» бөлімшесі арқылы өтініш беріп, аванс төлемей-ақ 2 «Беларусь 892.2» тракторын, 1 «Беларусь 1221.2» тракторын лизингке алды.
Аталған ШҚ, негізінен, егін шаруашылығымен, яғни бидай, арпа өсірумен айналысады. Иелігінде 859,1 га жайылымы, 925 га егістігі, 192,3 га басқа да жері бар. Ал биыл Telegram арқылы тағы 2 астық жинау комбайнын алуға өтініш беріп, «Қазақстанда жасалған» бағдарламасы аясында «VECTOR 410KZ» комбайндарын сатып алу үшін қаржылай көмекке қол жеткізді.
Жалпы, «ҚазАгроҚаржы» 2000-2023 жылдар аралығында Жетісу облысына 100 млрд теңгеден аса қаражат инвестициялаған. Сөйтіп, жергілікті шаруа қожалықтарының 5 519 дана техника сатып алуына жағдай жасаған. Сатып алынған техниканың жалпы құны – 43 339 млн теңгені құрайды. Ал биыл техника сатып алуға 5 500 млн теңге қарастырылып отыр.
Ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлер үшін жоғарыда аталған бағдарламаның барлығы қолжетімді. Өтініш білдірген және тиісті талапқа сай келген ұйымдар қаржыландыру мүмкіндігіне ие болады. Өтінішті кәсіп жүргізіліп жатқан өңірдегі «ҚазАгроҚаржы» бөлімшесіне немесе арнайы Telegram bot арқылы да беруге болады.