Бір жылдай бұрын Орталық Азиядағы ең ірі мемлекет референдум өткізіп, елдің институционалды құрылымын түбегейлі өзгерткен бірқатар конституциялық реформаны мақұлдады.
Президент Тоқаев бір мерзімге қызметіне кірісті, Мәжіліс (Парламенттің төменгі палатасы) үлкен өкілеттікке ие болды, заңгер Эльвира Әзімова төрағалық ететін жаңа Конституциялық сот құрылды.
30 тамызда Қазақстанда Конституция күні аталып өтіледі. Бұл – 1990 жылдардың басында кеңес өкіметінен егемендік алғаннан кейін елде құрылған саяси институттарға арналған мемлекеттік мереке. Кейінгі отыз жылдан астам уақыт ішінде Қазақстанның Конституциясы күшті президенттік жүйеден парламенттік жүйеге көшіп, бірқатар өзгеріске ұшырады.
Осылайша, 2022 жылдың қыркүйегінде Қазақстан сайлаушыларының 77 пайызы бірқатар конституциялық түзетуді мақұлдады. Соның ішіндегі ең ерекшесі – Президент өкілетігінің қысқаруы. Бұдан бөлек, бір мандатты жүйе енгізіліп, Парламенттің өкілеттігін күшейту, азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне кеңінен қатысуы қамтамасыз етілді.
Нәтижесінде, ауыл әкімдерін халықтың тікелей сайлауына, саяси партиялардың Мәжіліске (Қазақстан Парламентінің төменгі палатасы) өтуін жеңілдетуге және бірінші кезекте бір мандатты округтерге кандидаттарды енгізуге жол ашылды. Сонымен қатар халықтың сенімінен шықпаған депутаттарды қызметінен босату тетігі енгізілді.
Алайда билікті тиімді бөлу жөніндегі институционалды шаралар кешені азаматтардың құқықтарын нығайтуға бағытталған саяси реформалармен қатар жүрді. Өлім жазасын Конституциядан алып тастау, гендерлік теңдікті насихаттау, саяси партияларды тіркеу тәртібін жеңілдету референдумда бекітілді.
Көптеген үкіметтік емес ұйымның өтініші бойынша «Бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу туралы» Заңға да өзгерістер енгізілді. Осылайша, теориялық тұрғыда адам құқығын тиімді қорғайтын нақтылау мен нақты айырмашылық жасалды.
Соңғы өзгеріс – 2023 жылдың 1 қаңтарында Конституциялық сот құрылды. Бұл елдегі сот және заң шығару тарихындағы бетбұрыс кезеңі болмақ. Өйткені жаңа органның басты міндеті – Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету. Қазақстан билігінің хабарлауынша, жаңа Конституциялық сотқа жүгінетін азаматтардың саны артып келеді. Бұл сот жүйесіне сенімнің қайта артқанын көрсетеді. Бұдан былай кез келген азамат өз құқығын қорғау үшін Конституциялық сотқа тікелей жүгіне алады. Қазақстандағы мұндай жаңашылдық өңірде алғаш рет тіркеліп отыр.
Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың төрағалық қызметке кадр таңдауы символдық мәнге ие. Заңгер Эльвира Әзімова жаңа Конституциялық соттың басшысы болып тағайындалды. Халықаралық құқық саласындағы маман, ең бастысы, адам құқықтары жөніндегі бұрынғы уәкіл Қазақстандағы негізгі бостандықтарды қорғауға жауапты болмақ. Бұл тағайындаудың маңызы зор.
Қазақстандағы конституциялық реформадан бір жыл өткен соң елде демократия жолына түсу қарқынды жүріп жатқаны анық байқалды. Демократия сонау көшпелілер заманының тарихи мұрасы саналады. Ғасырлар бойы түрлі тайпалардың өкілдері арасындағы ең маңызды шешімдер ауқымды алқалы жиындар – құрылтай кезінде қабылданады. Дала төсінде өзіндік парламенттік демократиялық жүйені кезең-кезеңімен құрып келе жатқан Қазақстан осылайша тарихи жадын қалпына келтіріп жатыр.