Үкімет • 29 Тамыз, 2023

Теңгерімді бюджет жобасы

160 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Жиында Қазақстанның 2024-2028 жыл­дарға арналған әлеуметтік-экономи­ка­лық дамуының болжамы мен респуб­ли­калық бюджеттің және Ұлттық қор­дан 2024-2026 жылдарға арналған транс­ферт­тердің параметрлері қаралды. Сон­дай-ақ еліміздегі геология саласын одан әрі дамыту шаралары да күн тәртібіне қойылды.

Теңгерімді бюджет жобасы

Экономика 5 жылда 6 пайызға өседі

Алдағы 5 жылда Қазақстан эконо­ми­касының орташа жылдық өсімі 5,8% деңге­йін­де болжанып отыр. Бұл туралы Үкімет отыры­сын­да Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуан­­тыров айтты. Ол республиканың даму болжа­мы халықаралық қаржы ұйымдарының әлем­дік экономиканың өсуі бойынша болжамдарын, сыртқы нарықтардағы конъюнктураны ескере отырып, қалыптастырылғанын алға тартты. «Барлығы үш сценарий қаралып жатыр – базалық, оптимистік және пессимистік», деп нақтылады министр.

Базалық сценарий кезінде мұнайдың орташа бағасын барреліне 80 доллар деңгейінде алу ұсынылады. Болжам бойынша 5 жыл ішінде ІЖӨ-нің орташа жылдық өсуі 5,8%-ды құрайды. Инфляция 2024 жылы 6-8%, 2025 жылы 5,5-7,5% деңгейінде айқындалды, кейіннен 2026-2028 жылдары 5%-ға дейін төмендейтін көрінеді.

Келесі жылы ІЖӨ-нің нақты өсуі 5,3%-ды құрайды, кейін 2028 жылы 6%-ға дейін өседі. Номиналды ІЖӨ 2024 жылғы 135 трлн теңгеден 2028 жылы 218,5 трлн теңгеге дейін өседі деген болжам бар.

Жалпы, экономиканың барлық базалық саласында өсім күтіліп отыр. Мәселен, өнеркәсіпте орташа жылдық өсу қарқыны 4%-ды, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 4,9%-ды, тау-кен өндіру өнеркәсібінде 3,1%-ды құрайды. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемінің орташа жылдық өсімі 4,5%-ды қамтиды. Құрылыс саласындағы өсім болжам бойынша орта есеппен 8,8%-ды, саудадағы өсім 7,4%-ға жетеді деген жоспар бар.

Ал экспорт көлемі 2024 жылы 83,1 млрд доллардан 2028 жылы 94,8 млрд долларға дейін ұлғаяды. Өз кезегінде импортта 60,7 млрд доллардан 65,6 млрд долларға дейін өседі.

Үкімет отырысында 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы туралы Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев та баяндама жасады. Оның айтуынша, 2024 жылы түсімдер 20,4 трлн теңге деңгейінде болжануда. Ал шығыстар 2023 жылға қарағанда 1,5 трлн теңгеге өсіп, шамамен 24 трлн теңгеге дейін ұлғаяды деп жос­парланыпты. Үкімет басшысының орынбасары бюджет шығыстарының негізгі үлесі әлеуметтік салаға тиесілі екенін айтты.

Келесі жылы Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге көлемінде трансферттер тартылады. Бұл қаражат әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға жұмсалады. Атап айтқанда, жылу, газ және сумен жабдықтау және автожолдарды, инженерлік желілерді жаң­ғыр­туға, сондай-ақ «Жайлы мектеп», «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобалары аясында әлеуметтік нысандар салуға қатысты игеріледі.

Премьер-министрдің айтуынша, үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет жобасы ең алдымен, мемлекеттің барлық әлеумет­тік мін­дет­темесін толық және уақтылы орын­дауғ­а, сондай-ақ экономиканың сапалы және ор­нықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Мұнайға деген ең төменгі бағаны ескере отырып, Ұлттық қорға кепілдендірілген трансферт мұнай секторынан түсетін түсімдер көлемінен аспайды. Оған қоса бюджет шығыстарының өсуі инфляцияны ескере отырып, ұзақмерзімді эко­но­микалық өсудің орташа деңгейінен артпайды.

«Жалпы, жан-жақты ойластырылған әрі теңгерімді бюджет жобасы қалыптастырылды. Ол бұрынғыдай әлеуметтік бюджет болып қала береді. 2024 жылы әлеуметтік салаға 9,9 трлн теңге көзделіп отыр», деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысы экономиканың нақты секторында өңдеу өнеркәсібін дамытуға, бизнесті қол­дауға, көлік инфрақұрылымын жетілдіруге және газдандыруға басымдық берілетінін атап айтты.

«Жалпы, аталған салаларға 2024 жылы 2,8 трлн теңге бөлу жоспарланып отыр. Алдымызда тұрған маңызды міндет – бюджет қаражатын барынша тиімді пайдалану», деп нықтады сөзін ол.

Ұсынылған құжаттар бойынша дауыс беру рәсімінен кейін Ә.Смайылов заң жобаларын және Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын Парламент Мәжілісіне енгізуді қамтамасыз етуді тапсырды.

 

Барлық кен орнын тексеру жүріп жатыр

Премьер-министр Үкімет отырысының екінші кезеңінде жыл соңына дейін барлық кен орнын тексеру жұмыстарын аяқтауды, өз міндетін орындамайтын жер қойнауын пайда­ланушыларға қатысты тиісті шара қол­дануды, салада нақты шешімдер қабылдауды талап етті. Атап айтқанда, еліміздегі геология саласын одан әрі дамыту шаралары күн тәртібіне шығып, қызу талқылауға түсті.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Азамат Бейспеков республи­ка­ның минералдық-шикізат базасына қатты және кең таралған пайдалы қазбалар, көмірсутектер мен жерасты суларының кен орындары кіретінін айтты. Жалпы алғанда, мемлекеттік теңгерімде пайдалы қазбалардың 100-ден аса түрі бойынша 8 мыңнан аса кен орны есепке алынған.

Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу екі бағытта – жер қойнауын аймақтық зерттеу және іздеу-барлау бойынша жүргізіледі. Біріншісі бойынша бүгінгі таңда Қазақстан аумағының 94,5%-ы 200 мыңдық масштабта геологиялық жете зерттеумен қамтылған. Екін­ші бағыт шеңберінде моноқалалар маңында орна­ласқан қала құраушы кәсіпорындардың тұрақ­ты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін 16 учас­кеде іздестіру жұмыстары жүргізіліп келеді.

Биылдан бастап Minerals.gov.kz ақпараттық платформасы өнеркәсіптік пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта ол геологиялық ақпаратпен толтырылып жатыр. Бүгінде 40 мыңға жуық есеп жүктелді. Жыл соңына дейін тағы 16 мың есеп күтіліп отыр. Геологиялық материалдарға ашық қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін жер қойнауын пайдаланушылардың бизнес-процестерін цифрландыру, сондай-ақ әлеуетті және жұмыс істеп тұрған инвесторлар үшін бірыңғай терезе қағидатын енгізу жоспарланған.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев көмірсутек шикізатын барлау саласындағы жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин геология және жер қойнауын пайдалану саласын цифр­ландыру туралы айтып берді.

Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-министр геология саласын дамыту еліміздің минералдық шикізат базасын толықтырудың және отандық өңдеу өнеркәсібін шикізатпен қамтамасыз етудің негізі екенін атап өтті.

Осылайша, жер қойнауын пайдалану­шыларға «Кім бірінші келсе – сол бірінші алады» қағи­даты бойынша тиісті лицензия алу тәртібі жеңіл­детілді. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеудің тиімділігін арттыру үшін Геология саласын дамыту тұжырымдамасы қабылданды.

Сонымен қатар геологиялық материал­дардың ашық қолжетімді болуын қамтамасыз ететін цифрлық ақпараттық онлайн-платформа іске қосылды. Онда өтінімді беруден бастап лицензия алуға дейінгі барлық рәсім көзделген, анық көрсетілген.

«Қазір барлық кен орны тексеріліп жатыр. Өз міндеттемесін орындамайтын жер қойнауын пайдаланушы компаниялардан лицензиялар алынып, келісімшарттар бұзылып жатыр», деді Ә.Смайылов.

Бұған қоса ол металдардың жекелеген түр­лері бойынша әлемдегі жетекші орындарға қара­мас­тан, шикізат базасының айтарлықтай қыс­қар­­ғанына назар аударды. Мысалы, хром, алю­миний, мырыш, мыс, қорғасын қоры азайып барады екен. Жоғары технологиялық өнімдерді өндіруге негіз болатын сирек және сирек жер металдарын барлау жұмыстарының қарқыны баяу жүріп жатыр.

«Біз әлі күнге дейін бірінші өтінім қағидаты бойынша лицензия алған жас компаниялардың жаңа бастамалары мен нақты жұмысын көріп отырған жоқпыз», деп атап өтті Премьер-министр.

Үкімет басшысының пікірінше, жер қойнауын зерттеудің ғылыми базасы мен инфра­құрылымы барынша жаңартуды талап етеді. Инвесторларды одан әрі тартуға қажетті геологиялық ақпаратты цифрландыру жұмыстары да аяқталған жоқ. Білікті геологтер мен геодезист мамандар әлі тапшы болып отыр.

«Өткен12 жыл ішінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге 2 трлн теңгеден аса жеке инвестициялар салынды. Бірақ соған қарамастан, біз жаңа кен орындарын барлауға жұмсалатын салымдар бойынша артта қалып отырмыз. Аталған проблемаларды шешу үшін қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер қабылданды», деді Ә.Смайылов.

Отырысты қорытындылаған Премьер-министр ресурстық базаны ұлғайту, сирек кездесетін және сирек жер металдар негізінде жоғары технологиялық өнімдер өндірісін ұйымдастыру үшін Жол картасын әзірлеуді, 2 ай мерзімде заманауи технологиялық шешім­дерді пайдалана отырып, газды кен орындары­ның тарихи деректеріне тиянақты талдау жүргізуді, жыл соңына дейін ғылыми база мен инфрақұрылымды жүйелі реттеуді тапсырды.

Сонымен бірге Үкімет басшысы жыл соңына дейін тарихи деректердің барлық түрін жан-жақты талдап, онлайн-платформаны барынша толтыруды қамтамасыз етуді, сондай-ақ өз міндетін орындамайтын жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты шаралар қабылдай отырып, барлық кен орнын тексеруді аяқтау аса қажет екенін атап өтті.

 

Соңғы жаңалықтар

Аймақ ажарланып қалды

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 08:50

Мал өсірсең, қой өсір...

Шаруашылық • Бүгін, 08:48

Заң уақыт сұранысына сай

Қоғам • Бүгін, 08:45