05 Маусым, 2010

БҰЛ – МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯМЕН БЕКІГЕН ҚҰҚЫҒЫ

522 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кеше Парламент Мәжілісінің кезектен тыс пленарлық отырысы өтіп, онда бір ғана мәселе қаралды. Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қа­зақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасының Парламентіне, “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының Саяси бюросына арнауының мазмұнымен таныстырды. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ. Мәтінді толық оқып шыққан Төраға бұл жерде жарыссөздің қажеті жоқ, сондықтан Елбасының арнауын есепке алу жөнінде қау­лы­ны қабылдағанымыз жөн деп, әріп­тестерін мәселені дауысқа салуға шақырды. Отырысқа қатысып отыр­ған 85 депутаттың барлығы да жақтап дауыс беріп, Елбасының ұстанымын құрметтейтіндіктерін танытты. Мәжілістен шыққан депутат­тар­ды сөзге тартып, олардың пікір­ле­рін сұраған едік. Гүлмира Исімбаева: Елбасының шешімін біз дұрыс түсінуіміз керек. Парламент Мәжі­лі­сінің депутаттары ол кісінің ше­ші­мін қолдап, мақұлдап отыр. Қа­зақ­та мақал бар ғой “Ұлық болсаң, кішік бол” деген. Елбасы осы үлгіні бәрімізге көрсетті. Егер елдің тәуел­сіздігіне, қауіпсіздігіне бір қауіп төнсе ғана еліміздің тұрақ­тылығын нығайту үшін, сырттан бір қауіп-қатер келіп жатқан жағ­дайда мен қосымша құзірет сұ­рай­мын, соны сіздердің қолдайтын­дықтарыңызға сенемін деді. Жалпы, тәуелсіз мемлекет құру, оны әлемге таныту, халқын жетіс­тік­терге жеткізу екінің бірінің маң­дайына жазыла бермейтін бақыт. Нұрсұлтан Әбішұлының ел та­ри­хы­на енетін тұлға екеніне қылдай кү­мән жоқ. Сондықтан заң қабыл­данса да, қабылданбаса да Елбасы осы тұғырында. Бүгінгі арнау оның халық таныған, ел таныған биік тұлға екенін тағы бір көрсетті. Отбасы туралы да ол кісі заңның алдында барлық азаматтар бірдей, кім де кім заңнан тыс, заңға қайшы әрекет етсе ол соған жауап беруі тиіс деді. Осы ой арқылы заң орындалғанда кімде-кім ке­лешегіне сеніммен қарай ала­тын­дығын жеткізді. Ал заңға қол қою немесе қоймау мәселесіне келетін болсақ, бұл – Президенттің Конс­титуция­мен бекітілген құқы­ғы. Сондықтан біз бұл шешімді қабылдаймыз. Осы жолы Елбасы жеке басының қа­сиетінің қандай жоғары екенін тағы да көпшілікке танытты. Майра Айсина: Президентті толық қолдаймыз. Елбасы да адам баласы, бірақ көп­тің бірі емес, сондықтан биік па­ра­сат иесі екенін танытты. Жалпы, қай ортада да, бала кезімізден бі­ле­міз, бейресми лидер, яғни көш­бас­шы деген ұғым болатын. Оны барлығы мойындайды, сөзіне құлақ асады, ісіне қарап бой түзейді. Біз­дің Елбасы арнайы заң қабыл­дан­баса да ұлт алдында осындай бей­ре­сми көшбасшы. Менің бұл пі­кірімді өзгелер де қолдайды деген ой­дамын. Өйткені, Нұрсұлтан Назарбаев қашанда біздің көшбас­шымыз болған және болып қала бер­мек. Бұл – шын көңілмен айтылған сөз. Президент өзінің көшбасшылық қасиеттерін іспен дәлелдеген азамат. Ал оны заң тү­рінде енгізу мәселесіне келетін бол­сақ, бұл, бәлкім, соншалықты ма­ңыз­ды емес те шығар. Мемлекет бас­шысының бұл заңға қол қой­мауы оның мәртебесін биіктетпесе кеміте қойған жоқ. Амангелді Момышев: Елбасы – шынында Ұлт көш­басшысы деген атқа әбден лайық адам. Бірақ адам ретінде мен ол кі­сіні түсініп, қолдаймын. Заң қа­былданбаса да ол кісі ұлт таныған Елбасы. Өмір алда, бұл тек жеке­леген бір топтың емес, халықтың ойы болатын, тілегі-тұғын. Сол се­бептен заң жобасы дүниеге келген-ді, бірақ Президент оған вето қой­ды, ол Ата Заңымызда жазылған құқығы. Осы заң жобасы бастамашы­лары­ның бірі Светлана Ферхо: Мен де Елбасын құрметтейтін адамдардың бірімін, бүгінгі Пре­зидент арнауына да осы тұрғыдан келемін. Заң жобасы тек Пар­ла­мент қабырғасында туған ойдан емес, халықтың өз ішінен, зиялы­лардан, студент жастардан, аға ұрпақ өкілдерінің пікірін жинақтап барып, заңдық негізін қалайық деген ойдан туған жоба болатын. Президенттің өз құзыретінің биі­гінен заңды кері қайтаруы, жалпы өз елінің барлық азаматтарына, Парламент пен партияластарына арнап, неге бас тартатынын айтуын да бар ықыласыммен қабыл алдым. Сондықтан, бұл жерде менен қандай ой айтасыз деп сұрау да артық, мен Елбасын құрметтеймін, қолдаймын. Өмір алға жылжиды, уақыт бір орында тұрмайды, ендігі сауалды алдағы күннің еншісіне қалдырғанымыз абзал.