Дін істері комитетінің қолдауымен 23-24 тамызда Алматы қаласында дін мәселелері бойынша білікті мамандарды дайындауға бағытталған іс-шара өтті. Оған «Дін зерттеу орталығы» КММ, «Ақниет» ҚҚ мамандары, психологтары мен теологтары, жергілікті АТТ мүшелері қатысты. Жиында дін мәселелері бойынша түсіндіру тобының мүшелері – медиация маманы Бекбауов Нұрбек Серікұлы, психология маманы Шакимова Лола Сергеевна, театр педагогі, көркемсөз оқу шебері, жоғары категориялы кәсіби диктор Абзелбаев Мұрат Назтайұлы және заң ғылымдары профессоры, «ҚР экстремизм мен терроризмді зерттеу орталығы» ҚҚ жетекшісі Бишманов Кәкімжан Мұратжанұлы семинар оқыды.
Нұрбек Бекбауов «Деструктивті ағым өкілімен сұқбат құру тәсілі. Қалыпты ортаға қайтарудың тиімді әдістері» тақырыбында сөз сөйледі. Ол қатысушыларға басқа ағымның жетегінде кеткен адамдармен жұмыс істеудің тиімді тәсілдерін түсіндіріп өтті. Сонымен қатар «Тәңіршілдік: Хоббиден Лоббиге дейін» тақырыбы аясында жалпы теориялық ақпарат берді.
Өз кезегінде сөз алған Шакимова Лола Сергеевна «Применение основ профайлинга для выявления группы риска в молодежной среде» тақырыбында сөз сөйледі. Ол қатысушыларға жастар арасындағы тәуекел топтарын анықтау үшін профайлинг техникасын, яғни, қылмыс жасауға дайын тұрған тұлғаның сыртқы келбетіне, мимикасына, жүріс-тұрысына қарап қалай анықтауға болатынын түсіндірді. Сондай-ақ «Методы изучения личности, применяемые в психокоррекционной работе с адептами ДРТ» тақырыбында қатысушыларға психокоррекциялық жұмыста қолданылатын тұлғаны зерттеу әдістерін үйретті.
Бұдан соң Мұрат Назтайұлы «Сөйлеу техникасы және сөз әрекетінің элементтері» тақырыбында сөйлеу техникасының меңгерудің тиімді жолдарын атап өтіп, дұрыс тыныс алуды, үннің құлаққа жағымды, сөздің, буынның ашық, айқын болуына септігін тигізетін тәсілдерді бөлісті. Одан бөлек, «Көпшілік алдында сөйлеу шеберлігі» тақырыбы аясында ауызша сөйлеу мен аудиторияның ерекшеліктеріне үйлестіре білу, аудиторияның тұтқиылдан қойған сұрақтарына тапқыр жауап беруге байланысты тренинг өткізді.
Кәкімжан Мұратжанұлы «Противодействие терроризму и религиозному экстремизму в условиях глобализма» тақырыбында жаһандық жағдайдағы терроризм мен діни экстремизмге қарсы күрестің құқықтық негіздеріне тоқтала отырып, келесі кезекте, «Основные вопросы реализации законодательства в сфере религии» тақырыбында дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын, принциптерін қатысушыларға түсіндірді.
Сонымен қатар семинарлар мен тренингтер барысында қатысушылар тарапынан дәріскерлерге сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар алынды.