Бұқараның қуанышы еселенген бұл күні 26 адам көпбалалы отбасылар қатарынан, 35-і халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтағылар болса, 20-сы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала мен 24-і мемлекеттік қызметкер санаты бойынша пәтермен қамтылды.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді күн тәртібінен түсірген емес. Бүгін мерейлі мереке қарсаңында «Капстройгрупп-Т» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салған көпқбатты тұрғын үй кешенінің пәтерлері өз иелерін тапты. Жаңа баспаналарыңыз жанға жайлы болып, өсіп-өркендей беріңіздер», деген облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов пен Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Алтай Досымбаев тұрғын үй кешенінің лентасын қиып, пәтер кілттерін иелеріне салтанатты түрде тапсырды.
Баспаналы болу бақытын сарыла күткен тұрғындардың қуанышында шек болған жоқ. «Өз үйім – өлең төсегім» демекші, сәні мен сапасы үйлесім тапқан тұрғын үйдің табалдырығын аттаған азаматтардың алғашқы қадамдарына шашу шашылып, ақ тілектер ақтарылды.
Тұрғын үйдің инфрақұрылымы толықтай ретке келтірілген. Жасыл желекпен көмкеріліп, жарық тартылған. Ауыз судан да тапшылық болмайды. Ең маңыздысы, жылу мәселесі де толық шешілген.
«Бүгін отбасымыз үшін зор қуаныш. 2012 жылдан бері тұрғын үйдің кезегінде тұрып келеміз. Басымызда өзіміздің баспанамыз болса екен деп армандаушы едік. Міне, бүгін тәуелсіз елдің азаматы ретінде баспаналы болу құқығына ие болып, пәтеріміздің кілтін алдық. Төл мерекеміз құтты болсын», деген жаңа қоныс иесі Руслан Мұсаұлы жүрекжарды ризашылығын білдірді.
Іс-шара соңы тұрғындардың қоныстойына ұласты.
Алматы облысы