Сегізінші рет өткізіліп отырған байқауда Әзербайжан, Вьетнам, Испания, Италия, Канада, Малайзия, Өзбекстан және Эфиопиядан келген басылымдар мен репортаждардың авторлары әр аталым бойынша үздік деп танылды. Жарияланымдар Қазақстанның жаһандық ілгерілеуі мен инвестициялық әлеуетін, мәдениетін, сондай-ақ халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі АӨСШК рөлі секілді тақырыптарды қамтыды.
Жеңімпаздарды құттықтаған Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко байқауға ұсынылған бүкіл жұмыстың жоғары деңгейде екенін айтты. Сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінен келетін БАҚ өкілдер өтінімдері үнемі өсіп келе жатқанына назар аударды. Биыл қазылар алқасының қарауына әлемнің 40 елінен 70-тен астам материал келіп түсті.
Сондай-ақ Р.Василенко еліміздің ядролық қаруды таратпау саласындағы бастамаларының өзектілігін ерекше айта келе, іс-шара қонақтарына отандық суретші және антиядролық қозғалыс белсендісі Кәріпбек Күйіковті таныстырды. Осы іс-шара аясында министрліктің фойесінде суретшінің көрмесі көпшілікке ұсынылды.
Дипломат Қазақстан Республикасының Еуропа мен Азия арасындағы сауда-экономикалық және көлік-логистикалық байланыстарды нығайтудағы рөліне, елдің жаһандық ынтымақтастық пен экономикалық өзара іс-қимылды жолға қою жөніндегі күш-жігеріне егжей-тегжей тоқталды. Осы тұрғыда Қазақстан «орта державалар» арасындағы диалогке жәрдемдесетін, поляризация мен бұрын-соңды болмаған геосаяси сын-қатерлер дәуірінде «бейбітшілік, прогресс және ынтымақтастық үшін дауыстарды күшейтудің» жолсерігі бола отырып, Астана халықаралық форумын өткізуге бастамашы болғанын жеткізді.
Салтанатты іс-шараға Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай, АӨСШК әскери-саяси өлшем сарапшысы, елші Дулат Қуанышев, Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев, «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Сәдуақасов, сондай-ақ Әзербайжан, Вьетнам, Испания, Италия, Канада, Малайзия және Өзбекстан елшілері мен дипломаттары қатысты.
Байқаудың барлық қатысушыларына алғысын білдіре отырып, Б.Жексенбай шетелдік БАҚ-та жарияланған Қазақстан туралы материалдар мемлекеттің шетелдегі имиджін ілгерілетуге жемісті әсер ететінін жеткізді. Д.Қуанышев өз кезегінде АӨСШК аталымы бойынша екі жеңімпаздың жұмысын ерекше атап өтті. Сонымен қатар осы форумдағы Қазақстан төрағалығының басымдықтарын әңгімелеп берді.
Канадалық журналист Донован Маккензи өз елі мен Қазақстан арасындағы ұқсастықтарды атап өтті. Этносаралық және дінаралық келісім, ірі державалармен көршілестік, белсенді және бастамашыл сыртқы саясат секілді ортақ қасиетіміз бар екенін жеткізді. «The Voice of Vietnam» Вьетнам ұлттық радиосының тілшісі Суан Нгуен барлық қатысушының атынан Қазақстанға келу мүмкіндігі үшін ризашылығын айтты. Екі ел халықтары арасындағы достықтың нығаятынына, Қазақстанға туристердің артатынына үміт білдірді.