Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Ашынған сала өкілдері жақын арада отандық тамақ өнеркәсібін дамытудың келешегін көріп отырған жоқ. Қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының басшысы Айжан Наурызғалиева атап өткендей, отандық қант өндірушілер ресейлік өнімдермен бәсекелестікте өнімді сата алмайды.
«Бүгінде отандық қанттың құны – 440 теңге, ал ресейлік қанттың құны 350 теңгені құрайды. Қант зауыттары қоймалары қантқа толып тұрғандықтан өндірісті тоқтатуға мәжбүр», деді ол.
Қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығы басшысының пікірін «Бөрте милка» бас директоры да қолдады. Бөкейхан Әбішевтің пікірінше, еліміз ресейлік азық-түлікке тәуелді болудың алдында тұр.
Бұл ретте сала өкілдері отандық қайта өңдеушілерді қорғауға ықпал ететін шараларды жедел қабылдау қажет деген ой тастайды. Бұл шара тиісінше республиканың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етер еді. Олардың басты уайымы – Ресей қазақстандық өндірушілерді ығыстырып, біздің нарықтағы негізгі ойыншылардың біріне айналып, 2022 жылы болғандай өз жағдайын манипуляциялай бастамай ма деген алаң.
Ресей 2022 жылдың 15 наурызынан 31 тамызына дейін ЕАЭО-ға қант жеткізуді шектеді. Сол кезде елімізде қант сатумен барлық жерде үзіліс болған еді.
«Қазір ресейлік шикі сүт отандық сүт өңдеу кәсіпорындарына қосымша құн салығы есебімен 130 теңгеден келіп түсіп жатыр. Ал біздің сүттің өзіндік құны 200 теңгені құрайды. Қазір отандық бизнес бәсекеге сай болып тұрған жоқ», деп түсіндірді «Каверина С» ЖК басшысы Сергей Каверин.
Сонымен қатар сала өкілдері сатып алу шығындарын субсидиялау қағидаларына, кәсіпорындарын мемлекеттік қолдаудың жетілмеген тетігіне қатысты да шағымдарын білдірді. Сүт одағының басшысы Владимир Кожевниковтің айтуынша, сүт өңдеу кәсіпорындарын субсидиялаудың қолданыстағы жүйесі толық қолжетімді болмайтындай етіп құрылған. Олар Сауда және интеграция министрлігінің акцизделетін тауарлар, өсімдік майы және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына таңбалауды енгізу бойынша жүргізіп жатқан жұмысы да отандық өнімнің қымбаттауына және оның бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуіне әкеледі деп санайды.
Республикалық сүтті және аралас мал тұқымдары палатасы сарапшыларының пайымынша, еліміздегі сүт өнімдерінің импортын баяғыда шектеу керек еді. Әсіресе шекаралас өңірлерде Ресей өнімдері нарықты жаулап тұр.
«Демпингтік бағамен келіп түсіп жатқан сүт өнімдері біздің нарыққа жағымсыз әсер етеді. Осыған байланысты қайта өңдеушілер сатылатын өнім құнын төмендетуге мәжбүр. Бұл өз кезегінде шикі сүтті сатып алу бағасын 20-30 пайызға төмендетуге мәжбүрлейді. Сонымен қатар қазір ресейлік өндірушілер тарапынан шикі сүтті де отандық нарықтағы бағадан төмен бағамен сатуға дайын екені туралы ұсыныстар түсіп жатыр», дейді палата мамандары.
Сарапшылардың сөзінше, қазір Ресейдегі өндіріс шамадан тыс артты және олар көршілес нарықтарға көз тіккен. Әрине, отандық фермерлердің де нарық талап етіп отырған көлемдегі өнімді ұсына алмай отырғаны белгілі. Деректерге сүйенсек, ішетін сүт қажеттілігі 94,8 пайызға өтеліп тұр. Алайда біздің өндіріс сүт өнімдері шикізат ретінде пайдаланылатын салалардың қажеттілігін қанағаттандыра алмайды. 2,2 млн тоннаны қажет ететін сүт зауыттарына небәрі 1,7 млн тонна тауарлық сүт түседі. Отандық сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі – 77 пайыз деңгейінде ғана.
Владимир Кожевниковтің түсіндіруінше, табиғи сүтті қайта өңдеу өнеркәсібінің проблемасы – техникалық регламент талаптарына жауап бере алмауында. Сондықтан өз шикізатымыздың тапшылығынан өңдеушілер арзан импорттық порошок сүтін сатып алуға, сосын одан қандай да бір сүт өнімдерін жасауға мәжбүр.
Сүт өңдеудің ресурстық базасын ұлғайту үшін Үкімет жеңілдетілген кредит есебінде 100 млрд теңге бөлуді қарастырған. 2,5 пайызбен берілетін мұндай несиеге 65 кәсіпорын ашуға болатын көрінеді. Алайда мұндай жеңілдетілген кредитті тек жеткілікті кепілі бар, ауқатты кәсіпорындар ғана ала алады.
Сондай-ақ өңдеушілер үшін өзекті мәселелердің бірі – экспорт кезінде ҚҚС қайтару екені айтылды. Сала сарапшыларының пікірінше, бүгінгі таңда экспорт кезінде ҚҚС қайтару қағидалары қайта өңдеушілердің қаржылық тұрақтылығын нашарлатады.
«Экспорттаушылар ҚҚС асып кетуін қайтаруға өтініш берген кезде салық органдары тікелей экспорттаушылардың ғана емес, бірінші-екінші және одан кейінгі деңгейдегі жеткізушілердің де бұзушылықтарын тексереді. Адал салық төлеушілер басқа адамдар үшін жауап беруге мәжбүр болады», дейді Астық өңдеушілер одағының басшысы Әлихан Талғатбек.
Осы мәселені шешу үшін қайта өңдеушілер жаңа Салық кодексін әзірлеу кезінде шикізат пен қайта өңделген өнімді экспорттау кезінде ҚҚС-ты сараланған қайтаруды енгізу мүмкіндігі мәселесін пысықтауды ұсынды.