Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Аманат
Бақтықожа зиялы ортада өсті. Әкесі Салахатдин әдебиет пәнінің мұғалімі, ал әкесінің інісі Кәмеледдин журналист болған кісілер. Анасы Әсима – аты кеңінен жайылған дәулескер күйші. Батыс Қазақстандағы күйшілік мектептің айтулы өкілдерінің бірі. 1960 жылы Ташкентте шыққан күйтабаққа Құрманғазының «Көкала аты», Динаның «Қарт жігері», Мақаштың «Байжұмасы» Әсима апамыздың тартуымен түскен. Сол күйлерді жаздыруға қозғау салып жүрген адам кәдімгі Нұрғисаның өзі көрінеді. Бұл өскен ауылдың аты – Қошалақ. Қазақтың ғажайып ақыны Жұмекеннің анасын Алматыға алдырта алмай, шарасы таусылғанда «Туған жер деп, әттең-ай, туған жер деп кетпедің. Туған жерді сен жалғыз Қошалақ құм деп пе едің?!» деп шағынатыны бар еді ғой. Сол ауыл. Көрші үйдегі Жұмекенді мұның анасы Әсима арқалап өсіріпті. «Аталған жас кезінде күйші келін, Арқалаған қазақтың Жұмекенін, Динаны көре қалған домбырашы, Анамның білсін дедім кім екенін» деп те келтірген кейін. Осындай ортадан шыққан Бақтықожа мектепте жүргенде-ақ өлең жазатын. Олары аудандық, облыстық газеттерде жарияланып тұратын. Біразы Алматыда да шыққан. Жұмыр жолдары, шымыр шумақтары табылатын.
Мектепті күміс медальмен бітірген Бақтықожа 1966 жылы Уфадағы мұнай институтына түседі. Бүкіл елдегі мұнайшы дайындайтын төрт институттың ішінен Уфаны таңдауының да себебі бар. Атасы Ізмұхамбет сонда оқыған. Әкесі Салахатдин соғыс кезінде жараланып, сол қаладағы госпитальда төрт ай жатып, жазылып шыққан. Кейін ұлының атын Салауат қоятыны – бір әулеттің үш ұрпағының жастық кешуі қалған қалаға, түркінің бас құртындай башқұрттарға құрметінің белгісі.
Студенттік шақтың алғашқы жылында оның өмірінде ерекше із қалдырған бір оқиға болады. Ол оқиға – қазақ әдебиетінің Башқұртстандағы күндері. Студент Бақтықожа Алматыдан келген қаламгерлердің жұртшылықпен кездесуіне қатысып қана қоймайды, атақты ақын Мұстай Кәрім бастаған төралқаға тілдей қағазға тілегін жолдап жүріп, балауса жырын да оқиды. «Сахнадан көңілім таудай болып шықты да, жүрегім алып-ұшып, баспалдақпен төмен түсіп келе жатыр едім, қарсы алдымнан үстіне кигені қара костюм, ақ көйлек, ұзын мойын, өңі жүдеу, шалбары қысқа, балағы тар (халықтың арасында «стиляга» аталып кеткен тар шалбар кию сән еді) жігіт ағасы ұшыраса кетті», деп жазды кейін Бақтықожа «Ақын аға аманаты» аталатын естелігінде. Ол адам кім еді дейсіз ғой? Отызында оттай жанып, ортамызды опырайтып кете барған Төлеген Айбергенов! Бұдан қайда оқитынын сұрайды. Сонда ол жаңа ғана мінберден түскен студентке не айтты дейсіз ғой? «Техникалық оқу орнында оқып жүрмін деп өлең жазуды тастама. Өлең жазған адамның жаны нәзік болады, жаны нәзік адамның ары таза болады», дейді. Бұл сөзді Бақтықожа аманаттай қабылдады. Жанын нәзік ұстауды, арын таза күтуді өмірінің қастерлі қағидаты етті. Қай белестен де ер қалпын, өр қалпын, сері салтын сақтап өтті.
Йемен
Жастайынан қиындықты көп көрді. Уфадағы оқуды аяқтап, мұнайшылық кәсіпке жаңа кірісе бергенінде, «Казнефтегазразведка» деген мекемеде қызмет етіп жүргенінде алдымен аурудан әке кетті. Әкенің қырқын берер-берместен перзент қайғысының құсасынан ата кетті. Он баланың үлкені еді. Бір інісі, сегіз қарындасы бар. Енді салмақ түгелдей өзінің иығына түсті. Жұмысты 1971 жылы бұрғышының көмекшісінен бастаған Бақтықожа мұнайшылық кәсіптің барлық сатысынан түгел өтіп шықты. Бұрғышы да, аға инженер де, отряд бастығы да, бас технолог та, экспедиция бастығы да болды, кәсіби маман басып көруге тиісті баспалдақтың бірін де қалдырмады тіпті. Еңбегі жанды. Атағы алысқа кетті, жақсы аты Мәскеуге де жетті. 1983 жылы Одақтағы білікті мұнайшылардың бірі ретінде Кеңес мұнай барлау экспедициясының аға инженері лауазымымен Йеменге жіберілді. Таяу Шығысқа аттандырылған 360 адамның ішіндегі жалғыз қазақстандық Бақтықожа екені-ақ біраз жайдан хабардар етеді, ал оған сол іріктелген топтың ішіндегі 286 коммунистің басын біріктірген партия ұйымының хатшысы міндеті қоса жүктелгені отыздың бесеуіне жаңа жеткен азаматтың қандайлық абырой арқалағанын анық аңғартады. «Кезінде біз Йемен мұнай кен орнын ашқанбыз» – осы бір сөйлемнің ар жағында өзі қара сөзбен «Шағыл құмның бұрқыраған дауылы, жылдың төрт мезгілі бойына ми қайнатар, жан шыдатпас аптап ыстығы, аңқаңды кептіретін шөл даласы» деп келтіретін, сара сөзбен «Елу күн құм тұманы хамсин деген, Шкала алпыс болып көлеңкеде, Бет күйетін лебінен қарсы келген, Он екі ай жаз тұрады шөл өлкеде» деп суреттейтін иен Йеменнің ен даласындағы төрт жылға тақау тозақы тірліктің тыныс тарылтар табы тұр. Хамсин – арабша «елу» деген сөз. Бес дастаннан құралатын кітапты «хамса» дейді ғой. Хамсин – Африканың теріскей бетінде, Таяу Шығыс елдерінде қырық градустан асқан ыстықта... елу күн бойы тынбай соғатын құм дауылының аты... Бақтықожа соған шыдас берген. Сондай сұрапыл сын сағатта сүйікті жарының жанына жалау болып осы Ырыс жеңгеміз жүрген. 1986 жылдың басында Аденде азамат соғысы басталып, айналасы тоғыз күннің ішінде 13 мыңдай адам қаза тапқанда, сөйтіп, шетелдіктер өміріне де қауіп төнгенде Йемендегі кеңес елшілігінің консулы Болатхан Тайжан мен мұнайшылар қалашығының коменданты Ырыс Тұрғарина абдырамай, аспай-саспай, біздің мамандарды бір түннің ішінде эвакуациялауды ұйымдастыра алған. Өзімен мектепте бірге оқыған, «Бір күні кетсе болып жаным пида, Жалғызымсың, жарымсың бұл пәнида. О дүниеде жүрермін сені күтіп, кластасым, ғашығым Тұрғарина» деп, фамилиясына дейін жырға қосатын асыл Ырыс – Бақтықожаның бағы да, ырысы да. Музасы да.
Дегенмен, Йемен елінде Бақтықожа Ізмұхамбетов бастан кешкен басты сынақ бұдан басқа еді. «Йемендегі ең үлкен істеген ісім, мақтаныш тұтып жүретін әрекетім 1986 жылы Желтоқсан оқиғасы кезінде болды», дейді өзі. Айтса айтатындай-ақ, мақтаныш етсе мақтаныш ететіндей-ақ іс еді онысы. Ықшамдап жазсақ, былай.
Алматының орталық алаңында ақ қарға алау жаққан орасан оқиғаның дабысы әлемге тарап кетісімен-ақ кеңестік мұнайшылар экспедициясының бастығы Александр Михайлович Рябых парторгты, яғни Бақтықожа Салахатдинұлын шақырып алып, тез арада партия жиналысын өткізуді тапсырады. Мақсат – Қазақстан астанасындағы шектен шыққан жайсыз жағдайға баға беру. Қандай баға екені белгілі ғой. Бұл: «Жиналыс өткізбеймін», дейді. Бастығы: «Неге өткізбейсіз?», дейді. Бұл: «Мәселенің мәніне қанбай тұрып, істің жай-жапсарына көз жеткізбей тұрып, ондай жиналыс өткізе алмаймын», дейді. Олай айтады – көнбейді, былай айтады – көнбейді. Амал жоқ, әңгіме жоғарыға жеткізіледі. Шатақты шаруаға енді елшілік араласады. Бұл – істің шындап қиындағанының белгісі. Шетте жүріп, тәртіпті бұзғандар 24 сағат ішінде елден шығарылуға тиісті. Партиялық жолмен жазалану, өмір бойғы мансабыңды кесу өз алдына. Қайтуға ыңғайланып, заттарын жинастыра да бастайды. Елшілікке барғанында сондағы лауазым иесі: «Партия жиналысын өткізуден бас тартып жатқаныңыз рас па?», дейді. Бұл: «Рас. Ол оқиғаның бұзақылық әрекет екеніне сенімді емеспін. Мен осы шарттағы жалғыз қазақпын. Мойныма ондай күнә арта алмаймын. Егер өзім сенімді болмасам, ондай жиналысты қалай өткіземін, өзімнің туған республикамды, өзімнің халқымды қалай сынаймын? Айып етпеңіз, мен өтірікке бармаймын», дейді. Одан әрі елшілік адамы не деді деп ойлайсыз? Орнынан тұрып, Бақтықожаға қолын береді де, «Егер осы мәселе тағы көтерілетін болса, сізді қорғамаймын. Бірақ сіздің принципіңіз бен адалдығыңыз маған ұнады. Осы беттен таймаңыз», дейді... Ақыры жиналыс шақырылмайды. Бақтықожа елде қалады, хатшылығы да сақталады. Айтқандай, арада жылдар өткенде баяғы Александр Михайлович Мәскеуде Бақтықожамен жолыққанда жанындағы адамдарға «Сол кезде бұл басын қатерге тігіп, жиналыс өткізбей, елінің, халқының намысын қорғап қалды» деген тұшымды әңгіме қозғайды.
Имашев
Йемендегі төрт жылға созылған жанкешті жұмыс Бақтықожаның үлкен өмір мектебіне, кәсіби шыңдалудың биік баспалдағына айналды. «Сол жерде жақсы қызмет атқарғаным үшін кеңес одағы елшілігінің «Алтын кітабына» үшінші болып, менің де аты-жөнім кірген еді», дейді өзі. Шарт мерзімі біткенде бұларға Мәскеуден үш бөлмелі жайлы пәтер де берілетін болды. Алайда, заман тынысын дәл аңғарған азамат елге оралуды орынды көрді. Онысы дұрыс шықты. Жас мемлекетке Бақтықожадай білікті мамандар ауадай қажет еді. Тәуелсіздік таңы атысымен-ақ институт бітіргеннен кейін табандатқан жиырма жыл бойы өндірістің қиыр-шиырын көріп, мұнайдың қыр-сырын әбден меңгерген маманның тасы өрге домалай бастады. 1991 жылы Геология және жер қойнауын қорғау министрлігінің Мұнай және газ басқармасының бастығы қызметіне шақырылғанда да, 1993 жылы алғаш құрылған «Қазақтүрікмұнайдың» бас директорлығына бекітілгенде де, кейіннен «Қазмұнайгаздың» сан түрлі басшылық қызметінде болғанда да, 2003 жылы Энергетика және минералды ресурстар бірінші вице-министрі, 2006 жылы министрі лауазымына тағайындалғанда да жанын сала жұмыс істеді. Бақтықожа Ізмұхамбетовтің ол жылдардағы тындырған тірлігінде қанша өрнектеп жазса да жететіндей өрелі өнеге баршылық. Газет мақаласында олардың арасынан кейбір қадау-қадауына ғана қадалуға мүмкіндік бар. Солардың бірі – Имашев кен орнының хикаясы.
2004 жыл. Б.Ізмұхамбетов ол кезде министрдің бірінші орынбасары. Премьер-министр шақырып алып, тапсырма береді. Айтатыны: Ресеймен шекара белгілеу барысында Имашев кен орны таласқа түсіп тұр, соны реттеуге араласу керек. Бұл Қазақстан тарапының сол мәселе жөніндегі жұмыс тобына қосылады. Имашев газ конденсаты – трансшекаралық кен орны. Шекара шектесетін тұста, Астраханнан 60 шақырым, Атыраудан 250 шақырым жерде. Ресей жағы Имашев кен орны Астрахань газ конденсатының жалғасы, мұнайының да, газының құрамы да, басқа көрсеткіштері де біздегіге сәйкес келеді деп табандап тұр екен. «Біздің үлесіміз 25 пайыздан кем болмауы керек, 30 пайыз болса, тіпті жақсы», дейді премьер. Содан жұмыс басталып кетеді. Әлі шекара толық бекітілмеген кез. Алдымен Мәскеуде төрт күн бойы келіссөз жүреді. Нәтижесіз аяқталады. Ресей жағы маңайлатпай қояды. Айтатын басты уәжі – он тоғызыншы ғасырдың басындағы карта, онда қазіргі кен орнының айналасында кілең орыс деревнялары көрсетілген. Бақтықожа ол жердегі алғашқы барлау жұмысын Каспий маңы бұрғылау экспедициясы жүргізгенін көлденең тартады. Ресейліктер оған да қыңа қоймайды. Ырғасып-ырғасып, ақыры келіссөздің екінші раунды да нәтижесіз аяқталады. 2005 жыл да келеді. Ақпанның басында келіссөздің үшінші раунды басталады. Бұл жолы Бақтықожа Ізмұхамбетов Имашев кен орнының қай елдің балансында екенінің басын ашып алуды сұрайды, екі елдің архивтерін көтеруді ұсынады, бір кен орнының екі елдің балансында қатар тұрмайтынын айтады. Мұнысы даудың соңына сақтаған басты «көзірі» болатын. Ресей жағының Имашев бұрынғы Қазақстанның балансында екенін растаудан басқа амалы қалмайды. «Біздің енді сөйлейтін сөзіміз де, қоятын сұрағымыз да жоқ. Бұл мәселе дұрыс шешілмесе, халықаралық арбитражға жүгінеміз», дейді сонда Бақтықожа Салахатдинұлы. Ресей жағы тайм-аут сұрайды... Үзілістен кейін өздері де, сөздері де өзгеріп шыға келеді – кен орны өнімінің 40 пайызы Қазақстанға, 60 пайызы Ресейге тиесілі болсын деген ұсыныс айтады. Біздің тарап бұған келіспейді. Енді Қазақстанға 49 пайыз, Ресейге 51 пайыз тисін делінеді. Бұған да келісім берілмейді. Ақыр аяғында кен орнын тең (50:50) бөлуге уағда жасалады. Даулы жердің шекара сызығы да кен орнының дәл ортасындағы №1 ұңғының төбесі арқылы тартылады. О баста әрі десе 30 пайызға қол жеткізуді межелеп барған қазақстандық тарап үшін бұл тамаша табыс еді. «Ол кен орнының 130 миллиард текшеметр газы, 70 миллион тонна мұнайы бар, ал оның құрамындағы күкіртті сутек 20 пайызға жетеді. Оны өңдеу үшін арнайы зауыт қажет. Бізге ең тиімдісі осы мақсат үшін Астрахань зауытын пайдалану болатын», дейді Бақтықожа Салахатдинұлы. Бұл сөздің мәнісін түсіну үшін тәуелсіздіктің 32 жылында біздің бірде-бір жаңа мұнай өңдеу зауытын сала алмағанымызды еске салудың өзі жетіп жатыр...
Министр кезінде Ресей Газпромының бастығы Алексей Миллермен айтысып-тартысып жүріп, Қазақстан газының текше метрінің сатылу бағасын әуелдегі 65 АҚШ долларынан 145 долларға көтергенінен еліміз қаншалықты пайдаға кенелгенін өзіңіз шамалай беріңіз. Жалпы, газдың сатылу бағасын көтеруін көтергенмен, Б.Ізмұхамбетов түптің түбінде газ экспортын бірте-бірте азайтуды жақтап отырған. Оңтүстік өңірлерді газдандыру бастамасын көтеріп қана қоймай, соның нақты да тиімді жолын әу баста ел басшылығына ұсынған Бақтықожа Салахатдинұлы болатын. Ол кезде көршілерден келетін газдың қыс түсісімен үздік-создық жетуі кәдуілгі жайға айналып бара жатқан еді. Министр «Орта Азия – Орталық», «Бұхара-Орал» газ құбырларының арасын қосу арқылы елдің оңтүстігіне (Қызылорда, Шымкент, Жамбыл, Алматы, Талдықорған) газ құбырын тарту идеясын ұсынды. Қосымша газды Қарашығанақтың есебінен толтырайық, Теңіз жобасын игеруді тездетіп, отандық газ көлемін көбейтейік деді. Идея айтылуын айтылғанмен, оның жүзеге асуы талай жылға созылды, әр үкіметтің тұсында неше түрлі жаяу көкпардың тартқылауына да түсті, елдің қаржылық мүмкіндігі де келе қоймады. Әйткенмен, түптің түбінде үлкен жобалардың газы оңтүстікке бет алды. Ақыр аяғында, міне, «Сарыарқа» құбыры төселіп, Қызылорда жақтан тартылған газ жақында Астанаға жетіп отыр. Қаланың шеткі жақтарына қазірдің өзінде газ келіп қалды. Осының бәрінің арғы түбінде кезінде ортаға салынған өміршең ойдың сілемі жатыр.
Әкім
Бақтықожа Ізмұхамбетов Батыс Қазақстан, Атырау облыстарының әкімі қызметтерін атқарған тұста өңір жұртшылығы аймақты бұрынғы энергетика және минералдық ресурстар министрі басқарғанының пайдасын көрудей-ақ көрді. Штаб-пәтері Лондонда орналасқан Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен орнын игеретін шетелдік компаниялар альянсының біріккен басқару комитетінің мүшесі болу арқылы-ақ ол өзі басқарған облыстарға орасан олжа сала алды. Жаңағы комитетте мүшелер арасынан бір адам қарсылық білдірсе-ақ, кез келген шешім қабылданбай қала береді екен. Сол мүмкіндікті әкім қалт жібермей отырған. Қазақ жерінің қазынасынан қыруар пайда тауып жүргендердің қазақ еліне қамқорлықпен қарауына, қомақты қарайласуына қол жеткізген. Бір сұхбатында «Жаңа жылдың алдында Лондонға барып қайттым, сонда биыл біздің облысқа ойластырылған 10 миллион доллардың орнына 20 миллион доллар беретін болып уағдаласудың сәті түсті. Оның 10 миллионы Ақсай қаласының әлеуметтік нысандарын салуға жұмсалады, ал қалған 10 миллион долларды облыстың оңтүстіктегі аудандарын газдандыруға саламыз», дейді. Қосымша 10 миллион доллар! Бұл – 2008 жылғы әңгімесі. Ал енді 2010 жылғы әңгімесіне қараңыз: «Сол кезде Батыс Қазақстан облысының елді мекендерінің газдандырылу деңгейі небәрі 27 пайыз еді. Ал қазір бұл көрсеткіш 70 пайыздан асып кетті. Газдандыруға 14 миллиард теңгедей қаржы жұмсалды, республикалық бюджеттен біз соның бір миллиард теңгесін ғана алдық»... Сонда бас-аяғы үш жылдың ішінде бюджеттен тыс көздерден тек осы бір саланың өзіне қосымша 13 миллиард теңге тапқан болып тұр ғой! Жалпы, Б.Ізмұхамбетов Батыс Қазақстан облысын басқарған төрт жарым жылдың ішінде өңірде 1200 шақырымға газ құбыры тартылған, газбен қамту 90 пайыздан асқан екен. 2011 жылғы алапат су тасқынының зардабы сол күзге жетпей-ақ жойылды: ұзын саны 600 үй, мектеп, балабақша салынды, 1200 үйге жөндеу жүргізілді. Атырауда да жалғасты мұндай игі істер. Облыс орталығынан 400 шақырым жердегі Азғыр полигоны маңындағы ауылдарға дейін газ жеткізілді. 170 шақырымдағы Индерге дейін тас жол төселді. Махамбетте көпір салынды. Басқа жақсы шаруалары да жетіп жатыр.
Ақын
«Бәкеңнің тамаша домбырашы, әсерлі гитарист, сезімтал ақын екенін біреу білсе, біреу біле бермес», деп жазады бір жинақтағы шағын алғы сөзінде Қуаныш Сұлтанов. Біз білеміз. Домбырашылығына, гитаристігіне тоқталып жататын жағдай жоқ, тек ақындығына аздап аялдайық.
Сөз басында Төлеген ақынның аманатын ауызға алып едік қой. Иә, Бақтықожа ақын болу міндет еместігін, ал азамат болу парыз екенін ерте ұғынды. Жанын, арын сақтады. Таза жүрді, таза тұрды. Бар ойлағаны артылған сенімді ақтау, қолдан келгенінше адамға жақсылық жасау болды. Бірақ бәрібір жыр жазбай тұра алмады. Ауылға барып, түнге қарай тым-тырыс тылсымның құшағына енсе, көз алдындағы көрініске қарап отырып, «Күн кешкіріп, түн оралып қайтадан, Дүние тыныш, мен де, міне, жай табам. Тек аналар бітпей ісі жүр әлі, Бірі ас үйде, бірі бесік шайқаған» деген сияқты шумақтарды қағазға түсіре салатын. Өзен жағасында айдынды ағысқа сүйсіне тұрып, «Ақ Жайық, арна Жайық, ару Жайық, Жүздірген Сарайшықта алтын қайық» деген жұмыр жолдар ойына келе қалатын, блокнотын ашып, қолына қалам алатын: «Желкілдейді жағада жасыл желек, көк тоғай, Жымың қағып жұлдыздар, жарқырайды көктегі ай. Ақ айдынын жел сүйіп, толқын ойнап бетінде, Ағады Жайық тоқтамай».
Кейінгі жылдары Бақтықожа өлеңді өндірте жаза бастады. Бірнеше жинағы жарық көрді. Бақтықожа жырларына Ілия Жақанов, Елена Әбдіхалықова, Заттыбек Көпбосынұлы жазған әдемі әндер сахнада, экранда, эфирде орындалып, көп көңілінен шығып жүр. Әншінің төресіндей Жұбаныш бауырымызға қосылып, дастарқан басында «Достар-ау, достар, күй-көмей, Күндер де зулар күймедей. Үзіліп түскен түймедей, Жүрсеңдер екен сиремей» деп үздігіп жатамыз.
2020 жылдың соңында Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Бақтықожа Ізмұхамбетовтің «Қоршаса ойлар...» атты екінші жинағының тұсаукесері өткізілген. Сонда былай деген екенбіз: «Бұл кісі қай істің соңына түссе, сол істің шыңына шығып отырған. Мұнайшы ретінде де биікке жетті. Министр болды. Мемлекеттік қызметкер ретінде де биікке жетті. Әкім болды. Облыстарды басқарды. Депутат ретінде де биікке жетті. Мәжіліс төрағасы болды. Оны айтасыз, тіпті ардагер ретінде де биікке жетіп, Қазақстандағы барша ардагердің жетекшісі болып отыр. Қай салаға салса да Бақтықожа Салахатдинұлы қолға алған ісін жеріне жеткізбей тынбайды. Міне, өлеңді біраз жыл тұмшалап ұстап, өзі айтқандай, жас буын жырлары жастықта тұншығып келіп, енді қайтадан шындап қолға алып жатыр. Әлі-ақ Бақтықожаның өлең әлемі әдемі қалыптасады деп ойлаймын». Сол айтқанымыз келе де бастағандай. Жан досы Мереке Құлкенов қыздың жиған жүгіндей етіп, бірінен бірін өткізіп, бастырып беріп жүрген өлең кітаптарына қазақ жырының Темірхан Медетбек, Ғалым Жайлыбай, Бауыржан Жақып сынды талғампаз да талапшыл таланттары айшықты алғы сөз жазып, шығармашылығын жоғары бағалап жүр.
Қазақта азаматқа берілетін бағаның түрі аз емес. Соның бірі – Ер деген сөз. Тағдырдың тауқыметін ерте тартса да, ғұмыр бойы білім-білігімен, ерік-жігерімен, қайрат-қабілетімен бір биіктен бір биікке өрлеумен жүрген, қай кезде де кісілік қасиетімен, мәрт мінезімен жарқылдап көрінген, қай жерде де тек ірі ісін көрсетіп, қай шаруада да тек ізгі ізін қалдырып келе жатқан Бақтықожа бауырымыз Ер деп ерекше атауға әбден лайықты тұлға. Оның өмірі – елге еңбек етудің, елдікке қызмет жасаудың үйренерлік үлгісі.
Бұл айтқанымызға тағы бір тиянақ керек пе? Мінекиіңіз. Бақтықожа Ізмұхамбетов – 2015-2023 жылдар аралығында жарық көрген «Қазақстандық қаһарман майдангерлер» атты кітаптар сериясын шығарушы топтың жетекшісі. Бұл топтың жұмысы сонау 1995 жылдан бері жалғасып келе жатыр. Ал енді ол топтаманың қанша томнан тұратынын білгіңіз келе ме? Айтайық. 56 томнан тұрады. Е-лу ал-ты том!.. Солай.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ