– Сәуле Жәдігерқызы, сіз жоғары бәсекеге сай оқу орындардың қажеттілігі туралы айтудай-ақ айтып келесіз. Ол туралы тамыз кеңесінде сөйлеген сөзіңізде де айттыңыз...
– Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қуатты өңірлер – қуатты ел» деп саяси бағытты нақты белгіледі. Осы орайда айта кетсем, Шығыс Қазақстан –өндірісті өңір. Мұнда тау-кен металлургия өнеркәсібі, энергетика, машина жасау сынды өндіріс орындары жетерлік. Соған қарай 65 жыл ішіндегі оқу орнының басты міндеті – өндіріске қажетті мамандарды даярлау болды. Кеңес үкіметі кезінде жоғары оқу орындарының түлектерін аймақтарға жіберіп, кәсіпорындардағы кадр мәселесін шешіп отырған. Қазір ол жүйе жоқ. Талапкерлер Алматы мен Астананың жоғары оқу орындарына түседі, сонда оқиды, жұмысқа қалады. Соның салдарынан мегаполистерде жатақхана тапшылығы туындап, түлектер мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмай жатады. Мәселен, мемлекет инженер-металлургтерді даярлауға қаражат жұмсап, келешекте Шығыс Қазақстанда жұмыс істейді деп сенім артқанымен, олар басқа жақтарға кетіп қалады. Сондықтан ірі өндіріс ошақтары орналасқан жерлерде техник мамандар даярлауды күшейте түсу керек. Бұл тәсіл Батыста қолданылады. Сонымен қатар жергілікті жері бойынша оқуға түскен түлек университетке табыс әкеліп, оқу орнының инфрақұрылымын жаңартуға, ғылымға инвестиция салуға мүмкіндік береді. Мысалы, біздің оқу орнымызға шетелдік білікті мамандар, ғалымдар тартылған. Идеялары тың студенттер де баршылық. Оның бәрі облыс экономикасына айтарлықтай үлес қосады.
– Ғылым және жоғары білім министрлігінен қандай қолдау көріп отырсыздар?
– Көрсетіліп отырған қолдау өте үлкен. Ведомство бір жыл бұрын ғана құрылса да, қыруар шаруа тындырды. Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Оны әзірлеуге еліміздегі университеттердің өкілдері түгелдей дерлік қатысып, өз пікірлерін білдірген. Айта кетерлігі, ол тұжырымдамада аймақтарға баса назар аударылды. Сонымен қатар ғылымды қаржыландыру көлемі өсті. Техникалық бағыттар бойынша мемлекеттік тапсырыс 60 пайызға дейін ұлғайды. Биыл алғаш рет квоталау енгізіліп, инженерлік мамандықтарға гранттардың 10 пайызы бөлінді. Біздің университет квота бойынша 102 студентті қабылдады. Ғылымның бюджеті үш есе өсіп, біздің университетте оның үлесі 28 пайызға жетті. Бұл – әлемдік деңгей. Сөйтіп, жалпы сомасы 4,5 млрд теңгеге өтінім бердік. Яғни біздің ғылымда нақты экономикалық пайда әкелетіндей көптеген қолданбалы зерттеу жүргізуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ тау-кен металлургиялық компанияларымен бірге 20 ғылыми-зерттеу, конструкторлық жұмыстарды жоспарладық. Кәсіпорындарға көмектесу үшін «Smart Engineering» құзыреттілік орталығы жұмыс істеп тұр. Өткен оқу жылы университет үшін серпінді жыл болды. Университет QS агенттігінің ең көп келтірілген академиялық рейтингінде әлемдегі ең үздік 950 университеттің қатарына кірді. Үздік 50 көрсеткіш бойынша жетістіктерді ескеретін «QS Stars» халықаралық рейтингінде университет «4 жұлдыз», ал дайындық, жұмысқа орналасу және тұрақты даму санаттарында «5 жұлдыз» бағасына ие болды. Ал тұрақты даму қағидаттарын ұстанушы ретінде оқу орнымыз «The Times Higher Education Impact» рейтингіне алғаш рет кірді. Энергия үнемдеу, көміртегі бейтараптығы және газдар шығарындыларын азайту саласындағы жобалар жоғары бағаға ие болды: университет әлемдегі ТОП-850 және еліміздегі ТОП-2 қатарына енді. Әлемдегі ең «жасыл университеттер» клубында біз республикада абсолютті көшбасшы бола отырып, 105-ші орынды иелендік. Тағы бір жетістік, ШҚТУ Орталық Азияда бірінші болып CDIO (conceive, design, implement, operate) бастамасына толыққанды мүше болды. Бұл әзірлеген инженерлік кадрларды тәжірибеге бағытталған оқыту стандарттары. Олардың негізінде қазір инженерлік білім берудің ұлттық моделі құрылып жатыр. Егер осы бағытта жұмысты әрі қарай жалғастырсақ, өңірлік жоғары оқу орындарын нығайту, материалдық-техникалық базаны жаңартуға көмектесу, оларды ғылыми орталықтарға айналдыруға болар еді. Нәтижесінде, елімізде ғылым саласы келесі белестерді бағындырады.
– Тамыз форумында сіз бейінді министрліктің жұмысындағы жүйелілікті атап өттіңіз. Соған кеңірек тоқталсаңыз...
– Жыл бойы басқа елдердің академиялық қауымдастығымен бірқатар кездесу өтіп, министр Саясат Нұрбек еліміздің жоғары оқу орындарының әлеуеті туралы егжей-тегжей айтып берді. Бүгінгі таңда олар бізбен ынтымақтаса жұмыс істеуге ниет білдіріп отыр. Шетелдік жетекші университеттердің төрт филиалы ашылды. Бұрын филиал ашу үшін қағаз жұмысы көп еді. Сондықтан басталған жұмыс соңына дейін жетпей қалып жататын. Қазір көптеген нормативтік құжат жеңілдетіліп, министрліктің құзыретіне берілді. Бір сөзбен айтсақ, даму үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Айта кетейін, аз уақыттағы үлкен еңбектің нәтижесінде Қытайдан келген серіктестермен бірге Лу Бан шеберханасын ашуға дайындалып жатырмыз. Өздеріңіз білесіздер, әлемде электромобильге көшу жүріп жатыр. Шығарылатын әрбір алтыншы көліктің электр қозғалтқышы бар. Біздің көз алдымызда жаңа сала пайда болып отыр. Одан еліміз шет қалмауға тиіс. Қытайлық серіктестер бізге жалпы құны 1 млн доллардан асатын мамандандырылған оқу жабдықтарын жеткізеді. 15 оқытушымыз Тяньзинь университетінде оқыды. Биылғы оқу жылынан бастап жаңа жабдықтарда, соның ішінде елордалық компаниялар үшін мамандар даярлауды бастаймыз. Жоспар бойынша аккумуляторлық батареяларға арналған жаңа буын материалдарын әзірлеу жөніндегі ғылыми орталық құруымыз керек. Ынтымақтастық болған кезде сапа да артады.
– Қомақты бюджеті бар министрлік өкілдері мега жобалар туралы жиі айтып жүр. Оның маңыздылығы қандай?
– Бұрын әр университет өз қазанында қайнап жатқан. Барлығы өздерінің жергілікті жобалары үшін шағын жабдықтар сатып алып жатты. Ал заманауи құрылғылар, машиналар, жабдықтар өте қымбат. Демек мега жобалар университеттерді бірлесе жұмыс істеуге бағыттайды. Саясат Нұрбек ұсынған мега жобалар идеясы жоғары оқу орындарына консорциумдар құруға мүмкіндік береді. Біз қазір Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетімен бірлесіп, «Smart Cities» немесе «ақылды қалалардың» үлкен жобасын жасап жатырмыз. Ол қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Гумилев атындағы Еуразия университетімен бірге құрылыс саласындағы инновациялық технологиялар жобасына өтінім бердік. Сонымен қатар ШҚТУ «Эразмус» конкурсының қорытындысы бойынша «Дөңгелек экономика және тұрақты даму саласындағы инновациялық оқу бағдарламалары мен модульдерін әзірлеу» жобасымен грантұстаушы болды. ШҚТУ алғашқы қазақстандық университеттер қатарында өз еліміз бен Испания, Италия, Германия, Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстаннан келген 14 жоғары оқу орны өкілдерінің қатысуымен ірі жобаның үйлестірушісі ретінде де танылды. Бұл да – Ғылым және жоғары білім министрлігінің жүйелі тәсілінің нәтижесі. Яғни еуропалық серіктестер бізге сенетіндерін көрсетті. Қазір университет командасы медициналық технопарк құруды да ойластырып жатыр.
– Медицина саласы аса өзекті. Сондықтан да көпшілік қызығушылық танытуы мүмкін. Медициналық технопарк туралы тарқатып айтып бере аласыз ба?
– ШҚТУ медициналық импланттар жобасы бойынша бірнеше жыл жұмыс істеді. Әрине, біз идеяның толықтай жүзеге асуын қалаймыз. Медицина – стратегиялық бағыт. Адам кез келген жағдайда өз елінде қажетті медициналық көмек ала алатынына сенімді болуы керек. Ал еліміздегі тірек-қимыл аппаратының аурулары жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейінгі екінші орында екен. Жыл сайын ортопедия мен травматологиядағы импланттардың қажеттілігі 250 млн долларға бағаланады. Мұндай өнімдер импортының үлесі бүгінде 94 пайызға тең. Демек мемлекет бюджетіне қымбатқа соғады. Ол үшін қаншама пациент кезекте тұр. Біз Ұлттық нейрохирургия орталығымен, Травматология және ортопедия ғылыми орталығымен, Семей медицина университетімен бірге 20-дан астам қолданбалы жобаны жүзеге асырдық. Медициналық импланттарды өндіру үшін толық циклді тәжірибелік-өнеркәсіптік учаске жұмыс істейді. Бүгінде «Медициналық инжиниринг, медициналық техника» білім беру бағдарламасы әзірленді. Жоғары білікті ғалымдар мен инженерлер тобы құрылды. Университет ғылымы технологияны ұсынуға, қажетті құжаттаманы, бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеуге арналған. Өндірісті жолға қоюды кез келген компанияға дайын өнім түрінде береміз. Яғни жағдай жасауға әзірміз. Біз медициналық технопаркті іске асырудың тұжырымдамасы мен жоспарын әзірлеп қойдық. Алдын ала болжағанымыздай, оның ауданы 5 мың шаршы метрді құрайды. Негізгі міндет – травматология, ортопедия және нейрохирургия саласында медициналық бұйымдар мен технологияларды әзірлеу, оларды қолданысқа енгізу. Университет импланттарды одан әрі экспорттауды да көздеп отыр.
– Иә, ғылым саласында дамудың барын байқап отырмыз. Жұмыс жалғаса беретіні анық. Ал университеттің болашағын қалай елестетесіз?
– Заман талабына қарай академиялық білім беру университеттерінің уақыты өтті. Бүгінгі таңда техникалық университеттер өңір экономикасын дамытуда маңызды рөл атқарады. Олар кәсіпорындарды білікті кадрлармен қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен қатар технологиялар, материалдар, бағдарламалар, әртараптандыру әдістері бойынша оң шешімдер ұсына алады. Біз ақпараттық технологиялар саласындағы жобалар үшін арнайы «Oskemen it hub» аштық. Біздің ғылыми кадрлар жергілікті атқарушы билікпен бірлесіп, коммуналдық шаруашылық, инфрақұрылымды жоспарлау және басқа салаларда шешімдерді табуға көмектеседі. Біз өз миссиямызды еліміздің шығысындағы ғалымдар мен жастарды тартатын орынға айналу, ғылыми әзірлемелер жасау деп санаймыз. Ол үшін барлық жағдай бар.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»