Мектеп • 02 Қыркүйек, 2023

Қосшыдағы гимназия

301 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қосшы қаласында жаңа мектеп-гимназияның салтанатты ашы­луы өтті. Білім ошағы қаланың жаңа ауданында салынды.

Қосшыдағы гимназия

Жаңа оқу жылынан бастап 2,5 мыңнан астам оқушы қазақ және орыс тілдерінде тәлім-тәрбие алатын болады. Жан жа­дыратар жаңа жоба Болат Өте­мұратов қорының жеке ин­вес­тициясы есебінен жүзе­ге асырылып, қаланың білім қо­­ры­на берілді. Салтанатты жиын­­ға Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, облыс әкімі Ермек Маржықпаев, «Верный Капитал» инвестициялық то­бының бас директоры Ерлан Оспанов, Болат Өтемұратов қо­ры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алмаз Шарман, ата-аналар мен оқушылар қа­тысты. Ақ түйенің қарны жарылған қуа­нышты сәтте жүздері жадыра­ған ата-аналар бір-бірін құттық­тап, мейі­рімділік мекенінің жұмысына сәт­тілік тіледі. Об­лыс әкімі құт­тықтау сөзінде бі­лім сала­сындағы түйткілді мәсе­лелердің біртіндеп шешіліп келе жат­қандығын айтып өтті.

– Қосшы қаласында тұрғын­дардың көбеюіне байланысты мектептерде үш ауысымды оқы­ту жүйесі болды. Жаңа мек­тептің пайдалануға берілуі осы бір күрделі мәселені то­лығымен шешіп отыр, – деді Ермек Мар­жықпаев.

Сыңғырлаған мектеп үйінің бар салтанаты жарқырай көр­сетілді. Бүгінгі заманның талабына толық жауап беретін материалдық-техникалық базамен толайым қамтамасыз етілген. Үш қабатты білім оша­ғында 56 оқу және 19 арнайы кабинет бар. Сондай-ақ екі спорт залы, кең де жарық асха­на­сы, қажетті медициналық құ­ралдармен жабдықталған медицина кабинеті орналасқан.

Көп қуанышы еселене түс­ті. Атал­ған қалада тағы бір мектеп­тің ашылу салтанаты өткізіл­ді. Сөз ара­сында облыстың бі­лім саласын дамытуға 220 млрд тең­ге бөлінгенін айта кете­лік. Жаңа оқу жылында төрт мың орындық 6 білім оша­ғы ашылып отыр. Сондай-ақ жыл соңына дейін 1 800 орын­дық қосымша 8 білім беру мекемесін ашу жос­пар­лан­ған. Бір қуаныштысы, білім беру нысандарын жаң­ғыр­ту аясында қауіпсіз ортаны қам­тамасыз ету, жиһаз бен кітапха­на қорын молықтыру мәсе­лелері шешіліп жатыр. Жаңа мектептерді пайдалануға берумен қатар, бұрынғы мектептер де жөндеуден өткізілу үстінде. Мәселен, кейінгі екі жылда облыстың 200 білім беру меке­месін жөндеуге 12 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді.

Осының барлығы мейірім­ділік мекендерінің жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруіне кең жол ашпақ. Жаңаша түлеген, өзгеше салтанатты кейіп­ке енген білім ошақтары болашақтың сара жолын оңы­нан түзуге тиісті.

 

Ақмола облысы